«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Ballet International Gala әлемдік шоуы аясында Аустралия елінде абыройлы өнер көрсетіп қайтты. Талантты әртістің балеттегі мінсіз техникасы мен шеберлігі жасыл құрлық көрермендерін таңдай қаққызды.
26 қаңтардан 5 ақпанға дейін жалғасқан би өнерінің жәрмеңкесіне Қазақстаннан бөлек, Ковент-Гарден Корольдік балеті, Америкалық балет театры және Квинслендск балетінің жетекші солистері қатысып, үздік тәжірибелерімен бөлісті. Планетаның түкпір-түкпірінен барған үздік бишілер Аустралияны бекзат өнердің нағыз думанына айналдырды.
Ballet International Gala әлемдік шоуы – бұл байқау немесе жарыс болмағанымен, онда Олимпия ойындарының бір жұрнағы бар: күллі әлемнің үздік балет әртістері өздерінің мінсіз техникасын көрсетіп, осылайша ерекше мерекелік атмосфера тудырады. Айтулы шарада Қазақстанды талантты биші Бақтияр Адамжан таныстырды. Бидегі сахналық жұбы «Астана Операның» талантты әртісі Шұғыла Әдепханмен бірге А.Хачатурянның «Спартак» балетінен үзінді орындады.
– Аустралия елінде өткен өнер сапарымыз шығармашылық жолымыздағы үлкен мектеп болды. Тамаша тәжірибе жинап қайттық. Жергілікті көрерменнің де балет өнерін түсініп, қабылдауы ерекше. Бұл олар үшін айтулы оқиға болғаны сөзсіз, залда ине шаншар орын болмады. Жасыл құрлық халқының балет әртістеріне көрсеткен қошеметі мен құрметі көңілімізге айрықша әсер етті. Елге зор шабыт алып оралдық, – деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан өз әсерімен бөлісті.
Әртістің айтуынша, ол әріптестерімен жылы достық қарым-қатынас орнатқан.
– Балет әлемі өте тар, сондықтан біз бұған дейін бір-бірімізбен таныс болмасақ та, әлеуметтік желілер арқылы сырттай білетінбіз. Ballet International Gala әлемдік шоуы сондай үздік әріптестерімізбен жақынырақ танысуға, шығармашылық тұрғыдан тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік берді, – дейді ол.
Бақтиярдың балеттегі жұбы Шұғыла Әдепхан да серіктесінің пікірін қуаттады: – Өнер сапарынан тек жақсы әсер алдым. Біздің нөмір бәріне ұнады, тамсанбаған жан қалмады. Әр балет мектебінің және әр шетелдік әртістің өзіндік кәсіби ерекшелігі бар. Біздің бір-бірімізден ерекшеленуіміз заңдылық. Бұл қай-қайсымызға да қуат, мотивация алуға, шабыттануға мүмкіндік береді.
Ballet International Gala жобасы балеттің жетекші әртістерін жинай отырып, көпшіліктің назарын аударды және бұқаралық ақпарат құралдарында кең резонанс туғызды. Ең қызу талқыланған орындаулардың бірі «Астана Опера» әртістерінің нөмірі болды, ол туралы бірқатар аустралиялық және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Айтулы басылымдар ішінде The Australian, The Courier Mail, The Mercury, The Cairns Post және басқалары бар. Шоу қатысушылары да әлеуметтік желілерде Қазақстанның астанасынан барған өз әріптестері жайлы таңданыстарын білдіріп жатты.
Ең ірі аустралиялық сыншылардың бірі – өнер шолушы Фил Браун The Courier Mail газетінде Бақтияр мен Шұғыланың өнеріне жоғары баға берді:
– «Спартак» балетінен үзінді орындаған қазақстандық қос биші – Бақтияр мен Шұғыланы көргеніме сене алар емеспін. Оларға мұнда жету оңай болмады, алайда қажетті құжаттардың болуы және BIG-тің басқа да қатысушыларымен бірге карантинді сақтаудың нәтижесінде олар ковидті болдырмай, мақсаттарына жетті. Қазақстандық жұп кезінде жазылған ең әдемі әуендердің бірі – Арам Хачатурянның музыкасына керемет биледі. Және де Адамжанның бейнесі шынайы Спартактан айнымай қалды. Бұл жұптың өнер көрсетуі таңғалдырарлық қуатты және әдемі болды, деді Браун.
Ballet International Gala әлемдік шоуында өнер көрсету мәртебесі биыл Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен тек Қазақстан ғана бұйырыпты. Еліміздің абыройын жат елде асқақтатқан өнерлі жұп балет өнеріндегі кезекті биігін бағындырып қайтты. Ал «Астана Опера» театры балет труппасының жасампаз жұмыстары әлемдік деңгейдегі әйгілі орталықтармен афишада қатар тұруы – өз алдына зор мәртебе.