• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 09 Ақпан, 2022

Экономика мен саясатты қатар ұстау қажет

719 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ақпарат құралына берген сұхбатында бірталай өзекті мәселені қаузай келе, экономика мен саясаттың қатар жүретінін айтты. Расында экономика мен саясат бір-бірін толықтырып тұрады, бұл – синергиялық құбылыс. Мұны мысалдармен де дәлелдеуге болады.

Сонау тоқсаныншы жылдары ел егемендігін нығайтудың елең-алаңында «алдымен экономика, сонан кейін саясат» деген ұран болды. Кезінде ол керек еді, өйткені демократия буына мастанған қоғам жаппай саясаткер болып, көше демократиясы ушығып кетті. Әр мекеме өз басшыларын сайлауға кірісіп, оның соңы жершілдік пен рушылдыққа әкеп соқты. Ал экономикамыз Кеңес дәуірінде шырмалып қалғанына байланысты зардап шеге бастады. Сондықтан халықтың жағдайын тығырыққа тіремей, тоқыраудан алып шығу маңызды болды.

Ал соңғы онжылдықтары ха­лықт­ың саясатқа араласуы бәсең­деді. Есесіне, осы кезеңде эконо­ми­каның көлеңкелі тұстары қылаң беріп, олигархиялық экономика бас көтерді. Саяси институттар ат төбеліндей байлардың ықпалында кетіп, халықтың мұңы атқарушы билікке жетпей қалды. Ашынған қоғамның ащы дауысы үдей түсіп, ақыры биылғы қаңтар айындағы оқиғаға ұласты. Оның басы бейбіт митинг болып басталғанымен ая­ғы қақтығыс пен қантөгіске әкеп соқ­­ты. Осыған ерекше мән берген Мем­­­лекет басшысы саясат пен эко­­но­мика қатар жүруі керектігін айтты.

Расында Конституцияның 66-бабында «Үкімет мемлекеттiң әлеу­меттiк-экономикалық сая­са­ты­­ның, оның қорғаныс қабiле­тiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғам­дық тәр­тiптi қамтамасыз етудiң негiз­гi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйым­дастырады» деген. Яғни алдымен әр салада мемлекеттік саясат әзірленеді, содан кейін олардың басым бағыттары белгілене отырып ол экономиканың әр саласында жүзеге асырылады. Сондықтан саясат деген сөзге үрке қарамай, қайбір ауқымды жұмыстарды бас­­тамай тұрып, оның іске асыру жолдарын нақтылап алған жөн.

Ал енді мұны талдап көрейік. Мысалы, аграрлық саланы дамытуда қандай саясат бар? Біз­дің білетініміз тәуелсіздік алғалы ауыл шаруашылығындағы саясат миллиондаған гектар жерге бидай егу және оны экспорттау болып келеді. Бұл саясат сонау Кеңес дәуі­рі­нен бері бар. Қазіргіден айыр­­машылығы, бұрынғыдай ор­тақ қазанды толтыру емес, енді өнім­ді шетелге экспорттау. Шетел­дерден мыңдаған дол­лар­­ға мал тасып, мал бор­дақы­­лау алаңдарын саламыз деп бір шу­­ласақ, кейін жайылым­ды иге­ре­йік деп дүрлігіп, төрт мың құ­дық қазбақшы болдық. Ондағы сая­сат та ет өнімін экспорт­тау бола­тын. Ал бұл жұмыс­тардың қоры­ты­н­дысы сиырқұймы­шақ­танып кетті.

Ендігі мал шаруашылығы саласындағы саясаттың басым бағыты шошқа өсіру болып тұрған сияқты. Оған айғақ, өткен жылдары осы салаға әсірекөп субсидия бөлінген. Айталық, әр асыл тұқымды жылқының айғыры мен түйенің бурасын сатып алуға 100 мың теңгеден бөлінсе, әр ата­лық шошқаға 140 мың теңге беріл­ген. Олардың аналықтары да құр қалмайды: әр басына 40 мың теңгеден келеді.

Шошқа өндірісі негізінен ет комбинаттарына керек. Өйткені оның майы шұжық өндірісінде ең қажетті қоспа болып саналады. Әрине, шешім қабылдамас бұрын оны таразыға салып, жан-жақты електен өткізген дұрыс еді. Мысалы, елді дүрліктірген пандемия жағдайында біздің иммунитетімізді көтеруге қазы-қарта, жал-жая пайдалы болды ма, әлде колбаса қажет болды ма? Қымыз бен саумал үлпілдеген вирус түгілі қан түкіртетін туберкулез таяқшаларын да жоқ қылып жіберетінін ел біледі.

Ал әлеуметтік салада қандай саясат бар, көпбалалы аналарды қорғау ма, әлде жастарды қолдау ма? Еңбекпен қамту саласында не жаңалық? Жылда халықты оқытудан кемшілік жоқ сияқты, бірақ кәсіби жұмысшылардың қалыптасқан тобы байқалмайды. Білім саласындағы даңғаза сая­саттың салдарынан жеке меншік  жоғары оқу орындары көптеп ашылып, жас­тар экономист пен заңгер ма­ман­­дығының айналасында топтас­ты, соңында қос-қос дип­ломы бар, бірақ жұмысы жоқ жас­тар көбейді.

Енді келіп техникалық ма­ман­дарға зәру болып отырмыз. Жер­гілікті жұмысшылар сырт­тан келетін гастарбайтерге бәсе­келес те бола алмай жатыр. Жұ­мыс берушілер көбіне өзбек ағайындарды алады. Сонымен қатар миллиардтаған қаржы көр­ші мемлекетке кетіп, сол елдің экономикасын көтеруге жұмыс істеп жатыр.

Арнаулы әлеуметтік қолдау жүйесіндегі саясат елді жалқау­лыққа үйретіп жатқан сыңай­лы. Сондықтан бұл жұмысты қайта қарастырып, оған терең мән бермесе болмайды. Жал­пы, әлеуметтік төлемдер туған баланың санына қарап, бірінші баладан бастап берген дұрыс. Кезінде өзім әр от­­ба­сында кем дегенде бір адам жұ­­мыс іс­теуге тиіс деген ұсыныс айт­­қан­­­мын. Соны қолға алу керек. Бұл кезін­дегі жақсы саясат деп есеп­теймін.

Қазір министрліктер мен әкім­діктер «Жаңа Қазақстан» құру жолында әртүрлі жобаны әзір­­­леуге кірісіп кетті. Бұрын не­бір бағ­­дарламалар мен жол кар­та­­лары­­нан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Ен­дігі қоғамның тілегі үкімет жос­парлары ұзақмерзімді жылдарды қамтымай, бүгінгі күні күйіп тұрған мәселелерді шешсе дейсің.

Конституцияда атап көрсетіл­гендей, Қазақстан үкіметі өздері бас­қарып отырған сала жұмыс­та­рын ашық жүргізіп, әрбір олқы­лық­тарына жауап беруі керек. Бір сөзбен айтқанда, әр министрлік, әкім­­­дер экономиканың барлық са­ла­­­­­­сында қоғамға түсінікті, орын­­дау мерзімі белгілі жұмыс­тар­­ды қол­­ға алуға тиіс. Оның басым­­­дық­т­а­рын белгілеп, жан-жақ­ты ойлас­ты­­рып, әбден електен өт­кен­нен ке­­йін ғана тәжірибеге енгізу қажет. Ең бас­­ты нысана – сыл­дыр­лаған мак­­ро­­экономикалық көр­сет­кіштер емес, адами өлшем­дер болғаны жөн.

 

 Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы