• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2022

Жиырма екі адам қамаудан босатылды

238 рет
көрсетілді

Қызылордадағы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Байжан Байгелді БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Өңірде жаппай тәртіпсіздік пен қарулы шабуыл кезінде жалпы 18 ғимарат, 147 автокөлік, (оның 119-ы мемлекеттік) бү­лініп, «М-Ломбард», «Ақмерген» аңшы­лық дүкендері тоналған. Бұзақылар ішкі істер органында сақтауда тұрған қару-жарақ­тарды иелену үшін полицияның  облыс орталығындағы 3 ғимаратына қарулы шабуыл жасапты.

Департамент басшысының орынбасары 210 адамның дене жарақаттарымен ауруханаларға көрінгенін атап өтті. Жалпы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің кісі өлтіру, террористік акті, жаппай тәртіпсіздік, қарақшылық, билік өкіліне күш қолдану секілді баптары бойынша 59 қылмыстық іс тіркеліп отыр.

– Жаппай тәртіпсіздік және қарулы шабуыл қылмысына қатысы бар деген күдікпен 99 адам ұсталып, оларға адвокаттар белгіленді. Сондай-ақ полиция қыз­меткер­лері тарапынан заңсыз іс-әрекет­терді болдырмау үшін барлық ұстал­ған­дар сот-медициналық сараптамадан өт­кі­зіліп, осыдан кейін ғана қамауға алу ша­ра­лары қабылданды. Қазір 22 адам қа­мау­дан босатылды, оның ішінде тергеу органының өтінішімен әлеуметтік жағдайы мен денсаулық жағдайына байланысты, 2 әйел және 1 ер азаматтың бас шарасы жеңіл тү­ріне, яғни үйқамаққа өзгертілді, – деді депар­тамент бастығының орынбасары.

Дүрбелеңді пайдаланып, ломбардтан жалпы құны 300 млн теңге болатын алтын бұйымдар, аңшылық дүкенінен 6 млн 212 мың теңгенің заттарын жымқырып кеткендер де анықталып отыр. Күдікті ретінде Қызылорда қаласының 5 тұрғыны ұсталып, қамауға алынған.

Қазір Өзіндік қауіпсіздік басқармасына азаматтардан полиция органдары қызметкер­лерінің әрекетіне қатысты түскен 25  арыз бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Департамент бастығының орынбасары тұрғындарды сабыр сақтап, тергеу органының әрекетіне түсіністікпен қарауға шақырды. Барлық тергеу әрекеттері заң шеңберінде және толық жүргізілетініне сендірді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА