Президент Қ.Тоқаев 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары шеңберінде еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінің тұрғындары үшін мақсатты жобалар әзірлеуді тапсырды. Мұның аясында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары арқылы жұмыссыз жастарды еңбекке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашуды құзырлы органдарға жеделдете іске асыруды міндеттеді.
Осы күнге дейін ел Үкіметі еңбек нарығын қалыптастыру мен тұрақтандыруға арналған стратегиялық бағдарлама ұсына алмағаны өз алдына, еңбек нарығындағы қайшылықтарды көзге ілмеуі ел ішінде әлеуметтік шиеленістерді тереңдетіп жіберді. Осыдан келе қаңтар оқиғалары жалаң популизм мен науқаншылдықтан әбден шаршаған осал топтардың мәселесін терең зерделеуді күн тәртібіне әкелді. Бұл жерде ең басты мәселе – әлеуметтік жағынан аз қорғалған әлсіз отбасыларға көмектесу, еңбекке жарамды мүшелерінің табыс табуға ұмтылыстарын арттыру. Бірақ бұл ескі тәсіл қазіргі жағдайда қалайша тиімді жолдармен іске асырылады?
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылдың желтоқсанында еліміздегі бір жұмыскердің орташа еңбекақысы 268 051 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы 131 мың теңгеге жетті деп мәлімдеді. Алайда жылдың соңында инфляция шарықтап, негізгі азық-түлік бағалары өсіп, қымбатшылық әр отбасының босағасына ұялағанда жұртты көшеге шығарған «Қаңтар қақтығысы» жағдайдың мүлде басқа екенін көрсетті. Парламент депутаттары ел Президентінен өңірдегі көп адамның жалақысы 50 мың теңгенің шамасында деп естіді. Қала тұрғынына қарағанда ауыл тұрғыны екі есе аз табыс табатыны да осы жерде ашық айтылды.
Қалай болғанда да кедейшіліктің шегіне жеткен әр отбасының жағдайын терең зерделеу қажет. Әр адамның тағдыры бір-біріне ұқсамайтыны сияқты, әр отбасының ішкі тіршілігі де бір-бірінен өзгеше. Әдетте отбасының қоғамда берік орнығуы еңбекке қабілетті ересектерінің еңбекқорлығы мен талапшылдығы, білім деңгейі, белгілі бір кәсіпті кәсіби түрде меңгеруі мен тұлғалық өсуі арқылы қалыптасады. Айта кететін бір жайт, әлеуметтанушылар әбден шегіне жеткен жоқшылық пен надандықтың қабаттаса жүретінін жарыса жазады. Екінші жағынан, өмірдің қиын сынағына түскенде айналасындағылардан моральдық қолдау көрмеген кейбір жандар өмірге өкпелеп, қоғамнан өгейлене бастайды. Осыдан көрініп тұрғандай, әлеуметтік кедейліктен еңселері езілген жандарды батпақтан дер кезінде суырып алуға қауқарлы қуатты қолдар мен қоғамның қырағы көздері керек.
Еңбекке араласатын жастардың белгілі бір салада орнын таппауы олардың басым көпшілігінің сағын сындырып, өмірден баз кештіріп, түңілдіріп, маргиналды топтарға айнадырады. Өмірге өкпелі жандар көбейсе, тұрақтылықты шайқалтуға себепкер топтар да әп-сәтте олардың араларынан табыла кететіні сөзсіз. Сондықтан да өз ортамыздағы жандардың әлеуметтік қиындықтан шығуына көмектесуіміз керек. Жасыратыны жоқ, мемлекетіміз осы кезге дейін қоғамның осал топтарын түрлі әлеуметтік бағдарлама арқылы қолдап келеді. Мәселен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар төрт жылдан бері мемлекеттен төрт түрлі көмек алады. Оған көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдерімен берілетін біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификатын жатқызуға болады. Бұдан өзге жеке адамдардың қайырымдылық көмектері бар. «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмыссыз тұрғындар кәсіптік бағдар беру курстарында оқып, 600 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар алып, шағын кәсіптерін ашты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жаңадан іс бастаушыларға несиелік портфельдерді қолжетімді етіп, кепілдендіру мөлшерлемесін азайтты. Жасыратыны жоқ, көршілес мемлекеттерде еліміздегі сияқты кәсіпкерлікті дамытуға арналған жұртшылыққа ыңғайлы бағдарламалар жоқтың қасы. Соған қарамастан ел ішінде кедейшіліктің қамытын кигендер қатары азаймай келеді. Ресми статистика 2021 жылдың соңында 15-28 жас арасындағы жұмыссыз жастардың көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,7%-ға өскенін көрсетеді. Таратып айтқанда, жастар жұмыссыздығы Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарында артса, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарында азайған. Бірақ бұл дерекке де күмәнмен қарау керек. Өйткені жұмыссыздық деңгейін әбден бүркемелеуге лайықталған «өзін-өзі қамтығандар» санаты тағы бар.
