Жаман тұмаудың қарқыны үдей түсуде. Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның мәлімдеуіне қарағанда, жыл басынан бері өңірде індет жұқтырушылардың саны 16 есеге көбейген.
Соңғы тәулікте ғана 700-ден астам індет жұқтырған. Оның 536-ы ересек адам болса, қалғандары – 14 жасқа дейінгі балалар. Індет әсіресе, Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бурабай, Ерейментау, Атбасар аудандарында жайылып барады.
Қауіпті дертке оқушылар да жиі ұшырауда. Мәселен, төрткүл дүниенің апшысын қуыра жеткен КВИ дерті басталғалы 5 742 оқушы індетке шалдығыпты. Жаңа оқу жылынан бері 3 мыңнан астам оқушы ауырған. Жоғары және орта оқу орындарының студенттері де індет жұқтырушылар қатарында. Олардың саны 300-ден асады.
– Қауіптің бетін қайтару үшін әрбір тұрғынның екпе қабылдауы қажет. Әрине, екпе қабылдағаннан кейін де дертке ұшырағандардың бар екенін жасыруға болмас, – дейді өңірдің бас санитарлық дәрігері, – бір жақсысы, екпе қабылдағаннан кейін індеттің әсері жеңілдеу болады.
Бүгінде өңірде 150-ге жуық вакцина пункттері жұмыс істеуде. Сөз арасында осы бір жауапкершілігі мол істе Қосшы қаласының тұрғындары көш бастап тұрғандығын айта кетсек артық болмас. Қала тұрғындары түгел вакцинаның бірінші және екінші компонентін алып үлгерген. Тиімділігі осы жерде көрініп тұр. Сараптап қарасаңыз, індет қарқыны бұл қалада өте төмен. Демек, вакцина салудың тиімділігі көзге көрініп тұр.
– Бүгінге дейін ревакцинаны тұрғындардың 50 пайызы ғана алды. Бұл барлық көлемнің жартысы ғана. Көпшілігі – мектеп мұғалімдері мен медицина қызметкерлері, – дейді бас санитарлық дәрігер.
Өңірде 207 мониторинг тобы жұмыс істеуде. Жыл басынан бері олар 200-ден астам бақылау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, карантин шараларын бұзған 4 нысан анықталыпты, 2 мыңнан астам тұрғын оқшаулау талабын бұзған, 522 облыс тұрғынына 27,6 млн теңге айыппұл салынған.
Бүгінгі таңда облыстағы 17 стационарда 1 205 төсектік орны бар. 700-ден астам сырқат ем қабылдауда. Жан сақтау бөлімінде 23 науқас жатыр. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры қамтамасыз етілген.
Қауіптің бетін қайтаратын жалғыз жол – екпе қабылдау екенін мамандар айтып отыр. Демек, жалпақ жұрт жанашыр сөзге құлақ асулары қажет.
Ақмола облысы