• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Ақпан, 2022

Шабысыңнан жаңылма, Шавқат!

442 рет
көрсетілді

Күні кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында аралас жекпе-жектен өткен UFC турнирінде Гайананың өкілі Карлстон Харристы айқын басымдықпен ұтқаннан кейін Шавқат Рахмоновтың беделі күрт өсті. Бұл күндері барша шетелдік БАҚ өкілдері қазақтың қайсар ұлының мінсіз техникасы мен асқан шеберлігі жайында жарыса жазуда.

Әрине, оған еш таңдануға болмайды. Спорттың осы тү­рін серік еткелі бері Шавқат ай­қас алаңына 15 мәрте шы­ғып, барлығында жеңіске жетті. Бір кереметі, сол жек­пе-жектердің барлығын қан­дасымыз мерзімінен бұрын аяқ­тады. Тарқатып айтсақ, то­ғыз қарсыласын ол бірінші және бес қарсыласын екінші кезеңде ойсырата ұтты. Тек Өзбекстанның өкілі Фаридун Одилов үшінші раундқа дейін шыдап бақты. Бірақ онысы бекер еді. Рахмонов оны бәсе­кенің басынан аяғына дейін қуып жүріп сабады. Бұл жекпе-жекте Одилов оңбай таяқ жеді. Кездесудің аяқ­талуына екі минуттай уа­қыт қалғанда есінен тандырды.

Кәсіби спортшы болып әбден қалыптасқанға дейін жоқ­­­шылықтың тауқыметін әбден тартқан Шавқат қара жұ­мысқа әбден жегілгенін біз бұған дейін де сан рет жаз­ған­быз. Базарда жүк те тасы­ды, арба да итерді. Десек те, өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқа­сында көздеген мақса­тына қол жет­кізді. Бүгінгі таңда Рахмонов күллі Алаш жұртының ғана емес, төрткүл дүние жанкүйер­лерінің қошеметі мен сүйіс­пеншілігіне бөленген мықты спортшыға айналды.

Қазіргі кезде Шавқаттың еңбегі материалдық тұрғыдан лайықты бағалануда. Осыдан бір жыл бұрын жомарт жандар батыр ұлға Toyota Camry 70 көлігінің кілтін табыс етті. Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-дегі әр жекпе-жегі мен жеңісі үшін қомақты көлемде қаржы алуда. Мәселен, соңғы айқастағы жеңісі үшін 94 мың АҚШ доллары (20 мың жекпе-жекке шыққаны үшін+20 мың же­ңіске жеткені үшін+50 мың жарыстағы ең әдемі нокаут үшін+4 ынталандыру төлемі) көлемінде сыйақы алды. Сөз жоқ, Рахмонов оған лайық.

Иә, оның бәрі өтті. Рах­моновтың әр кездесуі, әр же­ңісі тарих қойнауына кетті. Алда оны жаңа белестер күтіп тұр. Дәл қазіргі кезде «Шав­қат алдағы уа­қыт­­та кіммен жекпе-жек­ке шығады?» немесе «UFC-дің чем­пиондық белбеуі үшін қа­шан таласады?» деген сы­ңайдағы сауалдар барлық жан­күйерлерді мазалауда. Осы сұрақтың жауабын табу үшін аталған промоушеннің рей­тингіне көз жүгірткен жөн.

«Нигериялық қорқыныш» деген бүркеншік есіммен танымал 34 жастағы Камару Усман бұл күндері UFC-дің жар­тылай орта салмақтағы чем­пиондық белбеуін иеленуде. АҚШ-тың туы астында өнер көрсетіп жүр­ген ол өзінің лақап аты ай­тып тұр­ғандай Нигерияның Бенин-Сити қаласында дүниеге кел­ді. Кезінде оның ата-анасы қара құрлықтан Америкаға қо­ныс аударды. Алғашында еркін күреспен шұғылданған Кама­ру кейіннен аралас жек­пе-жекке ден қойды. 2012 жыл­дан бері түрлі жарыстарға қатысуда. Сол кезден бері 21 кез­десу өткізіп, 20 рет жеңіске жетті. Соның тең жартысында айқын басымдық танытты. Спорттық мансабын бастаған кезде ол Хосе Касерастан же­ңіліп қалған болатын. Бірақ одан кейін шашасына шаң жұқтырмады. 2015 жылдан бері UFC-де бақ сынауда. Ара­да төрт жыл өткеннен соң Тайрон Вудлиді ұпай санымен ұтып, алтын белбеуді иеленді. Кейіннен Усман сол атағын бес рет сәтті қорғады.

