Батыс Қазақстан облысында былтырғы желтоқсан айында аса ауыр 12 жол-көлік оқиғасы болып, 8 адам қаза тапты, 17 адам жараланды. Ал биылғы қаңтар айында осындай 12 оқиғадан 18 адам опат болып, 27 адам жарақат алған.
Әрине, жол апатының себебі көп. Соның ішінде қысқы жолдардың қар мен мұздан уақтылы тазаланып тұруы – жолаушы қауіпсіздігінің бір кепілі. Жоғарыдағы жол апаттарының кейбірі үшін дәл осы жол тазалаушы мердігер мекемелердің үстінен қылмыстық іс көтерілгені де сондықтан.
– Қыс мезгілінде автожолдарды күтіп-ұстау мәселесі бойынша 2021 жылдың маусым айында ауыр жүк көлік жүргізушілерімен болған кездесуде көтерілген болатын. Былтыр қараша айында да Орал қалалық партиялық бақылау комиссиясы облыстық Полиция департаменті өкілдерімен кездескен кезде де халық тарапынан ескерту айтылды. Әлеуметтік желіде де белсенді азаматтар ғана емес, ауылдық округтердің ресми парақшаларында жол тазарту, көктайғақ кезіңде құм шашу мәселесін көтерген жазбалар жиілеп кетті. Сондықтан біз, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, белсенді азаматтармен бірлесе отырып, өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында өңірдегі жолдың жағдайына рейдтік шаралар ұйымдастыруды бастадық, – дейді Nur Otan партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Афиза Семғалиева.
Өңірде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 496,7 шақырым болса, оның 1 414 шақырымы – республикалық маңызы бар автожолдар. Ал облыстық және аудандық маңызы бар 5 082,7 шақырым автожолдың небәрі 34 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ресми мәліметке қарағанда, облыстағы 3 349,5 шақырым жол қанағаттанарлықсыз. Бұл – республика бойынша ең төмен көрсеткіштің бірі. Міне, осындай жағдайда қар мен мұздан уақтылы тазаланбайтын болса, жолдың жағдайын көз алдыңызға елестете беріңіз.
Тексеріс нені көрсетті?
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті бекіткен ереже бар: әдеттегі жағдайда жол жабындысы 4 сағатта, ауа райының төтенше жағдайында 8 сағат ішінде тазартылуға тиіс. Ал облыстық маңызы бар жолдарда жол жиектерін тазартуға мердігерге 2 күннен 4 күнге дейін уақыт беріледі. Партиялық бақылау дәл осы директива Батыс Қазақстан облысында сақталмай отырғанын көрсеткен.
Облыс аумағындағы 1 414 шақырымға созылған республикалық маңызы бар жолдарға жауапты «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының жолды күтіп-ұстауын ұйымдастырып отырған «ҚазАвтоДор» мекемесінің арнайы техникамен қамтылуы небәрі 58%-ды құрайды. Ең сорақысы, осы 58 пайыздың ішінде жұмысқа жарамдысы 41% ғана болып шыққан! Яғни дәл осы күшпен 1 414 шақырымды мерзіміне сәйкес күтіп-ұстау мүмкін емес.
Автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау бойынша ұсынымға сәйкес, жол бөлігін күтіп ұстауды міндетіне алған мердігер мекеме жол мен көпірлерді қар басудан қорғап, қажет кезінде көктайғаққа қарсы уақтылы шаралар жасауға тиіс. Бұл үшін техникасы дайын болуы шарт. Жылыту орындары, құм базалары алдын ала дайындалуы қажет. Алайда тиісті шарт бойынша мемлекет қаржысын алып отырған мекемелер өз міндетіне жауапсыз қараған.
Мәселен, Ақжайық аудандық партиялық бақылау комиссиясының қорытындысына назар салайық: «Техникалық талапта жұмыс әр айдың 30-ына дейін қабылданады деп көрсетілгеніне қарамастан, «Жолаушы Жол» ЖШС келісімшарт талаптарын уақтылы орындамай, жолды күтіп-ұстау жұмысын тиісті деңгейде жүргізбеді. Мердігер мекемеге жұмыстарды уақтылы және сапалы атқару жөнінде бірнеше рет ескерту хат жолданған. Жергілікті тұрғындар тарапынан жолды күтіп-ұстау сапасына қатысты бірнеше рет шағым түсті».
