Еліміздің көрнекті ғалымы, жоғары мектеп пен ғылымның белгілі ұйымдастырушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Кенжеғали Сағадиев тірі болғанда бұл күндері оның 84 жасын тойлар едік.
Кенжеғали Әбенұлы жастайынан білім мен ғылымға ұмтылып, сол салалардың шыңына жетті. Мектепті үздік бітіріп, алдына экономика саласының маманы болуды мақсат етіп, жоғары білім алып, өзінің оқыған С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде еңбек жолын ассистенттіктен бастап ширек ғасырдың ішінде республикамыздағы төрт университеттің ректоры дәрежесіне көтерілді.
Кенжекеңнің басқарған университеттері оқу процесіне озық әдістемелерді енгізуде және материалдық базаларын жақсартуда мемлекетіміздегі оқу орындарының алдыңғы қатарына шыққан. Бірнеше мыңдаған маман даярланған.
Кенжеғали Әбенұлы ғылыммен айналысып, Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасында 28 жасында кандидаттық, 39 жасында докторлық диссертация қорғап, экономика ғылымдарының білгірі атанды.
К.Ә.Сағадиевтің зерттеушілік қабілеті Мәскеу ғылыми орталықтарында сыналып, шынықты. Оның алғашқы ғылыми жұмыстары материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастырудың келелі мәселелеріне байланысты болды. Ол осы бағытта өнімді ізденістер жасап, өндіріс құралдарының айналу заңдылықтарын ашатын, өндірістік инфрақұрылым салаларының экономиканың даму қарқыны мен өзара байланысына әсерін анықтайтын іргелі еңбектер жазып шығарды. Мысалы, «Материалдық-техникалық жабдықтаудың экономикалық тиімділігін арттыру мәселелері», «Қазақстанда материалдық-техникалық жабдықтауды басқару» «Материалдық-техникалық жабдықтау және өндіріс тиімділігі», «Қазақстанның материалдық-техникалық жабдықтау және сату қоры» және осы секілді өзі жеке немесе басқа ғалымдармен бірігіп жазған мақалалар мен монографияларында К.Ә.Сағадиев республикада материалдық-техникалық жабдықтауды аумақтық ұйымдастыруды және өндіріс құралдарын көтерме сауда арқылы таратуды жетілдірудің ғылыми негізін қалап, практикалық ұсыныстар жасады.
Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін К.Ә.Сағадиев мерзімді баспасөзде экономикалық кадрлар даярлау жағдайы, республика ғылымын ұйымдастыру, нарыққа көшу барысын жақсарта түсу жолдары жөнінде жиі мақалалар жазып тұрды. Мысалы: «Нарықтық кадрлар көп нәрсені шешеді», «Нарық халыққа бет бұрсын», «Реформа баспалдақтары», «Қазақстан экономикасының нарықтық өзгерістерін жасау стратегиясы туралы» және басқалары.
Сонымен қатар ол реформа проблемалары туралы бірнеше рет республика басшылығына да хат жолдады. Мәселен: «Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік құру», «Ұлттық валюта енгізудің кезек күттірмес шаралары», «Қазақстандағы экономикалық реформалардың түбегейлі стратегиялық және тактикалық мәселелері», «Қазақстанның қаржы-қаражат саясаты туралы».
1994 жылы 2 ақпанда К.Ә.Сағадиев Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысында оның толық мүшелерінің (академиктерінің) көпшілік даусымен ҰҒА президенті болып сайланды. Көп кешікпей оны ҰҒА-ның жалпы жиналысы толық мүше (академик) етіп сайлады.
Қазақстан Президентінің 1994 жылдың ақпанындағы «ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесі және ғылымы мемлекеттік қолдау шаралары туралы» жарлығына және ғылымды реформалау жөніндегі басқа да құжаттарға сәйкес академия құрылымдары мен оның мүшелерінің қызметін реттейтін ҰҒА-ның жаңа нормативті материалдары дайындалып, қабылданды, іргелі және іргелі-қолданбалы зерттеулердің басым бағыттары белгіленді. Ғылыми құрылымдардың қызметі, мамандар әлеуеті және материалдық-техникалық база тексеріліп, аттестацияланды. Іргелі зерттеулердің технологиялық бағдары және Ғылыми зерттеу институттарының зерттемелерін іс жүзінде қолдану бағыттары күшейтілді.
Күрделі ғылыми-техникалық мәселелерді мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен ҰҒА Президиумының бірлескен және кеңейтілген мәжілістерінде қарастыру тәжірибесі енгізілді.
Еліміздегі өткір экономикалық мәселелердің шешімін табуға ғылыми қызметкерлерді жұмылдыру мақсатында республикалық ашық конкурс жарияланып, жеңімпаздарды марапаттауға ақшалай сыйлық тағайындалды. Ғалымдарды өз еңбегінің нәтижесін шығаруға қызықтыру үшін келісімшарт жағдайында жұмыс істеу кең түрде қолға алынды.
