• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Ақпан, 2022

Кеден, кедергі неден?

633 рет
көрсетілді

Еліміздің Шығыс қақпасындағы «Қорғас» халықаралық сауда-ынтымақтастығы орталығының дәл қазіргі күйі көнеден айтылып жүрген «Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» деген бірауыз сөзге сыйып тұрғандай.

Бұл «Қорғас» – Қытай халық республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны шегендеп тұрған ірі қауіпсіздік құрылымы ғана емес, қос елге ортақ сауда-саттық мүддесіне қызмет ететін ерекше экономикалық аймақ. Кеденге мұндай мәртебе беру туралы сөз алғаш рет 2003 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық байланыстарға сәйкес көтерілігенімен, үкіметаралық келісімдердің нәтижесін көру 2016 жылдың күзінде ғана мүмкін болып еді. Осы жылы 18 тамызда көрші елдің «Синьхуа» ақпарат агентігі «Қытай мен Қазақстан арасындағы алғашқы траншекаралық еркін сауда аймағы ашылды» деп жаһанға жария еткен болатын. Осылайша, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы ашылып, бұл жағдай еліміздегі кедендік бақылау жүйесі мен қызмет көрсетудің деңгейін бір сатыға жоғарлатқан да еді. Трансшекаралық аймақтың Қытайға тиісті бөлігі 3,43 шаршы шақырымды құраса, Қазақстан жағындағы аумақ 1,85 шаршы шақырым шамасындағы жерге орналасты.

Жалпы, «Қорғастың» тың бағытта жұмыс істеуі шынымен әлемдік тауар транзиті мен логистика саласына жаңа бетбұрыс әкелді. Мұны батыс Қытай мен батыс Еуропа елі арасындағы тауар тасымалдау мерзімінің айтарлықтай қысқаруынан байқауға болады. Оның үстіне, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығының ашылуы елімізге әлемнің логистикалық картасынан ойып тұрып орын алуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде шығыстағы қоңсымыздың экономикалық қуаты мен өндірістік лидерлігі арқасында құрлықтардың назары Қазақстанға да ауып тұр. Әсіресе, Еуропа елдері Қытайда жасалған өнім түрлеріне қол жеткізуге мүдделі. Бұған дейін теңіз айлақтары арқылы су жолымен немесе әуе тасымалымен жеткізілетін жүкке «Қорғастан» жаңа жол ашылды. Мысалға, Қытайдың батыс қақпасынан аттанған жүк су жолы арқылы Еуропаның орталығына жеткенше 40 тәулікке дейін уақыт жоғалтады екен. Ал біздің кеденнен өткеннен кейінгі батыс қытайдағы Ляньюньганнан Санкт-Петерборға дейінгі темір жол транзитінің жалпы уақыты 10 -13 күнге дейін, ал Ляньюньганнан Ыстанбұлға дейін 20-23 күнге қысқарыпты. Немесе дәл осы жүкті ұшақ арқылы тасымалдау су жолына қарағанда 10 есеге қымбатқа түсетін көрінеді. Яғни, Қорғастағы құрғақ порт жобасының іске қосылуы кәрі құрлыққа бағытталған жүк керуенін 15 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік береді. Қытай елінің 2020 жылғы ресми статистикасына жүгінсек, Бейжің мен Еуроодақ бағытындағы контейнерлік жүк көліктерінің саны 5000  бірлікке жеткен-мыс. Яғни, бұл еліміздің Шығыс қақпасы арқылы жөнелтілген жүк көлемі. Бұл отандық көлік транзиті мен логистика саласына, оның ішінде теміржол бойымен тасымалданатын жүк көлемінің артуына оң ықпал еткені анық.

Алайда, осы қызмет көрсету бойынша еліміздің қоржынына қанша қаржы құйылғаны туралы нақты дерек жоқ. Оның бір ұшын елдегі кеден бекеттеріндегі қызмет көрсету бойынша ақпараттардың жабық сақталатындығынан іздеу керек сияқты. Екінші жағынан алғанда, кедендегі кедергі мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты алып-қашпа сөздердің көп айтылуына да дәл осы нақты ақпараттың болмауы кері әсерін тигізіп келді. Бұл өз кезегінде кеден маңындағы нақты ақша айналымына жемтік көрген құзғындай ұмтылған түрлі топтардың пайда болуына жол ашқаны анық. Жақында аталған «Қорғас» кеден бекетін жайлаған тәртіпсіздік пен жемқорлықтың адам төзгісіз жағдайға жеткенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашық айтып, құзырлы органдарға тиісті тексеру жүргізуді тапсырған болатын. Бүгінде еркін экономикалық аймақта арнайы комиссия тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Анықталған, беті ашылған қылмыстардың саны жыртылып айырылады екен. Нақты дерек пен ақпарат тексеру толық аяқталғасын жария болатыны анық, әзірге белгісі сауда-саттық айналымынан заңсыз пайда көріп отырған ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесіліп, кеден айналымындағы ақша ағынына мемлекеттік бақылау жүзеге асқан. Яғни, мүдделі топтардың қолымен жасалып отырған қылмыстық әрекет тоқтады. Осы орайда аймаққа арнайы келген Қаржы министрі Е. Жамаубаев сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен кездесіп, мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшыларымен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және бизнес өкілдерімен жұмыс кеңесін өткізген болатын.

