• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 09 Ақпан, 2022

Дерт дендемесін десек...

217 рет
көрсетілді

Жұмыр жерді жалғыз тарының қауызына сыйдырарлықтай екпінмен ентелеп келген індеттің беті әлі де қайтатын емес. Дерт басталғалы өңірде 65 566 коронавирус жұқтырған жағдай тіркелген екен. Кейінгі тәулікте індет 0,1 пайызға өсті.

Ересектермен қатар бала­лар­дың да індет қармағына ілігуі жиілеп барады. Қашықтан оқы­тылып, сақтық шарала­ры мей­лінше сақталса да, дерт ден­де­уі бәсеңситін емес. Дерек­тер­ге көз салатұғын болсақ, жаман тұ­мау басталғалы өңірдегі мектеп оқушылары арасында індет жұқтырудың 6 066 жағдайы тіркелген. Демек, бұл орайда әлі де жұқпалы ауру жұқтырудың қаупі мол.

Кейінгі тәуліктерде стационарда емделіп жатқан сырқат­тар­дың саны 2,2 есеге азайды. Бұл жай инфекциялық ауру­ха­на­лардағы төсектік орын санын ептеп қысқартуға мүмкіндік туғы­зып отыр. Күрделі кезеңдегі ме­дициналық мекемелердің жағ­дайы туралы сөз сабақтай кетелік. Барлық аурухана оттегімен ты­ныстау аппараттарымен қам­та­масыз етілген. Бұл орайда орта­лық­тандырылған жүйенің де бар екенін, оған қоса 1 171 концетраторлар алынғанын айта кеткен жөн. Қазір 17 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, осы жылдың басынан бері дауасыз дерт салдарынан 27 адам өлімі тіркелді. Әзірге медицина кадрларына тапшылық жоқ. Егер індет үдеп кететін болса, 330 сала қызметкері білек біріктіріп жұмыс істеуге дайын тұр.

Денсаулық сақтау саласы нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық және облыстық бюджет есебінен 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп, 221 бірлік медициналық жабдық сатылып алынды. Бүгінгі таңда өңірде 447 өкпені оттегімен жел­дету аппаратуралары бар. Ком­пьютерлік томографтармен 9 медициналық ұйым жаб­дық­тал­ған.

Бір дәтке қуаты, емхана дәрі­гер­лері қашықтан жұмыс істеп және онлайн консультациялар жүргізе алады. Осының өзі жедел жәрдем жүктемесінің 15 пайызға азаюына мүмкіндік тудырып отыр. Рас, ел шетіне індет жеткенде жедел жәрдем шақырудың өзі қиындап кеткен. Қазір бұл тараптағы арыз-шағым азайды. Шұғыл көмек көрсету үшін 140-тан аса мобильді бригада тұрақты жұмыс істеуде. Оған қосымша 41 автокөлік тар­ты­лып отыр. Осы жылдың қаңтар айында мобильді бригадалар сырқаттардың ша­қыруы бойынша 7 мың мәрте шығып, көмек көрсеткен. Кейінгі апта­ның өзінде өңірде 5 794 шақыру тіркеліп отыр. Осы бір дерекке қарап-ақ ел ішіндегі дерт деңгейін анықтауға болады. Об­лыс орталығының өзінде жәр­дем сұрап шақыратындардың саны өткен аптада 5,6 пайызға көбейген.

Облыста сұранысқа ие дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жа­сақ­талған. Індет басталғалы өңірде жұқпалы аурулардан ем­дейтін стационарлар үшін 1,8 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі сатылып алынған. Оған қоса жергілікті бюджет есебінен «жаман тұмаудан» емдеуге арналған дәрі-дәрмектің жеке қоры құрылды. Емханалар арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелі жүргізілуде. Қазіргі уақытта емханаларда оның мол қоры бар. 2020 жылдан бас­тап облыста тапшылығы бай­қал­ған кейбір дәрі-дәрмекті са­тып алу үшін 500 млн теңге қаржы бөлініп, тұрақтандыру қоры жасалды. Дәріханаларда вирустық ауруларды емдейтін қажетті дәрі-дәрмектің барлығы бар әрі қолжетімді. Өңірде 352 дәріхана тұрақты жұмыс істейді. Сұранысқа ие дәрілерді уақтылы сатып алып жеткізу үшін келісімшарт жасалған. Бөлшек сауда желісі мен көтерме сауда қоймаларындағы дәрі-дәрмекке тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады.

Бүгінгі таңда 8 зертхана ко­ро­навирустық зерттеулерді қам­тамасыз етуде. Мұнда тәу­лігіне 3 мыңға жуық тест жүр­гі­зіледі. Сөз арасында осы жыл­дың басынан бері 60 мың тест өткізілгенін айта кетелік. Осын­ша­ма халықтың 28 пайызы оң нәтиже көрсеткен. Егер қажет болатын болса, зерт­ханалардың резервтік қуаты тәу­лігіне 7 мыңға жуық тест жүр­гізуге жетеді.

Аурудың алдын алу ең алдымен вакцинаға байланысты екені туралы сан мәрте айтылды. Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес, облыста 479 160 адам вакцина алуға тиіс­ті болса, күні бүгінге дейін бі­рін­ші компонентпен 378 адам егіл­ген. Бұл – жоспардың 72 пайызы. Екінші компонентпен 321 мың адам немесе алдын ала жоспарланған көлемнің 67 па­йызы екпе қабылдап отыр. Демек, бұл арада әлі де олқылық бар деген сөз. Күні бүгінге дейін 73 814 адам қайта екпе алды. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Бұл – жоспардың небәрі 34,7 пайызы ғана.

 

Ақмола облысы