Қазақтың танымал былғары қолғап шебері Әбілхан Аманқұл кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көріп, отандық Suleimen Promotion промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды.
Ә.Аманқұл – даңқты Жамбыл бокс мектебінің түлегі. Ол жастайынан әйгілі бапкер Нұрлан Ақүрпековтің қол астында жаттықты. 2016 жылы Павлодарда 19 жастағы жас өрен ересектер арасында ел чемпионы атанғаннан кейін ұлттық құрама командасының жейдесін киіп, түрлі халықаралық жарыста елеулі табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатында күміс медальды мойнына ілді. Аталған жарыста Аманқұл кубалық Арлен Лопес пен әзербайжандық Камран Шахсуварлы сынды атақты боксшылардан басым түсті. Алайда финалда ол украиналық Александр Хижнякқа есе жіберді. Сол жылы Азия біріншілігінде қола жүлдені иеленсе, 2018 жылғы Азия ойындарында күміспен күптелді. Одан бөлек «Астана Арландары» сапында Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жеңімпазы атанды. Былтыр Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысып, ширек финалға дейін жетті.