Алматы қаласындағы И.Жекенов атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына біздің ғасыр жасаған кейіпкеріміз 5 ақпан күні жөтелмен, ауыр халде түскен болатын. Дәрігерлердің айтуынша, әлі жоқ науқас бірден интенсивті терапия бөлімшесінде ем алып, денсаулығы жақсарған.
«Мені емдеп, қолдау білдірген барлық ақ халатты абзал жандарға рахметімді айтамын, айналайындар! Өмір жастарың ұзақ болсын! Менің жасымды берсін, әумин! Еліміз тыныш болып, көркейе берсін», деп батасын берді үйіне қайтып бара жатқан 100 жастағы кейуана Дәмеш Қаратаева.
«Науқасқа коронавирустық инфекциясы диагнозы қойылып, өкпесі зақымданған кезде ауруханаға түсті. Ауруды жеңудегі басты жәйт – әжейдің өмірге деген құштарлығы болды», дейді И.Жекенов атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 санатты дәрігері Дания Насырбекова.
«Әжеміз 1 апта бойы жөтеліп қоймаған соң, уайымдап, КТ аппаратына түсірдік. Өкпесі 25% зақымданған. Өзім дәрігер болған соң басқа бәрігерлермен кеңесіп, жедел түрде ауруханаға жатқыздық. Телефонмен сөйлескен кезде жағдайының жақсарғанын байқадым. Әжеміздің қаншама немерелері, шөбере, шөпшектері бар, бәрі де ақ халатты жандарға алғыстарын айтып жатыр», деді Дәмеш Қаратаеваның немересі Нұрбол Жұмабеков.
Айтқандай, Дәмеш әже өзінің 100-ге келген туған күнінде ауруханадан шығып отыр. Қос қуанышы қатар келген кейуананы аурухана мамандары гүл шоқтары мен сыйлықтарын беріп, шығарып салды. Ал асыл әжесінің шаңырақтарына оралғанына жақындары аурухана әкімшілігіне зор алғыстарын айтады, деп хабарлайды Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
АЛМАТЫ