Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі Жобалық кеңсенің кадрлық құрамы күшейтілді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия Президент Жарлығымен 2020 жылғы 24 қарашада құрылды. Өткен жылы ауқымды ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі санаттарын жан-жақты зерттеу мақсатында тақырыптық бағыттары бойынша мақсатты топтардан құралған 10 Жұмысшы тобы, 17 Аймақтық комиссия құрылды, әдістеме әзірленді, осыған дейін жабық болған қорлар мен материалдар ашылып, көптеген істер атқарылды. 2021 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша ұйымдастырушылық-іздестіру кезеңі аяқталды.
Екінші кезеңде жинақталған және келіп түсіп жатқан материалдарды, архивтерді және құқыққорғау органдары мен аймақтық комиссиялар жинаған тәжірибелерді сұрыптау, талдау үшін білікті мамандар мен ғалымдар қажет болады. Сәйкесінше, бұл кезеңде жинақталған материалдарды зерттеу мен жүйелеу бойынша терең талдау жұмыстарын жүргізу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Жобалық кеңсенің қызметкерлерінен белсенділікті, осыған сай дағдылар мен біліктілікті талап етеді.
Мемлекет басшысының Жарлығын орындау мақсатында Премьер-Министр 2022 жылғы 14 қаңтарда Жобалық офистің кадрлық құрамын күшейту бойынша өкім шығарды.
Мемлекет басшысының комиссия алдына қойып отырған міндеттерін орындаудың жоғары деңгейдегі жауапкершілігіне байланысты Жобалық кеңсенің кадрлық құрамын Мемлекеттік комиссия жұмысының бүкіл кезеңінде олардың жалақылары мен барлық әлеуметтік төлемдерін сақтай отырып, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының өкілдерімен жаңарту және күшейту жұмыстары жүргізілді.
2022 жылғы 31 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласындағы Жобалық кеңседе жаңа құраммен жиналыс өткізіліп, онда Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің жетекшісі С.А.Қасымов баяндама жасады. Жиналысқа Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлім басшысының орынбасары В.В.Порубаймех, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е.Қабылдинов және Жобалық кеңсенің жаңа құрамы қатысты. Жобалық кеңсенің жаңа құрамы өздерінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес жұмысқа кірісті.