Қазіргі кезде жұмыссыз жастың әлеуметтік бейнесі мынадай. Көпшілігі 20-27 жаста. Кәсіптік-техникалық училище не колледж бітірген, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Тұрақты табысы жоқ. Білім деңгейі орташа, кәсіби маманданбаған. Әскерге баруға ықыласты емес. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған, тұрақты табысы не лайықты білімі жоқ осындай жаңа отау құрған жастар қалайша өз бетімен тіршілік етеді? Сөздің шынына келгенде, ата-аналарының көмегінсіз жас отбасылар аяқтан тұрып кете алмайды. Ал көмектесетін ешкімі болмаса ше?
Біз ауылдағы жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын зерделеу мақсатында екі көпбалалы анамен хабарластық. Біріншісі – 29 жастағы бала күтімімен отырған жас келіншек. Төрт баласы бар, үлкені мектептің 4-сыныбында, екіншісі 2-сыныпта, одан кейінгісі балабақшада, ең кішісі 1 жасқа толмаған. Мемлекеттен төрт балаға ай сайын 47 мың теңге жәрдемақы алады. Күйеуі Ақтөбедегі бір колледжді технология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Өзі тұрмысқа шыққанға дейін қаладағы жекеменшік колледждердің бірінде балабақша тәрбиешілігіне оқыған. Аудан орталығында жұмыс таба алмағандықтан, алыс ауылға көшіп келіп, күйеуі мектептің шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан. Оның жалақысы – 65 мың теңге. Осылайша, балалар жәрдемақысы мен отағасының жалақысын қосқанда жас отбасының айлық кірісі 112 мың теңгені құрайды. Келіншек өткен жылдың үшінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсырып, сол жылдың қарашасында 20 мың теңге алған. Өткен желтоқсанға әлі түспепті. Олар ауылдағы әке-шешесінің ескі үйінде тұрады. Ата-енесі аудан орталығында басқа баласымен бірге тұрады. «Балалардың қыстық киімі өте қымбат болғандықтан, төрт балаға бірдей сатып ала алмаймыз. Биыл 4-сыныпта оқитын үлкеніміз бен балабақшаға баратын ұлға ғана қалың күрте мен етік алдық. Үнемдегеннің өзінде де бір баланың қысқы киімі мен аяқ киіміне 50 мың теңге кетті», дейді көпбалалы ана. Өткен жылмен салыстырғанда бір баланың жәрдемақысы 3 мың теңгеге өскен. 25 килолық бір қап ұн ауыл дүкенінде 5 500 теңгеге сатылады. Осындай жағдайда жас отбасыларға нақты көмек көрсетілуге тиіс.