Ал Қазталов аудандық партиялық бақылау комиссиясы аудан аумағындағы облыстық маңызы бар жолдың бір бөлгін күтіп ұстауға тиіс «СтартСтройСервис» ЖШС «қысқы кезеңге дайын емес» деген шешімге келген. Өйткені мекеменің техника сақтайтын базасы, жылыту бекеттері, инертті материалдар қоры болмаған. Қағаз жүзінде тіркеуде тұрған 7 техника табылмай, шын мәнінде 1 ғана техника бар болып шыққан. Осы кемшіліктер бойынша акт толтырылып, тиісті мекемеге хабарланған.
Жаңақала аудандық партиялық бақылау комиссиясы Жаңақала – Ақжайық, Жаңақала – Қызылоба тасжолына рейдтік шара жүргізіп, жолдың қардан тазаланбағанына, тұзды құм себілмегеніне куә болған.
Бәйтерек ауданына қарасты Орал-Кирсанов бағытындағы жолды күтіп-ұстауға жауапты мердігер «СтартСтройСервис» ЖШС бірнеше мәрте ескерту алғанына қарамастан, жолда көктайғақ болған. Осы мекеменің техникалық базасын тексермек болған комиссия мердігердің өзін де, техникасын да таба алмапты.
Мәселенің мән-жайы
Nur Otan партиялық бақылау комиссиясының бастамасы бар, жергілікті белсенді азаматтардың араласауы бар, өңірдегі жол мәселесі соңғы кезде күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналды.
Қараша-желтоқсан айларында халыққа сұрау салып, жол жағдайын қадағалаған партиялық бақылау комиссияларына халықтан түрлі шағым жауып кеткен. Мәселен, «Орал – Ақтөбе бағыты, Ақтөбе шекарасына дейін жол көктайғақ», «Орал – Ақтөбе бағыты (Алғабас тұсы), Қаратөбе – Орал бағыты көктайғақ», «Ақсай – Шыңғырлау жолы көктайғақ», «Орал – Атырау күре жолы, 238 шақырым тұсы көктайғақ», «Чапаев – Тайпақ жолы жолы қардан тазартылмайды, көктайғақ», «Барбастау – Ақжайық – Индербор бағытындағы жолдың Базартөбе ауылының тұсы күзгі жауында ой-шұңқыр болған батпақ қырылмаған», «Жаңақала – Чапаев (Пятимар тұсы) жолы қардан тазартылмайды», «Жаңақала – Жаңақазан жолы қардан тазартылмайды», «Жаңақала – Сайхын жолы батпақтан кейін қырылмайды», «Бәйтерек ауданы Достық аулына кіреберіс жолы тазаланбаған», «Орал – Кирсанов жолы көктайғақ, жол жиегі тазартылмайды», «Орал – Самара күре жолында көтерілетін және түсетін биік төбелер көктайғақ»...
Жоғарыда айтылғандай, партиялық бақылау комиссиясының мұрындық болуымен 14 желтоқсан күні облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мердігерлер ZOOM онлайн платформасы арқылы бас қосып, мәселені талқылады. 22 желтоқсан күні «Жолаушы Жол» және «СтартСтройСервис» ЖШС мердігерлерінің жұмысы тыңдалып, Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бәйтерек аудандары бойынша жолды күтіп-ұстау бағытында тұрғындардың уәжі жеткізілді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеев ұсынған мәліметке қарағанда, өңірдің 1 620 шақырымдық облыстық маңызы бар жолдарын 2 022 жыл бойы күтіп ұстау үшін 2022 жылға 877 113 296 теңге қаржы қарастырылды. Бұл қаржы 13 мердігер мекемеге берілген. Осы мердігерлердің басым бөлігі үшжылдық келісімшартқа 2021 жылы ғана отырған көрінеді.
