• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Ақпан, 2022

Жұмыспен қамту жол картасы аясында 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

600 рет
көрсетілді

2021 жылы Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы (ЖҚЖК) шеңберінде 12,3 мың жұмыс орны құрылды, олардың басым бөлігі іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЖҚЖК жобалары 4 негізгі бағытқа бөлінген:

– халықтың өмір сүру сапасын арттыру;

– ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру;

– агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;

– өңірлерде бизнесті дамыту.

Қазіргі уақытта ЖҚЖК бірінші бағыты аясында құрылыс жұмыстары 248 инфрақұрылымдық жобада жүргізілуде, оның ішінде 43 жобада (Жамбыл облысында – 25, Шымкент қаласында – 6, Павлодар облысында – 4, Қостанай облысында және Батыс Қазақстан облысында – 2 және Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 1-ден) құрылыс жұмыстары аяқталды және оларда 382 тұрақты жұмыс орны құрылды (Нұр-Сұлтан қаласында – 125, Қостанай облысында – 103, Жамбыл облысында – 90, Атырау – Шығыс Қазақстан – 30 және Шымкент қаласында – 27).

Осылайша, бірінші бағыттың іске асырылып жатқан жобалары аясында 10,7 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұдан басқа, инфрақұрылымдық жобалар экономиканың түрлі салаларын, әсіресе құрылыс саласын дамытуға серпін берді. Отандық бизнес өкілдерінен барлығы 52 млрд теңгеге жуық тауарлар мен қызметтерге тапсырыстар жасалған.

Айта кету керек, жобаларды іске асыру мерзімі ЖҚЖК-ның қолданылу мерзімінен асып түседі және оларды одан әрі іске асыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады, ал құрылыс жұмыстары аяқталып, объектілер пайдалануға берілгеннен кейін оларда тұрақты жұмыс орындары құрылатын болады. ЖҚЖК екінші бағыты аясында өз ісін ашу немесе дамыту үшін жалпы сомасы 7 млрд теңгеге 1,3 мың шағын несие берілді, бұл 1,2 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 41 инвестициялық жобаны іске асыруда. Бүгінгі таңда 50 млрд теңге сомасына 13 инвестициялық жоба қаржыландырылды.

Осылайша, ЖҚЖК-ның барлық жобалары аяқталғаннан кейін 4 бағыт бойынша 42,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 28,8 мыңнан астамы (68%) тұрақты болады. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы ЖҚЖК аясында 6,7 мың инфрақұрылымдық жобаны іске асыру кезінде орташа жалақысы 130 мың теңге болатын 239 мың адам жұмыспен қамтылды. Жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына (бұдан әрі – ХЖҚО) жүгіну жолымен ЖҚЖК шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатыса алады.

ХЖҚО жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар, сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыстағы адамдар, студенттер, оның ішінде уақытша тіркелген адамдар қатарынан қажетті білікті мамандарды іріктеуді жүзеге асырады және инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші-мердігерге жібереді. ХЖҚО арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасу кезінде жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге басымдық беріледі.

ХЖҚО қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналасу кепілдігімен тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші-мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді. ХЖҚО бағыттары бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақы мөлшері салықтарды, әлеуметтік төлемдерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, жалақының ең төменгі екі мөлшерінен кем емес деңгейде белгіленеді.