Ақпан айы – таулы жердегі аң-құстар үшін ауыр. Жыртқыш жемтікке жарымай, тұяқтылар тебіндей алмай қиналады. Қалың жауған қарды бауырымен жара жортып, азық іздеу оңай ма?! Мұзы қалың қатқан өзен-көлдің балығы да тұншығып, қырыла бастайтыны осы кез.
Катонқарағай мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері жылда түз тұяқтыларына қосымша азық дайындап, соқпақтарындағы қарды атпен жарып, жол салады. Өзен-көлдің мұзын ойып, аэрация жұмыстарымен айналысады. Аэрация деп отырғанымыз, суды ауамен қанықтыру процесі. Табиғат жанашырлары әр жерден мұзды ойып жүргендері сондықтан.
– Жылдағыдай аяз жоқ. Мұз жұқа. Бірақ қар қалың түсті. Қардың қалыңдығы кейбір жерлерде бір метрден астам. Мұздың қалыңдығы 60 см. Мамандар мұзды бұрғылап, суға оттегі жіберді. Балықтардың қырылып қалмауы үшін мұндай жұмыстар жылда істеледі, – дейді жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің саяткер-биологы Ажар Майлханова.
Сонымен қатар биотехникалық, яғни аңдарды азықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жануарларды қорғаушы мамандардың пікірінше, тұяқтылардың қырылып қалмауы үшін қосымша азықтандыру жұмыстары қыстай жүргізілуге тиіс. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Ұлттық парк аумағында аң саны көбейген. Аңдар шоғырын әбден біліп алған инспекторлар сол маңға жаздың күні дайындаған шөптерін шашып, науаға жем салады. Ащылап қалмасын деп, тұздарын қояды. Кәдімгі үйдің малын күткендей жанталасады олар. Сондайда браконьерлердің тірлігі «әттеген-ай» дегізер еді. Абырой болғанда, Катонқарағай Ұлттық паркінің аумағында заңсыз аң аулағандар кездескен жоқ. Ол дағы инспекторлардың қырағылығы, табиғатқа деген шынайы жанашырлығы деп ойлаймыз.
Ақпан қысқа ай болғанымен, қытымыр. Үскірік аязы да, боран-шашыны да бар. Осыны ойлаған парк басшылығы мен қызметкерлері ақпанда аңдардың күтіміне ерекше көңіл бөледі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы