Әлеуметтік саясатта, әлеуметтану ғылымында «кедейлік қақпаны» деген ұғым бар. Ол қоғамда қашан туындайды?
Қоғамда жұмыс орындары азайып, әлеуметтік төлемдердің түрлері мен көлемі біздің елдегідей инфляциямен жыл сайын артып отырса, «кедейлік қақпанына» түсеміз. Өкінішке қарай, халықта жұмыс орнынан немесе басқа кіріс көздерінен тұрақты табыс түсіп тұрмағандықтан олар әлеуметтік төлемдерге байланып қалады. Ал ол төлемдер алушылардың кіріс табысын еш арттырмайды, тек олардың күнкөрісіне беріліп отырылады. Сәйкесінше елдегі кедейлер санының артуына алып келді. Экономикалық саясаттың тиімсіздігінен әлеуметтік төлемге қарап отырғандар саны ұлғая берді.
Қазақстанда берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемі мен түрлері де дамыған елдердегідей көп емес. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекті 200 мыңға жуық отбасы алды.
Кірісі төмен азаматтар қатарының көбеюіне аймақтардағы жұмыссыздық үлесінің артуы, тұрақты жұмыс пен лайықты жалақының жоқтығы себеп болды. Ал көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар, асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік көмек алуы заңды.
Мәселе халықта тұрақты табыс көзінің болмауы мен оның көлемінің аздығында болып тұр. Бұл, әсіресе өңірлер мен ауылды жерлерде өте өзекті. Атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың 70 пайызға жуығы кедейшілікте өмір сүреді. Сондықтан сол отбасылардың тұрақты табысын арттыруды назарға алу керек. Оларды ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз ету басты міндет болмауы керек. Сол отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың сапалы өмір сүріп, білім алып, медициналық қызметке қол жеткізіп, қосымша сабақтарға барып, жан-жақты қамтамасыз ету маңызды. Аудан, ауылдарда лайықты жалақы беретін тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселесі кезек күттірмейді. Себебі сол отбасыларда өсіп жатқан балалардың болашағына мән берілуі керек. Кедейлік көрсеткіші өсіп, отбасылар әлеуметтік көмекке байланып отыра берсе, бұл қоғамда масылдық сананың жайылуына алып келеді. Сондай-ақ маргиналды топтардың саны өспесе, азаймайтыны сөзсіз.
Бұл экономикалық тұрғыдан алғанда да тиімсіз. Өйткені елде жұмыс күші бар, демографияға байланысты оның саны артып келеді. Алайда еңбек орындары мен жұмыс күшінің сапасы жоқ.
Біз жүргізген әлеуметтік сауалдамаларда халықтың көбі, әсіресе ауылдық аймақтағы тұрғындар жұмыстың жоқтығын, табыс көлемінің аздығын, инфрақұрылымның төмендігі мен дамуға деген мүмкіндіктің болмауын жиі айтады. Міне, осы төрт мәселе ауылдағы жұртты алаңдатып келеді. Сондықтан елді мекендерде, халықтың тұрғылықты жерінде сапалы инфрақұрылыммен, білім берумен, медицинамен қамтамасыз етіп, туған жерлерінде қалып жұмыс істеуіне, ауылдар мен аудандарды жандандыруына жол ашуды ұсынамыз.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА,
әлеуметтанушы