Чемпионды өкшелеп келе жатқан өте күшті үш спорт­шы бар. Олар – Колби Ковинг-т­он, Гильберт Бернс және Леон Эдвардс. Барлығы да на­ғыз «сен тұр, мен атайындар». Колбидің жасы 33-те. Ол АҚШ-тың Калифорния штатының тумасы. Лақап аты – «Хаос». Ковингтон 19 бәсе­кенің тек үшеуінде ғана ұтыл­ды. Ертеректе Варлес Ал­вистен жеңілсе, кейіннен Камару Ус­манға екі рет есе жіберді. Қал­ғандарының бар­лығын сыпыра ұтты.

Екінші орында тұрған Гиль­берт Бернс 35 жаста. Брази­лияның азаматы 24 кездесу өткізіп, 20 рет жеңіс тойын тойлады. Осыдан тура бір жыл бұрын оның чемпиондық бел­беуді иеленуге тамаша мүм­кіндігі болды. Бірақ шешуші сында сол баяғы Усманнан тех­никалық нокаутпен ұтылды. Бір айта кетерлігі 2016 жылдың күзінде Бернс өзінің отандасы Мишел Празериске жол берген. Ал дәп сол спортшыны біздің Шавқат Рахмонов былтыр жазда қылқындырып тастағаны белгілі. Міне, осы жайттың өзі-ақ қазақ спортшысының шынайы әлеуетін байқатса керек.

UFC рейтингінде үшінші сатыға жайғасқан Леон Эдвардс 1991 жылы Ямайкада дүниеге келді. Бұл күндері Англияның туы астында өнер көрсетіп жүрген ол кезінде Альберт Тү­менов, Дональд Серроне, Рафаэль Дус Анжус және Нейт Диас сынды саңлақтарды сан соқ­тырды. Октогонда 23 мәрте шыққан ол, 19 рет үстемдік танытты.

Жоғарыда есімдері аталған саңлақтардан бөлек, Висенте Люке, Белал Мұхаммед, Хорхе Масвидаль, Стив Томпсон, Нил Мэгни, Шон Брэди және Майкл Киеса секілді мықтыларды да айрықша атап өтуге болады. Міне, осы жігіттер жартылай орта салмақтағы «ТОП-10» жекпе-жек шебелері санатында. Олардың барлығы да талай дүрмекке қатысып, үлкен тәжірибе мектебінен өткен сақа спортшылар.

Қазіргі кезде UFC-де жар­­қырап жанып келе жат­қан жұлдыздардың бірі әрі бірегейі ретінде Хамзат Чи­маевтың есімі жиі аталуда. 27 жастағы Чешенстанның тумасы қазіргі кезде Швецияда тұрады. Оның аралас жекпе-жекпен айналысқанына төрт жылға жуықтап қалды. Сол аралықта 10 рет айқас алаңына шығып, барлығында айқын жеңіске қол жеткізді. 2020 жылдың жазында әлемдегі ең белді промоушенмен келісімшартқа отырған Хамзат төрт кездесуінің бар­лығын мерзімінен бұрын аяқ­тап, көпшіліктің көзіне бірден түсті. Сол бәсекенің үшеуін­де ол қарсыластарын бірінші раундта-ақ қапы қалдырды. Бір кереметі, осы төрт жекпе-жекте Чимаев өзіне небәрі екі соққы ғана дарытқан екен.

UFC-де өзін түбегейлі мо­йын­дату үшін Шавқат Рах­моновқа осындай дүлей күш иелерімен айқасуына тура келеді. Бірақ қазақтың қайсар ұлының олардың ешқайсынан қаймықпайтынына қылаудай да күмәніміз жоқ. Алда оны бүгінгіден де мықты қар­сы­лас­тар күтіп тұр. Сол жек­пе-жек­­­терде де жерлесіміз өз жан­­күйерлерін жерге қарат­пай­тынына сенімдіміз. Өйт­кені Рахмоновтың бойында чемпионға тән қасиеттің бар­­лығы да бар. Ол UFC-дің алтын белбеуін иеленуге лайық жігіт. Олай болса, алға дейміз! Ша­бысыңнан жа­ңылма, Шавқат!