Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Роттердам ATP 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп жазады Egemen.kz.
Бублик алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш мәрте чемпионы, қазір рейтингте 95-орында тұрған ұлыбританиялық Энди Марреймен шеберлік байқасты. Ұлыбританиялық теннисші тартысты матчта 7:6 (8:6), 6:4 есебімен жеңіске жетті.
А.Бублик 1 сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында 10 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Маррей 10 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті. Э.Маррей ширек финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен таласады.
А.Бублик өткен апта финалда әлемнің 3-ракеткасы, германиялық Александр Зверевті ұтып, Монпелье ATP турнирінің жеңімпазы атанған еді. Бұл жолы жүлде қоры 1,2 млн еуродан асатын Роттердам жарысының алғашқы айналымынан аса алмады.