Мемлекет басшысының «Хабар» арнасына берген сұхбатында осы жылдың қаңтар айында қоғамда туындаған ең өткір сұрақтарға жауаптар берілді. Сұхбатта халықты мазалап жүрген көптеген мәселе анықтала түсті.
Президент ақпараттық тұрғыдан жеңілгенімізді айтты. Кез келген әлеуметтік процестер, соның ішінде саяси процестер коммуникативтік кеңістікте жүзеге асады. Саяси тұрғыдағы ақпарат қарым-қатынас негізі ретінде ғана емес, сонымен бірге саяси басқару құралы ретінде де қолданылады. Сондықтан билік саяси коммуникацияны басқарудан жеңіліс тапса, халық шынайы ақпарат алмасудан ұтылды.
Президент сөзінен белгілі болғандай, кадрлар толығымен ауыспайды және саяси сахнада кадрлар тапшылығы бар. Кадрлар тапшылығының туындауы мемлекеттік қызметте жүктелген жұмыстардың көптігінен туындайтын бірқатар қиындық болуы мүмкін. Бұл жұмыстың да сапасына әсер етеді. Дегенмен еліміздің барлық саласында білікті және жұмысын сапалы орындайтын кадрлар тапшылығы барын мойындауымыз қажет. Халықта толығымен саяси сауаттылық пен саяси мәдениет қалыптасты деп айту әлі ерте сияқты. Бірақ халық жаңа тағайындалған шенеуніктердің өткен өміріне, қызметіне қарайды. Міне, осы өткен өмір олардың имиджі, бейнесі болып табылады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, саяси реформалар ең алдымен жүйені өзгертуден басталады. Саяси жүйені өзгерту оңай емес екенін ескеруіміз қажет. Сұхбатта белгілі болғандай, Парламент пен партиялық жүйе реформаланады. Қазір қоғамда талқыланып жатқандай, Парламент қоспалаталы жүйеден айырылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау да болуы ықтимал. Мерзімінен бұрын өткізілген сайлаулар бойынша елімізде мол тәжірибе болғандықтан, қазіргі таңдағы болып жатқан көптеген өзгеріске сәйкес осы қадам да жүзеге асуы мүмкін. Парламент сайлауы кезінде аралас сайлау жүйесі қайта орнына келуі мүмкін деген де болжам бар. Демек, «Сайлау туралы» заңда өзгерістер болады.
Партия жүйесіндегі реформалар кезінде де «Саяси партиялар туралы» заң қайта қарастырылады деп ойлаймыз. Саяси партиялар – халық билігін көрсететін негізгі институттардың бірі. Оның азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті дамытудағы рөлі өте жоғары. Саяси партиялар халық билігін білдіруші ретінде халық мүддесіне, әлеуметтік мүдделерге қызмет етуі тиіс. Әрине, бұл пікірлер теория жүзіндегі көзқарастар. Тәжірибе жүзінде еліміздегі саяси партиялардың белсенділігі мен жағдайын «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде көрдік. Партия жүйесін реформалау барысында саяси партиялардың демократияны нығайту процесін қолдаудағы және демократиялық қайта құру процесін тежейтін мәселелер мен қиындықтарды шешудегі рөлін қайта қарау керек сияқты.
Сұхбат барысында Президент оппозиция туралы да ой қозғады. Жалпы, оппозиция жөніндегі сарапшылар мен халық арасында түрлі пікірлер қалыптасқан. «Бар» деушілер де, «жоқ» деушілер де кездеседі. Президент айтқандай, оппозиция көбінесе көшеде жүр. Бұл халық пен билік арасындағы өзара түсінбеушіліктен туындаған мәселе деп ойлаймыз. Еліміздегі көппартиялылық шын мәнінде идеялар арасындағы күрес пен пікірталасты білдіруі керек және бұл партиялар үшін, оның ішінде оппозициялық партияларға арналған саяси бәсекелестік алаңы. Конструктивті бәсекелестік жоқ жерде дұрыс оппозиция да, ілгерілеу де, даму да болмайды. Жалпы, бізде саяси оппозиция туралы дұрыс ойлаудың саяси мәдениеті қалыптаспаған. Одан бөлек халық арасындағы саяси белсенділік артып келе жатқанын да ескеруіміз қажет.
Бүгінгі таңда көптеген қоғам белсенділері еліміздегі саяси-экономикалық реформаларды қыркүйек айында қабылдау тым ұзақ уақыт екенін айтуда. Саяси реформаларды күзде қабылдау шартты түрде айтылған деп ойлаймыз. Мемлекет басшысының Парламентте сөйлеген сөзіне сәйкес қыркүйекке дейін саяси реформалар бойынша тыныштық орнайды деген қате пікір. Қазіргі таңда ұсынылып отырған реформаларды талдау жүргізілуде, қалай болғанда да сараптама жүріп жатыр. Жүзеге асырылатын реформалардың жетістіктері мен тәуекелдері айқындалуы қажет. Президент айтқандай, ең алдымен Қауіпсіздік Кеңесі аясында ұлттық қауіпсіздік жүйесі реформаланады. Сондықтан саяси реформалардың тұжырымдамалары қыркүйекте бекітілуі мүмкін.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор