• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Ақпан, 2022

Жемқорлықты адалдық қана ауыздықтайды

360 рет
көрсетілді

Педагог пен парақор. Бұлар – өзара қабыспайтын, мүлдем кереғар ұғымдар. Неге десеңіз, елдің ертеңін оқытып, тәрбиелейтін маманды парақор ретінде елестетудің өзі қиын. Өкінішке қарай, өзге сала мамандарымен қатар мұғалімдер қауымы арасында да пара алуға бейім жандар ұшырасатынын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе мамандар даярлайтын колледждер мен жоғары оқу орындарында түрлі жолмен пара алу әрекеттері кездесіп жатады.

Өзгелердің есебінен пайда та­бу­ды, сыйлық, ақша алуды жа­ны қалайтындардың қатарында кей­бір әріптестеріміздің көрінуіне не түрткі, педагогтер арасында жем­­қорлық белгілері қалайша кө­рініс табады, олардың қандай әре­кеттерін парақорлыққа жат­қы­зуға болады? Педагог деген құр­­метті атауға, жат әрекетке той­­­­тарыс беру амалдары бар ма? Жем­­қорлыққа қатысты әріп­тес­­тер тарапынан байқаған­да­­рымды, ес­тігендерімді ешбір боя­­масыз, қаз-қалпында жеткізіп, осынау мәр­тебелі мамандық иелері арасында арды ойламай, пайданы ойлайтын мұғалімдерге сөз арнап көрейін.

Мектептерде түрлі мереке қар­­саңында немесе мұғалімнің ту­­ған күніне орай сыйлық ұсыну «дәстүрі» бар. Мұндай кездері ата-аналар комитеті ақша жинап, мұғалімге гүлмен қоса бағалы зат сыйлап жатады. Бірде жас әріп­тесімнің үйінде қонақта отыр­ғанымда, бір оқушысының ана­сы қоңырау шалып, «...үтік алып берейік пе?» дегенін естіп қал­дым. Демек сыйлық алуға итер­ме­лейтін әрекет ата-аналар тара­пынан болғаны ғой. Алайда мұға­лімнің сыйлықтан бас тартуына болар еді... Сондай-ақ кей­бір ата-аналардың өз баласына кө­ңіл бөліп жүрсін деген ниетпен же­ке сый-сияпат жасайтыны да өті­рік емес. Осындайда Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Алушы да, беру­ші де өзіне жағымды жағын іздейді» деген сөзі тілге оралады. Алайда алмай да, бермей де, Шәкәрім бабамыздың «Бәріне қа­на­ғат қыл да, адал еңбек қыл» деген өсиетін өмір сүру қағидасына айналдыру қиын ба?! Мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтерудің, сапалы жұмыс істеудің түрлі жағдайлары жасалып жатыр. Алайда алу-беру үрдісі білім беру ұйымдарының барлық деңгейінде қылаң беріп қалады.

2000 жылдардың басы. Кол­леджде бір жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеді. Сырттай бөлімнің филология факультеті­не бірден жүзге тарта студент қа­былданды. Жоғары білім алу немесе екінші мамандыққа ие болу мақсатымен оқуға түскендердің дені мектепте және балабақшада жұмыс істейтіндер еді. Кейбірі жұмыс істемесе де, жақсы баға алу үшін несін аясын, қарыздан­са да, қажет ақшаны тауып беруге мәжбүр. Осы тұста арамыз­дан оңай олжаға кенеліп қалуды көз­деген педагог табыла кетіпті. Оны­сы кейін жария болды. Берген адам бәрібір айтады. Сөйтсек, сол оқы­тушымыз әр білім алушыдан жүз теңгеден жинап алып, қалтаға басқан көрінеді. Ол кезде бұл – әжептәуір ақша. Қош дейік, кейін сол оқытушымыз бір мектепке директор болып тағайындалды. Әдет қалсын ба, сұғанақ қол қар­пып қалуды қалайды. Тағы бір жайт. Шалғай ауданнан қалаға қоныс аударған мұғалім келін­шек даярлық тобына жұмысқа тұру­ға болатынын естіп, сол мектепке ке­леді. Директор үшін оңтайлы сәт: соғым сұрайды. Амал не, жағдайы шамалы болса да, отбасы мүшелері ауылдағы жалғыз жылқысын сойып, бір бөлігін әкеп береді. Құрыққа ілікпей жүрген сол басшы кейін коттедж сатып алыпты деп естідік...

Білім саласындағы басшы қыз­меткерлердің арасынан оңай олжаға кенелемін деп темір тор­дың ар жағынан бір-ақ шығып жатқандары да баршылық. Мәсе­лен, ақтөбелік бір мектеп дирек­торының 300 мың теңге парамен ұсталғаны туралы көпшілік хабардар болар. Киімге түскен дақ кетер, ал арға түскен кірден арылу мүмкін бе?! «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның са­дағасы» деген халық едік. Арды ақшаға айырбастайтындай не күн туды басымызға?!

