• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 08 Ақпан, 2022

Қысқы Олимпиада: Рекордтар, жетістіктер, дебютанттар

388 рет
көрсетілді

Бұл күндері дүниежүзі спорт сүйер қауымының назары Бейжіңге ауғаны белгілі. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен Қысқы Олимпия ойындары ә дегеннен тартыс­ты басталып, жарыстың алғашқы күндері-ақ түрлі спорт түрлерінен әлем және Олимпиада рекордтары жаңарып жатыр. Осы орайда біз Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайты ұсынған биылғы төрт жылдықтың басты додасына қатысты бірқатар қызықты мәліметті ұсынғанды жөн көрдік.

 

Сауд Арабиясы мен Гаити алғаш қатысып жатыр

Қысқы Олимпия ойында­рының тарихына көз жүгіртсек, әр Олимпиадаға қатысқан мемлекеттер саны жаңа елдермен толығып отырады. Мәселен, биылғы Бейжіңдегі төрт жылдықтың басты бәсекесіне Гаити мен Сауд Арабиясы тұңғыш рет қатысып жатыр. Тау шаңғысы спортынан сынға түсетін Ричардсон Виана Гаитиді Олимпиадада лайықты таныстыруға тырысып көрмек. Ол ерлер арасындағы слалом гигант бойынша бақ сынайды.

Тағы бір тау шаңғышысы Файик Абди Қысқы Олимпия ойындарында Сауд Арабия­сының атынан қатысқан алғашқы спортшы болмақ. Ал Сауд Арабиясының өзі Қысқы Олимпиадаға спортшысын жіберген Парсы шығанағындағы алғашқы ел атанып отыр.

Шлепердің шамасы неге жетеді?

Тау шаңғысы спортының жанкүйерлеріне Сара Шлепердің есімі жақсы таныс болса керек. Ол 1998 жылдан бері Қысқы Олимпия ойындарында АҚШ пен Мексика құрамаларының атынан өнер көрсетіп келеді. 19 ақпанда 43 жасқа толатын Шлепер Бейжіңде тарихи жетістік тіркеп отыр. Ол тау шаңғысы спорты бойынша қатарынан алты Олимпиадаға қатысқан үшінші және алғашқы әйел спортшы атанды. Бұған дейін тек екі спортшы ғана алты бірдей Олимпиадада өнер көрсету құрметіне ие болған еді. Олар: мексикалық тау шаңғышысы Хубертус фон Гогенлоэ мен лихтенштейндік Марко Бюхель.

2014 жылдан бастап Мексиканың туы астында жарыстарға қатыса бастаған Шлепер мұның алдында қатарынан төрт Олимпиадада АҚШ намысын қорғаған болатын. Сара Олимпия ойындарында тұңғыш рет 1998 жылғы Нагано Олимпиадасында 19 жасында бақ сынады.

Керлингтегі алтыншы Олимпиада

Қысқы Олимпия ойындарында жан­күйерлер көп түсіне бермейтін бірнеше спорт түрі бар. Соның ең негізгісі – 1998 жылдан бері Олимпиада бағдарламасына енген керлинг спорты. Қызығы, сол жылдан бері дәл қазіргі Олимпиада чемпионы америкалық Джон Шустер мен норвег Торгер Нергор керлинг бойынша бес Олимпиадаға қатысқан алғашқы спортшылар.

Алайда Нергор үшін бұл алтыншы Олимпиада болуы керек еді. Алайда ол Нор­вегия құрамасымен 2006 жылғы Турин Олимпиадасына барса да, сол күйі жарыс жолына шыққан жоқ. Бірақ алғашқы Солт-Лейк-Сити (2002) Олимпиадасында-ақ алтын жүлде жеңіп алды. Ванкуверде (2010) норвегиялықтар шеберлігімен ғана емес, ерекше киім үлгісімен жанкүйерлер назарын өздеріне аударды. Әсіресе олардың түрлі-түсті шалбары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Батыл жасалған дизайн онсыз да әсерлі жарысқа одан сайын көрік бере түскендей болды.