Екінші мысал – кәмелетке толмаған бес баласы бар, 45 жастағы жалғызбасты әйелдің тұрмысы. Ері былтыр көлік апатынан қайтыс болған. Ересек баласы 9-сыныпта оқиды. Ортаншылары мектепте, ең кішілері – бес жастағы егіз бала. Асыраушысынан айырылғаны үшін балаларына мемлекеттен 134 мың теңге жәрдемақы алады. Жұмыссыз. Аудандық жұмыспен қамту мекемесіне өтініш білдіргенде, мұнай компаниясына вахталық жұмыс ұсынылған. Жұмысшылардың жатақханасын жинап-тазалайтын жұмыс. Айлығы 100 мың теңгенің шамасында. Бірақ жалғызбасты ана бес баласын, қорасындағы малын қараусыз қалдырып, 15 күнге кете алмайды. Былтыр ауыл әкімі көмегімен маусымдық жұмысқа қабылданды. Қыста ауыл көшелерін қардан тазаласа, жазда қоқыс алаңдарын жинады. Айлығы – 79 мың теңге. Бірақ бұл да тұрақсыз жұмыс болды, үш айдан соң шығарып жіберді. Әдетте үш айдан соң еңбек биржасында тіркеуде тұрған келесі жұмыссызға орнын босатуға тиіс. Жазылмаған заң солай. Өткен жылдың желтоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсырғанымен, қабылданбады. Себебі асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 1 900 теңгеге асып кеткен. Қорасында екі сиыры, ұсақ қой-ешкісі бар. Бірақ ауылда мал ұстау оңай емес. Бір қап арпа 4 300 теңгеге, құрамажем қабы 2 300 теңгеге сатылып жатыр. Тығыздалған бір бума шөпті жаз айында 300 теңгеден сатып алған. Қазір осындай шөп 500 теңгеден сатылады. Мұндай отбасыларға жеке-дара көмек керек.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиевтің хабарлауынша, 2020 жылы Ақтөбе облысында кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан 6 131 отбасы есепке алынған. Былтыр жан басына шаққанда айлық табыстары күнкөріс шегіне жетпейтін осы отбасы мүшелеріне мемлекеттен 1 млн 818 мың теңге АӘК тағайындалса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 19 172 жасөспірім жалпы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 62,6% -ын құрады. Былтыр 2 982 ақтөбелік АӘК алып, осылайша өте кедей тұрмысы бар отбасылар саны бір жылдың ішінде 564-ке азайған. Азаю себебі, отбасының ересектеріне жұмыс тауып берген.
Мемлекеттің ұстанымы анық: отбасының дені сау ересек мүшелері, әке-шешесі жәрдемақыға жан бағып отырмай, жұмыс істеуі керек және бірінші кезекте олар бала-шағасын тарықтырмау үшін жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекет жұмыс тауып береді. Бірақ еңбекақы аз деп қашқақтайтындар да бар. Мәселен, өткен жылы АӘК алушылар арасынан 837 еңбекке қабілетті азаматқа жұмыс ұсынылды. Соның нәтижесінде 402 адам тұрақты жұмысқа, 319 адам уақытша маусымдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ 116 адам қайтарымсыз грант алып, кәсіп аша бастады. Өткен жылы АӘК алушы отбасылардың 1-6 жас аралығындағы 8 809 сәбиіне азық-түлік пен бір реттік қолданыстағы жөргектер берілді. Оның жалпы сомасы бюджетке 438,7 млн теңгеге түскен. Бұл кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға кіреді. Сондай-ақ 372 отбасы 303,1 млн теңгеге тұрғын үй сертификатын алған.
Дегенмен де, жоғарыда атап өткеніміздей, өңірде жастар мен әйелдердің жұмыссыздығы бірінші орында тұр. Нарық сұранысына орай мамандар даярлау колледждердің материалдық-техникалық базасын күшейту мен білікті оқытушыларды тартумен тығыз байланысты. Осы жұмыстар өңірдің еңбек нарығын терең зерттеу негізінде ғана іске асырылуы керек. Ауыл кәсіпкерлігін дамыту да – жұмыссыздықты азайтудың құрамдас бөлігі.
Бірақ бір нәрсе айқын – дені сау, еңбекке қабілетті әрбір адам өз қабілеті мен қызығушылығына қарай белгілі бір кәсіпке мамандануы үшін ең әуелі өз мүмкіндігін жақсы білуге тиіс. Жас маманның жақсы маманға айналуы қысқамерзімді шара емес екенін бәрі де біледі. Еліміздің еңбек нарығына сыртқы әлемдік дағдарыс үнемі әсер етеді, экономиканың белсенді салаларының жандануынсыз, жаңа жұмыс орындары да ашылмайды. Өзіміздің ішкі өнімдерімізді өндіру көлемін арттырмайынша, ауыл кәсіпкерлігін кедергісіз аяқтан тұрмаса, жұмыссыздықты түп-тамырымен жою да мүмкін емес. Қысқасы, бұл жерде еңбек нарығын реттейтін мықты оператор керек.