Бұл енді беріректе болған оқи­­ға. Үлкен үзілісте мұғалімдер ка­би­нетінде әркім өз ісімізбен айна­­лысып отырғанбыз. Бір кезде есік қағып, сырттай оқитын топ­тың старостасы кіріп келді. Қо­лында – ашылмаған бір қорап файл. «Апай, мынау сізге» деп, бір әріп­тесіміздің қолына ұстата берді. Демек студенттерге өзіне не керегін бұрын ескерткен болып тұр ғой. Бірақ о байғұс өзгелердің көзінше әкеп береді деп ойлама­ған болар, қызарақтап, ыңғайсызда­нып қалды. Тағы бір әріптесіміз сырттай оқитын топ студенттері­нің қымбат әтір сыйлағанын риза­лық кейіппен сөз еткенде, мұның ақыры жақсылыққа жеткізбейті­нін сезген едік. Бір құныққан адам­ның араны алған сайын ашыла түседі. Мектепке директор бо­лып барған сол әріптесіміз кейін істі болды, жегені желкесінен шы­ғып, абыройсыздыққа ұшыра­ды. Осындайда пайдакүнем педагог­тер оқушыларына «адам бол, адал бол» деген сөздерді айта ма екен деп ойлайсың. Әй, қайдам. Орыс педагогі В.Сухомлинский: «Жамандықтың үлкені – пайда­күнемдік. Пайда қуған адам шыншыл да, принципшіл де, ер­жүрек те, өз парызына адал да бола алмайды» деп дөп басып айт­қан екен.

Тағы бір жоғары лауазымды тұлғаның пайдакүнемдік әрекеті жөнінде бір гимназияның оқу ісі меңгерушісінің өз аузынан ес­тідік. «Ол кісіге кейбір мектеп басшылары ақша апарып бе­ре­тін көрінеді. Оны білген біз де ұжым­нан ақша жинадық. Апарып беру маған жүктелді. Қызмет бабымен барған болып, кабинетіне кірдім. Оңашада сөйлесіп отырып, әлгі конвертті жайлап басшының үстеліне қойдым. Ол үшін бұл үйреншікті әдет болса керек, әлгі конвертті үндеместен үстелінің тартпасына сала салды», деген еді сол әріптесіміз. Талай мін­берлерден сөйлеп, көпшілік құр­мет көрсетіп, өнеге тұтатын үлкен кісінің сиқы осындай деген­ге сенгің келмейді, бірақ бұл да болған оқиға. Тағы бір дерек. Өзі сабақ жүргізіп жүрген пәні бо­йынша екінші мамандық алғысы келген әріптесім осыдан біршама жыл бұрын институтқа сырттай оқуға түсті. Белсенді, тындырымды оқытушы. Сонысын байқа­ған болар, оны кураторы топ ста­ростасы етіп сайлапты. Қысқы сессия кезі. Старостаға емтихан қа­был­даушы оқытушыға ақша жи­нап беру «міндеті» жүктеледі. Ке­йін сол «алым жинаушының» «ақ­шаны целлофан қалташаға са­лып жүріп жинадым ғой» деп мыс­қылдап айтқаны әлі күнге естен кетер емес. Неге де­сеңіз, «ұстаз» деген мәртебелі маман­дыққа нұқсан келтіретін мұндай әрекеттер ұмы­тылмайды екен.

Алғаның ұсақ па, ірі ме, бәрі­бір қылмыс болып саналады. Себебі параның үлкен-кішісі болмайды. Ол мысқалдап кіретін дерт секілді бірте-бірте асқынып, ақыр соңында адамды құрдымға ке­тіреді, бірақ соны көре, біле тұра, сабақ ала алмай жүргеніміз алаңдатады. Жемқорлыққа қарсы күрес тынымсыз жүргізіліп келеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптары қатайды. Әйтсе де, жемқорлыққа бару әрекеттері, өкінішке қарай, жалғасып келеді. Тек жазалау ша­ра­ларын қолдану түбегейлі нә­ти­жеге жеткізген жоқ.

Жемқорлық­пен күресті тек Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігіне артып қой­дық. Ақын С.То­райғыровтың «Ел түзелсін де­сең, әуелі өзіңді тү­зе» деген сөзі бар. Әрбір қазақ­стандық, әрбір педагог, әрбір отбасы жемқорлыққа қарсы кү­рес бүкілхалықтық іс екенін се­зі­нуге тиіс. Осынау әлеуметтік зұлымдыққа қарсы күреске, әсі­ресе зиялы қауым өкілдері, сана­сы сергек, ары таза педагогтер белсене атсалысқаны жөн. Облыстық білім басқармалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жос­парына сәйкес барлық білім беру ұйымдары жемқорлыққа қарсы күресті тиімді, жүйелі түр­де жүргізуі қажет. Педагогтер әлемнің барынша дамыған елде­рінің қатарына қосылу, адами ка­питал сапасын жақсарту сынды өршіл міндеттерді орындау парасатты қоғамда ғана жү­зе­ге асатынын пайымдауы қа­жет. Әрбір педагогикалық ұжым сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы мәдениет деңгейін, пара­қор­лықты қабылдамау ахуалын қа­лыптастыруға қол жеткізер болса, бұл білім ордасының жетіс­тік критерийлерінің біріне айналса, ортақ күреске қосылған үлес болары анық. Ол үшін әр педагог парасатты болуға тырысуы керек. Өйткені жемқорлықты адалдық қана ауыздықтайды. Бұл тұрғыда «Қазақстан Рес­публикасында 2015-2025 жыл­дарға арналған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стратегиясында»: «Парасатты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік әрбір адамның ішкі нанымына, ойлауы мен мінез-құл­қының негізіне айналады» деп атап көрсетілген.

Еліміз дамудың жаңа кезеңіне өтті. Жемқорлықпен күрес те жа­ңаша сипатқа ие болып, қарқын ала түсті. Олай болса, пайда ойлау­ды естен шығарып, ар ойлауды санамызға сіңіріп, жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыруға жұды­рықтай жұмылайық, жамағат!

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі

 

ҚОСТАНАЙ