Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның басы тағы да дауға қалды. Коронавирус пандемиясы кезінде жарияланған локдаунға қарамастан «Даунинг стритте» салтанатты кештер өткізгені үшін оны Тұманды Альбионның тұрғындары ғана емес, партияластары да сынға алды. Тіпті оған сенімсіздік білдіріп, қызметінен кетуді талап еткендер де бар.
Мәселе былай басталған еді. Былтыр, яғни 2021 жылғы 30 қарашада Daily Mirror басылымы «Даунинг стриттің» кейбір қызметкерлерінің карантиндік талаптарды бұзғаны туралы ақпарат таратты. Олар 2020 жылғы қараша және желтоқсан айларында бірнеше кешке қатысқан көрінеді. Сондай жиындардың біріне премьер-министр Борис Джонсонның да келгені айтылды.
Ал ол кезде Ұлыбританияда қатаң локдаун енгізілген-тұғын. Соған сәйкес қатысушылар саны 6 адамнан асатын кез келген басқосуға тыйым салынды. Daily Mirror-де әлгі мақала жарияланғаннан кейін Б.Джонсон әрдайым карантин талаптарын сақтап жүретінін алға тартқан-ды. Премьер-министрдің баспасөз қызметі мұндай іс-шараның болғанын жоққа шығарды.
Сенсациялық жаңалық таралған соң басқа да медиа өкілдері оған ерекше назар аударған. Сөйтіп, Тұманды Альбиондағы бұқаралық ақпарат құралдары «Даунинг стриттің» мәселесін майшаммен қарауға кірісті. Мәселен, BBC агенттігі желтоқсандағы басқосуда ішімдік ішіліп, ойын ойналғанын хабарлады. Financial Times газеті де жиынның болғанын растады.
Мұндай жаңалық ағылшын қоғамын бей-жай қалдырған жоқ. Өйткені жиындар елде қатаң локдаун жарияланған кезде өткен. Халықты сақтануға шақырып, өздері мамыражай тойлатып жүрген шенеуніктердің әрекеті сынға алынды. Премьер-министрдің баспасөз хатшысы басқосуда әлеуметтік қашықтық сақталып, карантиндік талаптар орындалғанын алға тартты. «Даунинг стриттің» айналасында жүрген басқа да қызметкерлер заңсыздыққа жол берілмегенін дәлелдеуге талпынған.
Желтоқсанда дәлелді видео жарияланбағанда, ағылшын шенеуніктері осылайша жауапкершіліктен құтылып кетер ме еді, кім білсін? 7 желтоқсанда ITV арнасы «Даунинг стриттің» баспасөз хатшысы Аллегра Страттонның әріптестерімен Рождество кешін тойлағаны туралы әзілдескені көрсетілген видео жариялады. Сондай-ақ The Guardian, Times басылымдары да оқиғадан шет қалған жоқ. Аталған газеттер өздерінің дереккөздеріне сүйеніп, кештің қалай өткенін егжей-тегжейлі жариялады.
Осы видео жарияланғаннан кейін Аллегра Страттон өз еркімен қызметінен кетті. Сонымен қатар кешке қатысқан Шон Бэйли де Лондон ассамблеясының полиция және қылмыс комитетінің төрағасы қызметінен босады. Биылғы қаңтарда карантиндік талаптар сақталмаған жиындарға 30-40 шенеуніктің қатысқаны белгілі болды.
Борис Джонсон содан соң ғана басқосуға қатысқанын растап, кешірім сұрады. Сонымен қатар ол ханзада Филиптің жаназасы шығардан бір күн бұрын «Даунинг стритте» көңілді жиын өткізгені үшін де патшайым Елизавета II-ден ғафу өтінді. Ол кезде де Англияда қатаң локдаун жарияланған еді.
Бұл аз десеңіз, бүкіл ел карантин талаптарына мойынсұнып жүргенде «Даунинг стрит» Борис Джонсонның туған күнін дүркіретіп тойлапты. Англиядағы бұқаралық ақпарат құралдары салтанатты кештің қалай өткенін тәптіштеп баяндап берді.
Мәселен, туған күнге арналған басқосуға 30-ға жуық адам қатысқан екен. Меймандардың арасында премьер-министрдің пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген атақты дизайнер Лулу Лайтл бар. Дизайнерге ерекше тоқталуының себебі мынада. Оның Б.Джонсонның пәтеріне жасаған жөндеу жұмысы қоғамда қызу талқыланған еді. Әйтсе де «Даунинг стрит» премьер-министрдің пәтерінде өткен кешті жоққа шығарып отыр.
