• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Ақпан, 2022

Қол дорбаның пайдасы

927 рет
көрсетілді

Қоршаған ортаға өндіріс ошақтарын айтпағанда, өзіміз қаншалықты зиян келтіріп жатқанымызды білеміз бе осы? Базаршылап жүріп, азық-түлік тол­тырған полиэтилен пакеттер ер­теңгі күні желмен ұшып, жасыл желек­­тің бас жағынан желбірейді. Плас­тик бөтелкелер өзен-көлдердің жаға­лауында жайрап жатады. Оның зияны айтпасақ та түсінікті.

Пластиктен құтылу – әлемді алаңдатқан мәселе. Ал бұл тығырықтан шығудың жолы – эко-дорба. Шүберектен тігілген дорбаға азық-түлік салсаң да, асай-мүсейіңді салсаң да бола­ды. Кезінде сол шүберек дорбаны арқа­лап-ақ керек-жарағымызды жеткізіп алатын едік. Сол уақытта шашылып жатқан целлофан көрмейтінбіз, рас. Қазір ғой, дүкеннен алған жұдырықтай затты да полиэтилен пакетке тық­пыштап, қолға ұстатады.

Жуықта экологияға төнген қауіпті азайту мақсатында А.С.Пушкин атындағы кітап­хананың Maker Space шығармашылық ала­ңында «Эко сөмке тігеміз» атты шеберлік сабағы өтті. Ше­берлік сабағы шүберекті пішу және тігу курсы негізінде ұйымдастырылды.

– Біздің шеберлік сабағымыз қор­шаған ортаны қорғауға бағытталған. Біз шебер­лік сабағында эко сөмкені ең оңай жолмен жасауды көрсеттік. Бұл күні қала тұрғындары кітапханаға келіп, матадан эко сөмке тігіп алып жатты, – дейді киім дизай­нері Жаннұр Бақыт.

Мұндай мүмкіндікті қалалықтар қалт жібер­меуге тырысты. Шеберлік сабағына келгендер өз талғамдарына сай қызылды-жасылды дорба тігіп, мәз болды.

– Тұрғындардың бәрі базарға барғанда дорбаларын ала барса, полиэтилен пакеттің керегі де болмайды. Бұл дегеніміз – ертеңгі күні айналамызда шашылып жатқан пакетті азай­тамыз. Менің ойымша, бұл – үлкен жобаның бастамасы. Дорба тігу болмашы дүниедей көрінгенімен, қоршаған ортаның ластанбауына үлкен септігін тигізеді, – дейді шеберлік сабағына қатысқан қала тұрғыны Аяужан Утеулинова.

Әнеки, қарапайым қол дорбаның пайдасы қандай?! Табиғатқа пайдамыз тимесе де, зиянымызды тигізбеудің жолы бұл. Ендеше, ел болып, дүкеннің полиэтилен пакетінен бас тар­туымыз керек шығар. Мүмкін болса, әрине...

 

ӨСКЕМЕН