– Егер мердігер мекеме өзінің мойнына алған міндетін орындамаса, шарт бойынша оған жалпы алған қаражатының 0,1% көлемінде айыппұл салынады. Анықталған әрбір факт бойынша осындай жаза қарастырылған. Осы қыстың қорытындысы бойынша біз мониторинг жасап, қараймыз. Егер шартты толық орындамай, халықтан арыз-шағым көп түсетін болса, мердігермен арадағы келісімшартты бұзуға дейін барамыз, – дейді А.Менеев.
Өңірде жол мәселесін жиі көтеріп жүрген қоғам белсендісі Айболат Бөкенов 0,1% айыппұлдың өте аз екенін айтады. Сондай-ақ мемлекет қаржысы мердігер мекемелерге қыста қар тазалауға ғана емес, жол таңбаларын салу, жол белгілерін орнату, жол жиегіндегі шөптерді және ағаштарды шабу, асфальтбетон жабынын шұңқырлы жөндеу және т.б. мақсаттарға да берілген. Мысалы, 1 шақырымдық жол сызығын салу үшін 42 394 теңге қарастырылған. Жол бойында бір белгі қою 13 700 теңгеге бағаланған. Айтпақшы, осы жол белгілерінің де өзінің пайдалану мерзімі болады екен. Рейд осындай жол белгілерінің тиісті мерзімінде жаңартылмайтынын көрсеткен. Мысалы, Орал – Атырау күре жолы бойындағы кейбір белгілердің алмастыру мерзімі 7-8 жылға асып, ескіріп кеткен.
Өңірдегі қысқы жол тазалығына байланысты өткен қоғамдық тыңдау осы саладағы кейбір түйткілдерді анық көрсетті. Мәселен, жолдарды күтіп ұстау үшін жарияланған тендерге қатысушы мекеменің техникалық базасы, әлеуетіне қатысты талап өте жеңіл. Мердігер тендерге қатысу үшін кез келген мекеменің техникасын көрсетіп, құжатын тіркей алады. Қыс кезінде жолды қар мен мұздан дер кезінде тазалай алмай, халықтың шағымын естіп отырған да осындай мекемелер. Сондықтан келешекте тендер шарттарына өзгеріс енгізіп, талапты күшейту керек, – дейді тағы бір қоғам белсендісі Еділ Бекесов.
Қоғамдық бақылау
Әрине, қарапайым халық, жолға шыққан жолаушы діттеген жеріне бейнетсіз жетуді қалайды. Жол күтімін мойнына алған мердігердің жұмысы сапалы болуы үшін қырағы қадағалау, қоғамдық бақылау керек-ақ. Өкініштісі, өз міндетіне самарқау қарайтын мекемелер де жоқ емес. Мысалы, желтоқсан айында Ақжайық ауданы Жамбыл ауылдық округінің ресми парақшасына: «Жолаушы жол» мекемесі, жолды тазалап кетіңізші, өтініш!» деген хабарлама жазылған. Мекеме басшысына тікелей айтылған өтініштер орындалмаған соң, осылай жария сұраудан басқа амал қалмаған.
Nur Otan партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Афиза Семғалиева осындай шағымдарға дер кезінде көңіл аудару үшін әр мердігер мекемеге әлеуметтік желіде өз парағын ашуды ұсынды. «Жол сапасына шағым немесе ұсыныс-пікір айтқысы келген көлік жүргізушісі немесе жолаушы өз ойын, фото-бейне материалды сол парақшаға дер кезінде жарияласа, оның ықпалы, нәтижесі күшті болар еді» дейді Афиза Болатқызы.
Бұл ұсыныс облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қабыл алынып, сәл өзгеше түрде жүзеге асты. Яғни басқарма тарапынан облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы уақытта күтіп ұстауға қатысты арыз шағымдарды, ұсыныстарды WhatsApp нөмірі арқылы +7 771 179 63 92 қабылдайды. Бұл нөмірге облыстағы жол құрылысы және қоғамдық көлік мәселелеріне де қатысты сұрақтарды жолдауға болады.