Премьер-министрдің айналасындағы шенеуніктердің коронавирус індетіне қарамастан тойлатып жүргені анықталғаннан соң Министрлер кабинеті арнайы тексеру жүргізуге кірісті. Бастапқыда бұл міндет Министрлер кабинетінің хатшысы Симон Кейзге жүктелген-ді. Бірақ ол да 2020 жылғы 17 желтоқсанда өткен кешке қатысқандықтан, тексеруден шеттетілді.
Сондықтан тексеру Министрлер кабинетінің екінші тұрақты хатшысы Сью Грейге жүктелді. Бір айға созылған жұмыс нәтижесінде 31 қаңтарда Грей ханым 11 беттік алдын-ала қорытындыны жариялады. Соған сәйкес жиынның басым бөлігінде карантиндік талаптар сақталмаған. Кей басқосу үкіметте жұмыс істейтіндерге тән емес, Ұлыбритания халқының үмітін ақтамағаны айтылған. Сонымен қатар жұмыс уақытында көп мөлшерде алкогольді ішімдік ішілгені де сынға алынды.
Қысқасы, Сью Грей «Даунинг стрит» жіберген кемшіліктерді жіпке тізіп шыққан. Ол қорытындының бір көшірмесін Борис Джонсонға жіберсе, екіншісін Парламентте таныстырды.
Баяндама жарияланғаннан кейін депутаттар Б.Джонсонның мәселесін майшаммен қарағанын айта кеткен жөн. Халық қалаулыларының алдында әбден терлеген премьер-министр тағы да кешірім сұрап, кеңсесінде өзгеріс жасайтынын айтып уәде берді.
«Кешірім сұраймын. Бәрін түсіндім, түзетемін енді. Жиынды өткізгеніміз үшін кешірім сұраймын», деді ол.
Негізгі оппозициялық лейбористер партиясының жетекшісі Кейр Стармер оның өзінен басқалардың бәрін кінәлайтынын сынға алып, Б.Джонсонды отставкаға кетуге шақырды. «Премьер-министрдің өзі қазір қылмыстық тергеуге тартылып жатқанына күмән жоқ», деді Стармер.
Қазіргі таңда полиция тергеп жатқан оқиғалардың қатарында 2020 жылдың маусымында өткен Б.Джонсонның туған күніне арналған кеш және 2021 жылдың сәуір айында ханзада Филипті жерлеу қарсаңында өткен екі жиын бар.
Депутаттар алдында Борис Джонсон өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, қызметінен кетуге ниетсіз екенін мәлімдеді. Дегенмен оның орынтағынан бас тартатын кезі жақындап қалған сыңайлы. Өйткені осы оқиғалардан кейін Джонсонның халық алдында да, парламент алдында да абыройы төмендеп кетті.
Тіпті партияластарының өзі оның әрекетін сынға алды. Мәселен, консервативтік партиясының кейбір заңгерлері Сью Грейдің зерттеуі Джонсонның өтірік айтқанын анықтаса, оған сенімсіздік білдіру мәселесін қарайтынын хабарлаған.
Таяуда аталған партияның депутаттары сенімсіздік білдіру хатын жолдады. Негізі олар премьер-министрді ашық сынауына болмайды. Бірақ Джонсонның әрекеті премьер-министрдің беделіне нұқсан келтіргендіктен, осындай қадамға барған.
Депутат Питер Олдос премьер-министрге сенімсіздік хатын тапсырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл елдің де, үкіметтің де, консервативтік партияның да мүддесі үшін қажет. «Жан-жақты ақпарат жинап, жағдайға қаныққаннан кейін премьер-министр отставкаға кетуі керек деген қорытындыға келдім», деп жазды Олдоус туиттерде.
Каршалтон мен Уоллингтон аймағынан келген депутат Эллиот Колберн шыдамы таусылғанын айтып, сенімсіздік білдіргендер қатарында болғанын ишаралады. «Егер мен премьер-министр болғанымда, қызметімнен кетер едім», деп жазды ол.
«Борис Джонсонның елді басқаруға моральдық құқығы жоқ. Алда-жалда тағы бір төтенше жағдай бола қалса, қоғамнан әрекет етуді сұрауға оның құқығы жоқ», дейді Эндрью Бриджн.
Егер Консервативтік партияның Бюро мүшелері комитетінің басшысы Грэм Брэдиге 54 депутат сенімсіздік білдірген хатын табыстаса, онда партияның ішінде дауыс беру өтеді. Соған сәйкес Борис Джонсонның қызметтегі тағдыры шешіледі. Әзірге партияның 17 депутаты ғана мұндай қадамға барған.
Қорыта айтқанда, қарапайым көңілді кештен басталған дау Борис Джонсон үшін қиынға тиетін түрі бар. Премьер-министрдің беделі Консервативтік партиясының ішінде де «шайқала» бастағанын ескерсек, оның қызметімен қоштасуына көп уақыт қалмаған секілді.