• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Ақпан, 2022

Болашақ аналарға арналған қосымша

509 рет
көрсетілді

On Moms – білікті мамандар мен қазақ тіліндегі бейнесабақтардың ақылды жүйесі енгізілген, босануға дайындық бойынша жүкті әйелдерге арналған мобильді қосымша. Технологиялық өнімнің авторы – медицина ғылымдарының докторы, акушер-гинеколог Сәбира Кульчимбаева.

Қосымшаның негізгі мақсаты – боса­ну кезінде жүкті әйелдің өз жағ­дайын басқару деңгейін жоғарылату. Яғ­ни жүкті әйелдер баланың тууына мо­ральдық, эмоционалды және физика­лық тұрғыдан дайындала алуы керек. Олардың болашақ бала тууының барлық деңгейінде жан-жақты болуы шарт.

Мобильді қосымша авторының айтуынша, болашақ аналарға арналған жо­баны іске асыру идеясы Жезқазған қала­сынан келген жүкті әйелдің On Moms онлайн курсына қатысқаннан кейін туды.

«Бұл әйелдің тұңғышы жүктілік кезін­де дұрыс күтім жасалмаған соң, тол­ғақ уақытында тұншығып, қайтыс болған. Осылайша, ол екінші баланы дүниеге әкелуден қорықты. Әрине, дені сау баласын туғысы келді. Алайда қазақ тілінде жүкті әйелдерге арналған бірде-бір курс болмағандықтан босануға дұрыс дайындала алмады. Мұндай жағдайлар елімізде көп кездеседі. Халықтың 62%-ы, қазақ тілінде сөйлейтін жүкті әйелдер көбіне ауылдық жерлерде босанады. Бірақ онда медициналық көмек қолжетімсіз, қалаға бару алыс, қаражат бола бермейді немесе климаттық жағдайлар, көктайғақ және 40 С0 ыстық әсерінен ұзақмерзімде жүру болашақ ананың денсаулығы үшін қауіпті. Біз бұл мәселені Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тереңірек зерттей бастадық. Себебі мұнда ел бойынша ең жоғары бала туу көрсеткіші тіркеледі. Алайда бұл жерде де тіл мәселесі өзекті. Яғни көптеген қала тұрғыны мен басқа да шеттен келушілер орыс тілін түсінбейді және білмейді», деді С.Кульчимбаева.

Жүктілік және баланың тууы – жиі қозғалатын өте өзекті мәселенің бірі. Сондықтан жүкті әйелдерге арналған мобильді қосымшалар шетелдерде белсенді түрде қолданысқа еніп, дамуда. Мысалы, мұндай мобильді қосымшалардың үздік бестігіне Flo, Hello, Baby және жүктілік күнтізбесі кіреді.

Ал қазақстандық On Moms қосым­шасы жүктілік туралы барлық нұсқауды бейнеформатта жүргізеді. Сондай-ақ қосымшаға қазіргі пандемия жағдайына байланысты постковидтық оңалту бойын­ша интербелсенді диалог пен жүктілік кезіндегі болашақ ананың жағдайы бойынша тұрақты сауалдама­лар енгізіледі. Сауалдамадан кейін пай­даланушыға алдын ала бағдар­ла­ма­ланған алгоритм­дердің көмегімен ұсы­ныстар жүйесі беріледі.