Биылғы 19 қаңтар күні іске қосылған осы желіге 10 күн ішінде 81 шағым және сұрақ түсіпті. «Мұның ішінде аудандық маңызы бар жолдарға қатысты – 4, қалаішілік жолдар мен қоғамдық көлікке қатысты – 65, облыстық маңызы бар жолдар мен қоғамдық көлікке қатысты – 5, республикалық маңызы бар жолдарға қатысты – 4 және басқа мәселелер бойынша 3 сұрақ пен шағым келіп түсті. Барлық мәселе бойынша жауапты мекемелер жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады» деп мәлімдеді А.Менеев.
«Қазавтожолға» сәлем айт!
Соңғы кезде қоғамдық талап күшейіп, өңірдегі облыстық және аудандық деңгейдегі жолдарға бақылау күшейді. Оның нәтижесі де жаман емес. Бірақ «Қазавтожолға» тікелей бағынатын республикалық жолдар мәселесі әлі ушығып тұр. Адам қазасына соқтыратын ауыр жол апаттары да дәл осы республикалық жол бойында жиі қайталанады.
– «Қазавтожол» компаниясының облыс бойынша бас инженері Аңсар Рахматуллинның айтуынша, 2021 жылғы 6 желтоқсанға дейін жол күтіміне 1,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы қаржы қайда жұмсалады? Неге «Қазавтожол» қажетті техникаларын жаңартпайды? Үкімет басшысынан қаржылық бақылау комитетіне тапсырма беріп, республика бюджетінен бөлінген қаржыға тексеру жүргізуді сұраймын. Әйтпесе, жауапсыз жол мердігерлердің кесірінен бейбіт күнде жол бойында қаза тапқан халық саны азаймай отыр, – дейді Еділ Бекесов.
Айтпақшы, «Қазавтожол» ҰК АҚ басшысы Асқар Мұратұлының атына Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Мұқаев өңірдегі мәселелерді айтып, бірнеше мәрте хат жолдаған. Оның бір де біріне жауап болмаған.
«Көршілес мемлекеттерде жол тазалаушы мекемелер қар жауа басағанда-ақ тазалау жұмысына кіріседі. Сөйтіп, жол бетінде қар, мұз қатуына, көктайғақ пен кедір-бұдыр болуына мүмкіндік бермейді. Сол арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алады. Алайда бізде бұл әдіс қолданылмайды. Жол күтуші мердігерлер ауа райын болжайтын мекемелердің мәліметін пайдаланбайды. «Қазавтожол» мекемесі арнайы техникамен небәрі 58%-ға қамтылған, оның 41%-ы ғана жұмысқа жарамды. Жедел жүретін әмбебап машиналар саны қажетті мөлшердің 57%-ы ғана. Жол тазалайтын мекемелер «Көктайғақ» деген белгі орнатумен шектеледі. Тұзды құмды тек ылди мен өрге ғана кешігіп себеді. Жолдың қалған бөлігі қаралмайды. Осындай салғырттықтың себебінен ауыр жүк көліктері «Орал – Атырау» күре жолының Желтау биігі тұсында, «Орал – Самара» жолында жиі кептеліп қалады. Бұған қоса, республикалық жолдар бойында жол қозғалысына қауіп төндіретін ақаулар – шұңқырлар мен шоқалақтар пайда болған. Осындай жағдайларға байланысты өңірде әлеуметтік наразылық күшейіп келеді. Сондықтан жол саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, республикалық дәрежедегі жолдарды күтіп ұстауға қажетті қаражатты толық бөлуді сұраймыз. Жолды күтіп-баптауға бөлінетін қаражат мөлшері Ресей Федерациясынан 5 есе аз. Жол күтетін техника паркі әбден ескірген. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті шараларды қолданып, қалыптасқан ахуалды түзеуді сұраймыз. Бұл мәселе халықтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, өте өзекті. Қабылданған шаралар жөнінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», делінген соңғы хатта. Әзірге жауап жоқ.
Батыс Қазақстан облысы