Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құрылатынын жария етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еділ Жаңбыршин 11 қаңтарда Президент Парламент Мәжілісінің және кешегі Үкіметтің отырысында елімізде атқарылатын біраз мәселелерді белгілеп, нақты міндеттерді қойғанын атап өтті.
«Жалпы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен, Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт», деді Е.Жаңбыршин Мәжіліс отырысында.
Депутаттың айтуынша, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешуге қызмет етеді.
«Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан ары тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз», деді Жаңбыршин Мәжіліс отырысында.