Сондай-ақ К.Ә.Сағадиев ғылымды дамытудың үздік бағыттары бойынша жаңа төрт ғылыми зерттеу институтын ұйымдастырды.
Олардың бірі (Қарағандыдағы Фитохимия институты) бүгінде шетелдерде сұранысқа ие нәтижелі дәрілік препараттар жасап халықаралық аренаға шығып отыр.
ҰҒА-ның директорлық құрамы айтарлықтай жасарып, жаңарды. Президент ҒЗИ-дың бюджетке иек артушылық қалпын өзгертіп, олардың басшыларын шетелдермен қарым-қатынас жасауға, әр түрлі ғылыми қорлардың конкурстарына қатысуға, коммерциялық істерге белсене араласуға бағыттады.
Атырау және еліміздің батыс өңірінде орналасқан облыстардың дамуы, әсіресе отын-энергетика кешендері табиғи байлықты ғылыми тұрғыда терең зерттеуді, озық ғылыми технологияны енгізуді талап ететіні белгілі.
Сол кезде Атырау облысында халықаралық және республикалық ғылыми академияның 40-тай академигі, жүздеген доктор мен кандидат тұратын. Жоғарыда айтылған себеппен, әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесіне сай ғалымдардың әлеуетін біріктіріп, Атырау облыстық қоғам академиясы (АБК «Академия») бірлестігін құрдық.
Бұл ғылыми орталық мұнай-газ саласымен бірге экология, Азғыр-Тайсойған ядролық полигонындағы жарылыстың зардабынан құтылу, ауыл шаруашылығын реформалау, құнды балықтардың қорын сақтап қалу және білім беру, денсаулық сақтау салаларын жетілдіруді, басқа да маңызды мәселелер кеңінен қамтыды.
АҚБ «Академия» мүшелері мені осы ұсынысты бастаушы және ұйымдастырушы облыс әкімі ретінде Бірлестіктің төрағасы етіп сайлады.
Ғылыми Бірлестік жұмысының нәтижелілігін байқаған соң, біз Ғылым және озық технологиялар Министрлігіне ұсыныс бердік.
Менің идеямды және министрліктің алқасында жасаған баяндамамды, яғни Атырау қаласында батыс облыстарының (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау) ғалымдарын біріктіретін «ҰҒА батыс бөлімшесін» Құруды министр В.С.Школьник, ҰҒА Президенті К.Ә.Сағадиев бастаған алқа мүшелері қолдады.
1995 жылы маусым айында АҚБ «Академия» Атырау қаласында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, оған Алматыдан және еліміздің батыстағы төрт облысынан ғалымдар қатысты. Сол конференцияда сөйлеген сөзінде К.Ә.Сағадиев еліміздің батыс өңірін дамыту жөнінде өз пікірін баяндап, әсіресе мұнай-газ саласына мол көңіл аударды және ҰҒА Президиумының Батыс бөлімшесін құрып, орталығын Атырау қаласы ету жөніндегі шешімін хабарлады.
Конференцияға қатысушыларға Кенжеғали Әбенұлы жаңадан құрылған Батыс бөлімшесінің төрағасы болып, техника ғылымның докторы Шмидт Мұсаұлы Айталиев тағайындалғанын хабарлап, таныстырды.
Конференция барысында сөйлеген ғалымдар еліміздегі Батыс өңірінің дамуы жөнінде бірталай ұсыныстарын берді.
Форумға қатысқан ғалымдар елімізде алғаш рет академик Қ.И.Сәтпаев атындағы көшеде оның ескерткішін ашу рәсіміне қатысты. Осыдан кейін ҰҒА Шығыс және Оңтүстік бөлімшелерін ашты.
1994-1996 жылдары ҰҒА және оның Президиумы жалпы республикалық шараларды ұйымдастыру орталығы болды. Осы жылдары ҰҒА-ның ұлы ғалым-энциклопедист және мемлекет қайраткері Мұхамед Тарағай Ұлықбектің 600 жылдығына, қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай өткізген сессиялары мен конференциялары сол уақыттың ірі оқиғалары болып саналды.
К.Ә.Сағадиев делегацияның мүшесі немесе жетекшісі ретінде, кейде ғылыми ұйымдардың шақыруымен шетелдерге жиі шығып, ғылыми баяндамалар жасады. Сондай-ақ ғылым-білім беру байланыстарын құру және дәріс оқу үшін АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Иран, Израиль, Қытай және басқа шетелдерге шықты.
1996 жылы К.Ә.Сағадиев Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры болып тағайындалды.
2001 жылы К.Ә. Сағадиев Халықаралық бизнес университетінің президенті болды. Мұнда өзінің сүйікті ісі бизнеске мамандар даярлау мен экономикалық реформалардағы зерттеу жұмыстарына белсене қатысу мүмкіндігі туды.
Халықаралық бизнес университеті – еліміздегі дамып келе жатқан бизнеске мамандар даярлау үшін құрылған жекеменшік жоғары оқу орны. Оның классикалық университеттерден ерекшелігі – экономикалық тәжірибемен тығыз байланыс, нарық сұранысына жедел көңіл бөлу, экономика реформаларының құбылысына сай оқу жоспарларының икемділігі.
