Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресті жалғастыру қажеттігі туралы тапсырма берді. Бұл ретте тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға ерекше назар аудару қажет.
Сенаттың бейінді комитетінің төрағасы Владимир Волков өз сөзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.
«Тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықтың ауқымы аса маңызды, сондықтан белгілі бір қызметкерді немесе лауазымды адамды «ынталандырусыз» бірде-бір күнделікті мәселені шешу мүмкін емес деген пікір көпшіліктің санасына еніп кетті. Сондықтан тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеу және іске асыру бағытында жұмыс екі бағыт бойынша – лауазымды адамдармен және қоғаммен тікелей арақатынаста жүргізілуге тиіс деп ойлаймыз», деді депутат.
Сенаторлардың пайымдауынша, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азаматтық қоғамға кері әсерін тигізіп, шенеуніктерді жемқор етеді, сыбайлас жемқорлықты күнделікті, қарапайым, жалпы қабылданған, тіпті қоғам тарапынан айыпталмайтын құбылысқа айналдырады. Осыған байланысты депутаттар азаматтық қоғамды тарту және тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қабылданып жатқан шаралар туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Асхат Жұмағалиев баяндады.
«Сыбайлас жемқорлықтың құрылымдық сипатына жүргізілген талдау мынаны көрсетіп отыр. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың, ішкі істер органдарының, квазимемлекеттік саланың қызметкерлеріне тиесілі. Атап айтқанда, кеден қызметі, білім саласы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және денсаулық сақтау саласында көптеп кездеседі. Әсіресе кейінгі жылдары пара алу мәселесі өзекті болып тұр. Осылайша, сыбайлас жемқорлықтың күнделікті үлесі 60 пайызға тең. Жылдан-жылға пара беру артып келеді. Мысалы, 2015 жылы осындай бұзушылықтың үлесі 33 пайыз- ды құраса, былтыр оның көлемі 60 пайызға жеткен», деді А.Жұмағалиев.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов айтып берді. Ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында 2021 жылдың 20 қыркүйегінен бастап бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе, нотариаттық мәмілелердің барлық түрі бойынша, мұраға құқық туралы куәлік, жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы куәлік арқылы жеделдетілген тіркеу қызметі іске асырылғанын жеткізді.
«Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және қызметтердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда көрсетілетін қызметті алушылармен байланысты келеңсіздіктерді азайту мақсатында әлеуметтік-еңбек саласынадғы 10 мемлекеттік қызмет электронды форматқа ауысты», деді Б.Жүнісов.
Өз кезегінде Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі Шыңғыс Лепсібаев отырысқа қатысушылар алдында тұрмыстық сыбайлас жемқорлық факторларын, оның ішінде қоғамның құқықтық сауаттылығының төмен деңгейін, құқық қорғау органдары мен сот төрелігіне сенімнің болмауын, айыппұлдардың, салықтардың жоғары деңгейін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің беделінің болмауын атап өтті.
Отырысқа Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, бірқатар министрліктердің, сондай-ақ Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының өкілдері қатысты.