Биыл 4-5 наурыз аралығында өтетін Дэвис кубогының іріктеу сынында Қазақстанның теннисшілері Норвегия құрамасымен күш сынасады.
Ослоның «Теннис Аренасында» өтетін бәсекеде жерлестеріміздің қандай құрамда өнер көрсететіні анықталды. Жекелеген сайыста Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Дмитрий Попко кортқа шығады. Қазіргі кезде Бублик әлемдік рейтингте 35-орынды иеленуде. Соңғы уақытта ол өрелі өнерімен көзге түсіп, елеулі табыстарға қол жеткізуде. Кукушкин 166-орынды еншілесе, Попко 180-сатыға жайғасты. Жұптық бәсекеде Андрей Голубев пен Александр Недовесовке сенім артылуда. Көпшілік бұл кездесудің қазақстандықтардың пайдасына шешілетініне еш күмәні жоқ. Себебі Скандинавия түбегі теннисшілері арасында тек Каспер Руудты ғана бөле-жара атап өтуге болады. АТР турнирлерін алты рет ұтып, былтыр Аустралияның ашық біріншілігінің ширек финалына дейін жеткен сайыпқыран бұл күндері әлемнің сегізінші ракеткасы атанып отыр. Ал өзгелері, тіптен «ТОП-300» ойыншының қатарында жоқ. Осы матчта жеңіске жеткен команда Дэвис кубогының финалдық сайысына жолдама алады.