• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Ақпан, 2022

«Валенсия Вуэльтасы» аяқталды

223 рет
көрсетілді

Испанияда өткен велошабандоздардың «Валенсия Вуэльтасы» көпкүндігі өз мәресіне жетті.

93 жылдық тарихы бар жарыстың соңғы бесінші турында нидерландтық Фабио Якобсен (Quick-Step Alpha Vinyl Team) алдына жан салмады. Италиялық Элиа Вивиани (INEOS Grenadiers) мәре сызығын екінші болып қиып өтсе, норвегиялық Александер Кристофф (Intermarché – Wanty – Gobert Matériaux) үшінші сатыға табан тіреді. Ал қорытынды есепте Александр Власовтың алдына ешкім түсе алмады. BORA – hansgrohe клубы сапында өнер көрсетіп жүрген 25 жастағы спортшы былтыр ғана «Астананың» намысын қорғағанын қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. «Валенсия Вуэльтасындағы» Власовтың көрсеткіші – 18:56:45. Жарыс жеңімпазынан 32 секунд қалып қойған бельгиялық Ремко Эвенепул (Quick-Step Alpha Vinyl Team) екінші орын алса, испаниялық Карлос Родригес (INEOS Grenadiers) үшінші сатыға жайғасты.

«Астана» клубы мүшелері арасынан ең үздік нәтижеге Давид де ла Крус қол жеткізді. Александр Власовтан 2 минут 28 секунд қалып қойған испаниялық легионер тоғызыншы орынды қанағат тұтты.