• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Ақпан, 2022

Топырақты тұздан арылтар тәсіл

871 рет
көрсетілді

Мұнайлы өңірдегі көптен шешімін таппай жүрген мәселенің бірі – көгалдандыру. Ала жаздай ала шаң басып тұратын шаһар­да жыл сайын мыңдаған көшет егіледі. Алайда әлі күнге өсіп тұрған көшеттер жоқ. Енді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары ұсынған жаңа әдіс ескеріле ме?

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов жетекшілік ететін ғалымдар тобы орманға лайықталған көшеттерді, сондай-ақ жеміс ағашын өсіру үшін сазды және ауыр сазды топырақты тұзданудан қорғаудың тың тәсілін ойлап тапты. Ғалымның айтуынша, тұзданған топырақты терең қопсыту жүргізіледі. Арықтар, уақытша және топтама кәріздер тілініп, жалдар үйіледі. Тыңайтқыш берілгеннен кейін танаптағы жер тегістеліп, гектарына 15-20 тонна көң, 3-5 тонна ғаныш (бор тасты күйдіру арқылы алынатын құрылыс материалы), геолит немесе шунгит табиғи сорбенттері қолданылады. Басқаша бейнелегенде, талдың, соның ішінде жеміс ағашының көшетін егу алдында топырақты су мен тұздан арылтып алу керек.

– Қазір аталған интеграциялық тәсілді қолдану үшін жергілікті кәсіпкерлердің бірі 1 гектар жер телімін ұсынып отыр. Бұл әдіс бір жылда тиімділігін береді. Жаңа жобаны тиімді пайдалансақ, құнарланған топыраққа егілген көшеттер жайқалып өсіп, жеміс берер еді, – дейді Болат Мұхамбетов. Жақында атыраулық ғалымдардың жаңа жобасына патент берілді.

 

Атырау облысы