• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Ақпан, 2022

«Ардың ісіне» адалдықтың үлгісі

266 рет
көрсетілді

Әлем әдебиетіндегі мойны озық айтулы қаламгерлермен есімі бірге аталатын Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз шын мәнінде көзінің тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған ғажап адам еді.

Біз байқаған тұста ол кісі қандай жағдайда болмасын, бастаған ісін аяғына жеткізбей орта жолда қал­дырмайтын, асығыстық – ата жауы, қағазға түскен әрбір сөз, әрбір сөй­лемінің сапасы мен салмағын әбден иіні қанғанша мың қайтара елеп-екшеп, сосын барып жариялауға ұсынатын. Баспадан шығайын деп жатқан кітабын бір қарап берейін деп қайтарып алып, содан бірнеше жыл бойы қашан көңілінен шыққанша қырнап-сүрнегені ертегі секілді ел-жұрттың әлі есінде.

«Қан мен тер» трилогиясын, яғни дүниежүзі әдебиетінің бір інжу-маржанына айналған үш кітапты бір жинақтың аясына сыйғызып, аяусыз қысқартып, өзінің жүзге жақын­даған жасына қарамай ақ тер-көк тер боп, елордада ауруханада жатып арпалысқан сәтіне аздап куә болғанымыз бар еді. Тіл ұшын түртіп тұрған баяғы жаттанды тіркес: «Елдің әлдеқашан рухани қазы­насына айналып кеткен дүниені өңдей беріп қайтесіз?!» Қайтарылған жауап та мірдің оғындай: «Сендер не білесіңдер, мен артыма қарамай өлуім керек қой...»

Иә, артына қарамай, алаңдамай тасқа басылған кітаптарының бір жерінен титімдей кінәрат-күмән қалдырмай, бойындағы күш-қуаты мен ойындағысының бәрін қағазға түсіріп, әдебиетке деген соңғы парызын адал атқарып, өмірден өткен қадірлі қаламгерлеріміздің бірі һәм бірегейі де сірә, Әбекең болар-ау! «Соңғы парызды» да сан мәрте жөндеді, сан тілге сан мәрте аудартып, ақыры түз гранитіндей мұқалмайтын сапалы дүние етіп шығарды. Қос роман ана жылы ағылшын тілінде Америкада жарық көрді. Көзі тірісінде мұндай құрметке ие болғандар сирек, сол «сиректің» бас жағында тағы да Әбекеңнің тұруы – табиғи заңдылық. Кешелі-бүгін анау «Алыптар тобы» бастаған даңғыл жолды жалғастыруға тайсалмай кіріскен Әбекеңсіз туған әдебиетіміз бір түрлі жетімсіреп қал­ғандай сезіледі.

Қазақ қара сөзінің ары мен абыройы және сесі, бір теңіздің ауасын жұтып, ащы суын бөліп ішкен асыл аға, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын.

 

Қуаныш ЖИЕНБАЙ