Университет қабырғасынан шетел тәжірибесімен жақсы таныс, өз ісін, өз кәсібін жүргізуге қабілетті, компания, фирма және басқа жеке жобаларды басқара алатын менеджер мамандар шыға бастады.
К.Ә. Сағадиев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі ретінде 2004 жылы және 2007 жылы партиялық тізім бойынша 3-ші және 4-ші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болып екі рет сайланды. Парламент Мәжілісінің үшінші шақырылымында Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Осы кезең ішінде К.Ә.Сағадиев еліміздің бюджет жүйесін өркендету және оның тұрақтылығын дамыту мақсатында көп еңбек етті. Оның ұсынысы бойынша экономика салаларының бюджет жобалары бөлек қаралатын болды, бұл бюджет бағдарламалары әкімдіктерге бөлінетін қаржы-бюджет ресурстарын дәл зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай тәжірибе 4-ші шақырылған Парламент Мәжілісінің жұмыс әдісіне де енді.
Сонымен қатар салық құрылымын жақсарту, оны жылжымайтын мүлік пен басқа мүлікке көбейту, ал керісінше, еңбекақы қорына, яғни бірлескен кіріс салығын азайту жөнінде де өз ұсынысын айтқаны есімізде.
Парламент депутаты ретінде К.Ә.Сағадиев қор нарығын дамыту туралы, рейдерлікке қарсы тұру шаралары мен еліміздегі заңсыз көші-қон жағдайлары, шетелдік инвестицияларды тарту және басқа да келелі мәселелер бойынша Үкіметке бірнеше рет сауал жолдады. Кенжеғали Әбенұлы бұрын шетелдік компанияларға берілген Қазақстанның мұнай және басқа да кен орындарын мемлекет меншігіне қайтарудың белсенді жақтаушысы, «Кен орындарын пайдалану туралы» Заңына түзетулер енгізуді ұсынушылардың бірі, осыған сәйкес ел аумағындағы шетелдік компаниялар акцияларын сатқан жағдайда, республика оларды сатып алуға басым құқыққа ие болады.
Кенжеғали Әбенұлы елімізде алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің тиімділігі мен көлеңкелі жақтарына жүргізген сараптамасымен баспасөз беттерінде сөз алды.
Қазақстан экономикасын жаңалаудағы өткір мәселелерді зерттеудегі К.Ә.Сағадиевтің жүйелі де ұзақ еңбегі оны үздік ғалым-реформаторлар қатарына шығарды.
«Қазақстандағы реформалар: талдамалық көзқарас» атты оның төрт томдық еңбегі Қазақстандағы реформа үрдісінің жоғары мәнді хроникасы, олардың жетістігі мен кемшіліктерінің тура көрінісі. Автордың онда жазған келелі ұсыныстары мен кеңестері осы күні де, болашақта да өз мәнін жоғалтпайды.
Академик К.Ә.Сағадиевтің жетекшілігімен 15 докторлық және 40 кандидаттық диссертация қорғалды. Оның 250-ден астам жұмысы, 30-ға жуық монографиясы, кітабы және кітапшалары жарық көрді.
Ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері К.Ә.Сағадиевтің көп жылдық жемісті еңбегін кеңестік – партия органдары, ҚазКСР және Үкіметі және барлық ғылыми, республикалық қоғамдық орындар жоғары бағалады.
Ол Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат», II дәрежелі «Барыс», «Отан» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды. «Қазақстан Республикасының ғылымы және техникасының еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болды.
Кенжеғали Әбенұлы Қостанай облысының Әулиекөл, Амангелді, Науырзым, Жангелді аудандарының және Арқалық қаласының Құрметті азаматы.
Алғашқы кездесуіміз ширек ғасырдан астам уақыт бұрын болды. Бірінші күннен бастап арамызда жылы қарым-қатынас басталып, достыққа айналды. Экономика саласы және жалпы, өмір жөнінде үнемі ақылдасып, пікірлесіп, сырласып жүретін едік.
Парламент Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты болып, Кенжекеңмен бірге «Отан» партиясының ұсынысымен сайландық және көрші болып бір ғимаратта тұрдық, өмірінің соңына дейін жанұямызбен араластық.
Кенжекеңнің сүйікті жары Нағытай Әбітайқызы Кішкенова – экономика ғылымдарының кандидаты, доцент ағамыздың, арқа сүйер көмекшісі. Жеңгеміз, өте ақылды және іскерлігімен ерекше жан. Өсірген тамаша ұрпақтары өздерінің жолын жалғастырды.
Қорытып айтқанда, К.Сағадиев өнегелі өмір сүрді, өзінің бойындағы асыл қасиеттері арқасында қоғамның төрінен абройлы орын алды және ерен еңбегімен артында өшпестей із қалдырды.
Равиль ШЫРДАБАЕВ,
мемлекет және
қоғам қайраткері