«Босануға дайындық кезінде шет­елдерде репродуктивті денсаулық пен мінез-құлық мәдениетін дамыту мін­деттелген. Сақтандыру медицинасы оған көп көңіл бөліп, болашақ ұрпақ денсаулығы үшін зор жауапкершілік танытады. Алайда біздің мемлекетте бұл мәселе жеткілікті түрде дамымаған. Сондықтан біз осы мінез-құлық мәдение­тінің маңыздылығын, өзектілігін қоғам­дық санаға жеткізгенді жөн санаймыз. Яғни әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керек. Сондай-ақ көптеген адам ғаламтор желілерін дұрыс пайдалануды немесе уатсап-боттан өтуді біле бермейді. Демек елімізде азаматтардың IT-технологияларды меңгеруге байланысты сауаттылық деңгейі ақсап тұр. Осыны ескеріп, бейнекурстар мен пайдалы модульдерді еліміздің кез келген нүктесінен ыңғайлы, қолжетімді еткіміз келеді. Онда жүкті әйелдер сау баланың тууы туралы медициналық көмек ала алады. Осылайша, біздің азаматшалар АТ-сауаттылық бойынша жүйеленген, сауатты, мамандар ұсын­ған ақпарат пен тәжірибе бойынша білімін арттыра алады. Жобаны іске асырудағы тағы бір мәселе – меди­ци­на­­лық қызметкерлер тарапынан онлайн курстардың ұсынылмайтыны. Сон­дықтан жаңа ұсыныстардың бүкіл Қазақстан бойынша медицина арқылы қолданысқа енуіне қол жеткізгіміз келеді», деді жоба авторы.

Мобильді қосымша құрылымы екі бағытта жүзеге асып, екі түрлі мін­дет­ті атқарады. Біріншісінде, жүкті­лікке қалай дайындалу керек, босану кезінде нені білу керек және тағы бас­қа сұрақтарға жауап беріледі. Сон­дай-ақ халқымыздың дәстүріндегі босан­ғаннан кейінгі бағаланатын «қырық күн» кезеңнің маңызды мәселелері қам­тылады. Яғни қырық күн ішінде жүкті әйелде байқалатын кейбір жағдай­лар оның қандай босану циклінде екен­дігін көрсетеді. Мобильді қосымша авторының айтуынша, бұл бағыттағы қосымшаны қолданысқа енгізу үшін кемінде 150 мың доллар жұмсалады.

Екінші бағыт ақыл-ой, эмоционалды қатынас және ағза дамуы деңгейіндегі дайындықты қамтып, үштілділік әді­сімен жүргізіледі. Жүктілік бойынша бірқатар сұраққа жауап беріп, оған жаңа контент пен бейнесабақтар түсіріледі. Бұл бағыт бойынша 50 мың доллар көлеміндегі қаражат жұмсалады.

Қазір жоба MVP сатысында, яғни минималды өміршең өнім жасалып, сатылымға шықпақ. Жоба авторы айт­қандай, қосымшаны жүйелеу және барлық тұжырымдаманы құру үшін қаржы ресурстары қажет. Осы орайда мобильді қосымшаның дамуына жасалған мүмкіндіктің бірі – Astana Hub IT-стартаптар халықаралық техно­паркінің ұсынған гранты. Соның негі­зінде алдағы уақытта жобаны қазақ тіліне аударуда қаржы мәселелері ше­шілмек.

Жоба авторлары мемлекеттік сегментпен жұмыс істейтіндіктен, онлайн-курсқа халықтың 80%-ын құрайтын, дәрігерлердің қарауындағы барлық жүкті әйел жүгінеді.

«Пандемияға байланысты курсқа жазылу бес есеге артты. Бұған мемле­кет­тік сегмент өте үлкен рөл атқарды. Яғни eGov электронды үкіметі арқылы өтінім­дерді жасай отырып, бізге ауди­торияның көп бөлігі тартылды», дейді жоба жетек­шісі.

Қосымшаның артықшылығы ретін­де жүкті әйелдің жағдайына байланыс­ты мерзімді сауалдамаларды еске­ре отырып, жеке ұсыныстар бере­тін бағ­дар­лама болады. On moms мо­биль­­ді қосымшасының функционалы қара­пайым әрі болашақ аналар үшін ең қажетті болмақ. Жүктілік күнтіз­бесі­нің модульдері енгізіліп, онда сәби­дің апта сайынғы дамуы, сондай-ақ болашақ ананың саламатты өмір салты қағидалары және дәрігерге жоспардан тыс қаралу қажеттілігін ескертіп отыратын карта көрсетіледі. Сондықтан On Moms жобасы Қазақстан және ТМД компанияларымен жұмыс істеуді жос­парлап отыр.

 

Индира БЕРЖАНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті