Бүгінгі таңда қара құрлықта футболдан Сенегал құрамасының айы оңынан туып тұр. Оған кеше ғана Камерунда аяқталған Африка кубогы жолындағы жарыс барысында анық көз жеткіздік.
Финалда Сенегал мен Мысыр құрамалары күш сынасты. Яундедегі Поль Бийя стадионында өткен кездесуде есеп ашылған жоқ. Бір айта кетерлігі, бәсеке басталған бетте мысырлықтардың қақпасына пенальти белгіленген еді. Алайда сенегалдықтардың бас жұлдызы Садио Мане өз мүмкіндігін ұтымды пайдалана алмады. Қосымша уақытта да ештеңе өзгермеді. Содан бас жүлденің иегері пенальти соғу барысында анықталды. Бұл ретте Сенегал футболшыларының асығы алшысынан түсті. Бұл команданың құрамындағы Кулибали Калиду мен Диалло Абду нысананы дәл көздесе, мысырлықтар сапынан Сайед Ахмед қана мергендік танытты.
Осылайша, шешуші сында 2:1 есебімен жеңіске жеткен Сенегалдың футболшылары өз тарихында тұңғыш рет Африка кубогын олжалады. Ал қола медальды Камерун құрамасы иеленді.