• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Ақпан, 2022

Жаңа құрылым Мәжіліс жұмысына серпін бере ме?

4056 рет
көрсетілді

Елордада Мәжіліс құрамында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының құрылуына орай баспасөз конференциясы өтті. Жиын барысында Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Ғазиз Құлахметов, Наталья Дементьева және Берік Дүйсенбинов топтың құрылуы, себебі оның шарты туралы әңгімелеп берді.

«Біздің басты мақсатымыз – қаңтар трагедиясынан кейінгі еліміздегі шынайы реформаларды қолдау. Біріншіден, Президент бастаған елді жаңғыр­татын бастамаларды қолдап, олар­ды тоқтатуға, соңына ысыруға, саботажға жол бермеу. Екін­шіден, кез келген үлкен саяси реформалар заң шығару­шы және өкілетті органнан басталуы керек екені сөзсіз. Түп­кілікті мақсатымыз – Мәжілістің жұмысын жаңа жолға, жаңа арнаға бұру. Оның ішінде Мәжі­лістің ашықтығы, белсенді әңгіме көтеріп, оны қозғауы маңызды. Бұл – үлкен мәселенің бірі», деді Айдос Сарым.

Екіншіден, «Жаңа Қазақстан» тобы Мәжілістің регламентін, Мәжіліс туралы, Мәжіліс депутаттары туралы заңнаманы өзгертуге күш салмақ. А.Сарымның айтуынша, мұның бәрі депутаттардың қолында тұрған мәселе. «Елімізде жүргізіліп жатқан бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, талаптарды күшейтеміз. Жақында Президент наурыз айында үлкен саяси реформалар жарияланатынын айтты. Соған белсене атсалысамыз. Еліміздегі реформалардың дұрыс жүргізілуін, оның шын мәнінде қоғамның, халықтың талабынан шығуын назарда ұстап, оның белсенді субъектісіне айналамыз. Үшіншіден, аймақтағы өкілетті органдардың жұмысын жандандыру қажет. Қоғамдық ке­ңестерге, мәслихаттарға өзгеріс­тер керек. Оларға жақсы үлгі көр­­сету керек деп ойлаймыз. Осы тұр­­­ғыда да еңбек етеміз. Алдағы уа­­қытта үндеумен қатар, саяси құ­жат­­­тарымызды, әр реформаның ба­ғы­ты бойынша бөлек ұсыныс­та­ры­мызды айтамыз», деді Айдос Сарым.

Бұдан кейін сөз алған Наталья Дементьева депутаттық топтың құрылу процесіне тоқталды. Оның айтуынша, «Жаңа Қазақ­стан» депутаттық тобы Парла­мент регламентіне сәйкес құрыл­ған. Арнаулы процедура жүргі­зілген. «Заңға сәйкес барлық құжат­ты тіркеуге жібердік. Яғни депу­таттық топтың ережесі жасалды. Сол ережеге сәйкес, депутат­тардың құқықтары, мүмкіндіктері әзірленді. Соның бәрі ережеде жазылған. Топты құрмас бұрын барлық әріптесімізбен ақылдаса келе Парламент жұмысына транс­­формация қажет деген бір ше­шімге келдік. Осы трансформа­цияны «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын құру арқылы жасамақпыз. Негізгі жұмыс осыдан басталады», деді Наталья Дементьева.

Оның айтуынша, депутаттық топ үш шағын салаға бөлінген. Бірінші бағыт агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, экономика және экологияны қамтымақ. Оған Еділ Жаңбыршин жетек­шілік етеді. Екінші сала – адам құқықтары, қауіпсіздік және құқық­тық реформаларға арналған. Жетекшісі – Айдос Сарым. Үшінші саланы Наталья Демен­тьева басқарады. Бұл әлеуметтік мә­дени даму және жастар саясатын қарастырмақ. «Яғни әр сек­тор арнайы жасалған жоспар, ереже бойынша жұмыс істейді. Қоғамда болып жатқан қандай да бір мәселелерді, проблемаларды шұғыл шешу, халыққа көмек көрсету, шұғыл байланыста болу үшін осындай үш сектор жасақ­талып отыр. Бәрі заң аясында жүзеге асты, ережеміз бар», деді Мәжіліс депутаты.

Осы орайда Айдос Сарым «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының құқықтарына тоқталды. Оның айтуынша, парламенттің регламенті мен Конституциялық Заң бойынша депутаттық топ тіркелгеннен кейін парламенттік тыңдау ұйымдастыруға, депу­тат­тық сауал жолдауға, кез келген үкіметтік ұйымның басшы­сын шақыруға, есеп алуға, құжат­тарын сұратуға қақысы бар. «Ес­теріңізде болса, соңғы шақы­ры­лымда депутаттық топтар бол­ған жоқ. Біздің жұмысымыз үй ішінен үй тігу емес. Ең алдымен Мә­жілістің, Парламенттің жұ­мы­сын барынша жандандыруы­мыз, әлеуетін дұрыс пайдалануы­мыз, ішкі реформаларды жүзеге асыруға көмектесуіміз керек. Көп­теген бағдарламаға сын ай­тыл­ды, ақиқат та айтылды. Оған да бас-көз болу қажет. Оған да сая­­си қолдау керек», деді А.Сарым.

Бұдан кейін сөз алған Берік Дүйсенбинов «Ақ жол» партия­сының депутаттары бастаманы қолдағанын жеткізді. Оның айтуынша, қазір іске көшетін кез келді. «Осы уақытқа дейін қанша Жолдау жасалды? Оның қалай орындалғаны, немен аяқталғаны туралы бүгінде анық ақпарат жоқ. Сондықтан «Ақ жол» партиясы осындай бірлескен алаңның арқасында елдің мәселесін шешуге мүмкіндік туса, неліктен қосылмасқа деген шешімге келді. Біздің фракциядан қаржы саласының белгілі маманы Дания Еспаева және мен осы топқа кірдік», деді Б.Дүйсенбинов.

Қазақстанның халық партия­сының өкілі Ғазиз Құлахметов өз сөзінде Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінде болып жатқан оқиғалардан бұған дейін де, қазір де тыс қалмайтынын жеткізді. «Мұны емін-еркін ой бөлісу мүм­кіндігі бар қосымша алаң ретін­де қарастырып отырмыз. Сай­лаушылар алдында айтқан сөз­дерімізге адалдығымызды дәлел­дейміз, растаймыз. Мұның ең негізгі басты шарты – саяси мәде­ниетті қалыптастыру», деді Ғ.Құлахметов.