– Мемлекет енді сыртқы экономикалық қызметті жүргізуге ашық және тең жағдай жасайды. Бұл ретте, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін, электрондық шот-фактуралардың мониторингі және басқа фискалдық құралдарды пайдалану арқылы бизнестің заңсыз әрекеттеріне қатаң шаралар қолданылатын болады. Бір күндік фирмалар, жалған декларациялар және басқа да осындай «ойындар» өткеннің еншісінде қалуы тиіс. Өз кезегінде біз тиісті кадрлық шешімдер қабылдадық, – деген-ді министр мырза.

Жасырып-жабары жоқ, еліміздің кеден саласын жемқорлық әбден жайлағаны қазір ашық айтылып жатыр. Дерекке жүгінсек, тұтас шекара бойында 49 кедендік өткізу-тексеру бекеті болса, олардың барлығында дерлік сыйбайлыстық қылмысының тәуекелдері анықталған екен. Өкінішке қарай, бұл отандық кеден және көліктік бақылау саласы бойынша транзиттік әлеуеттен түсетін қомақты қаржының ел қазынасына құйылуына кедергі болып отыр. Айтпақшы, бұл түйткілді шешу Қаржы министрлігінің тікелей міндеті екенін күні кеше ел Президенті тағы да еске салды.   

– Кеден саласындағы мәселелерге бөлек тоқталайын. Мен бұған дейін кеденнен түсетін табысты арттыру туралы бірнеше рет тапсырма бердім. Ондағы көлеңкелі айналымның ауқымы орасан зор. Қаржы министрлігі бұл бағытта нақты жұмыс атқаруда. Электронды декларация және тәуекелдерді б лвяасқару жүйесін енгізіп, түрлі ақпараттық базаларды біріктіріп жатыр. Құқық қорғау органдары кеденнің төңірегіндегі қылмыстық топтарды анықтап, тергеу жүргізуде. Дегенмен, бұл жұмыс нәтиже бермей отыр.  Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмады. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы  жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған, – деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде.

«Қорғастың» қызметіне қайта оралайық. Былтыр аймақтағы сыртқы сауда нарығына 7241 тұлға қатысып, Қытайдан тауар импорттауға қол жеткізіпті. Оның ішінде 17 тұлғаның арнайы экономикалық аймақ аумағында тұрақты жұмыс істеуге, тиісінше жеңілдіктер алуға құқы бар екен. Өкіншітісі, олардың сауда айналымындағы үлесі 18 пайыз ғана екен. Бұдан елге кірген тауардан түскен пайданың осынша бөлігі ғана ресми кріске алынуы мүмкін деген жорамал жасауға болады. Ал тасымалдау қызметін жүзеге асыруға 5 жеке оператор құқылы болса, тағы екі құрылымы квазимемлекеттік сектордың өкілі екен. Бұл санатта «Қазпошта» АҚ мен  KTZ Express тасымал компаниясы бар. Ал «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығының арнайы статусына сәйкес, аумақта қызмет көрсеттеін компанияларға салық жеңілдігі мен басқа да міндетті бюджет төлемдерінен босату мәртебесі қолданылады. Кіріс комитетінің дерегі бойынша арнайы экономикалық аймақ құрылғалы бері республикалық бюджетке 1 147 426 611 теңге салық төленген. Ал жергілікті қазынаға 976 542 820,3 теңге кіріс кірген. Дегенмен, кеденнен түсетін қаржылай табыс туралы егжей-тегжейлі ақпарат бәрібір қол жетімсіз күйде қалып отыр. Бір анығы, қазір кеден маңындағы ауылдардың тұрғындары үшін қолайлы ахуал қалыптасып келеді. Оған Алматы облысы, Панфилов ауданының шекара бойындағы ауыл тұрғындарының сөзі дәлел. Тұрғындар қазір «Қорғас» орталығы мен «Нұр Жолы» кеден бекеттері аумағында шағын кәсіптерін дөңгелете бастаған. Демек, кеден қызметінің ашық та таза болуы елдегі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп қана қоймай, адамдардың әл-қуатының жақсаруына да тікелей ықпал ететіні анық.