 Такэути мен Фишналлер рекорд алдында

Жапониялық Томока Такэути мен италиялық Роланд Фишналлер сноуборд бойынша Олимпиада жарыстарына биыл алтыншы рет қатысып отыр. Сноубордшылар арасындағы Олимпиада рекорды канадалық Джесси-Джей Андерсонға тиесілі еді. Енді бұл тізімге Такэути қосылды. Сондай-ақ ол алты Олимпиадаға қатысқан алғашқы жапон қызы болмақ. Ол Сочи Олимпиадасында (2014) параллельді слалом гигантта күміс медаль иегері атанып, әйелдер арасындағы сноуборд бойынша Жапонияға алғашқы Олимпиада жүлдесін сыйлаған еді.

Скелетон шеберлері

Ағалы-інілі Мартинс және Томас Ду­кур­с­тар мен америкалық Кэти Юлендер – Олимпиада тарихындағы ең тәжірибелі скелетоншылар. Олар үшін биылғы Бейжіңдегі дода – бесінші Олимпия ойындары. Мартинс – әлемнің алты дүркін чемпионы. Латвиялық спортшыдан бөлек тағы үш адам ғана скелетон бойынша екі Олимпиада медалін алған. Олимпиаданың екі күмісінен (2010, 2014) кейін Мартинс Бейжіңде алтын алатынына сенімді. Әлемнің экс-чемпионы Кэти Юлендер әйелдер арасында Қысқы Олим­­­пия ойын­­да­рына қатысуы бо­­йын­ша АҚШ ре­кордын қай­та­лайды.

Пехштайн тоқтап қалмайды

Германиялық конькимен жүгіру спор­тының өкілі Клаудия Пехштайн Бейжіңдегі Ойындарда бірнеше рекордтың мұртын бұзды. Ол сегіз Қысқы Олимпия ойындарына қатысқан екінші спортшы атанып, жапо­ниялық Нориаки Касайдың рекордын қайталады. Пехштайн Олимпиада жолын 1992 жылы Альбервильде бастады. 49 жасында Қысқы Ойындардағы жасы ең үлкен қатысушы ретінде тарихта қалды. Бейжің Олимпиадасының жабылу салтанаты рәсімінен екі күннен кейін неміс спортшысы 50 жасқа толады. Пехштайн қоржынында конькимен жүгіру спорты бойынша тоғыз Олимпиада медалі бар: бес алтын, екі күміс және екі қола.

 Шорт-тректегі рекордтар

Шорт-тректен Италия құрамасының өкіл­дері Арианна Фонтана мен Юрий Кон­фортола және канадалық Шарль Амлен бес Олимпиадаға қатысқан шорт-трекшілердің қатарына қосылып отыр. Бейжіңдегі додаға дейін тек үш спортшы ғана осындай атаққа қол жеткізген еді.

Фонтана 2006 жылғы Туриндегі ойын­дарда дебют жасап, өзінің барлық төрт Олим­пиадасында да еліне жүлдесіз қайтпаған. Өз отанында ол 15 жас 314 күнінде Италия тарихындағы ең жас Олимпиада жүлдегері атанды. Фонтана қоржынында шорт-трек бойынша сегіз Олимпиаданың жүлдесі бар. Ол әйгілі Аполо Оно мен Виктор Анның рекордын қайталады.

Бес дүркін олимпиада жүлдегері Амлен – Канада тарихындағы шорт-трекшілер Марк Ганьон мен Франсуа-Луи-Трамбле және мәнерлеп сырғанаушы Скотт Моир секілді ең құрметті Қысқы олимпиадашының қатарында.

 Қыста да, жазда да...

Әлемде Қысқы Олимпиадамен қатар, Жазғы Ойындарға да қатысу мәртебесіне ие болған спортшылар қатары көп емес. Бейжің Олимпиадасында екі додаға бірдей қатысқан тағы бір спортшы қосылды. Ол – британиялық Монтелл Дуглас. Бір таңғаларлығы, ол 2008 жылы Бейжіңдегі Жазғы Олимпиадада жеңіл атлетикада жарыс жолына шықса, араға 14 жыл салып Бейжіңдегі Қысқы Олимпиадаға қайта келді. Монтелл бұл жолы бобслей спортынан жүлдеге таласып көреді. Осылайша, Монтелл Дуглас Жазғы Ойындармен қатар, Қысқы Олимпиадаға қатысқан алғашқы британдық спортшы ретінде тарихқа енді.