• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Ақпан, 2022

«Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесі әзірленді

520 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Тұрғын үй құрылысының шекті құнын белгілеуді жоспарлап отыр. Мұндай шешім бюджет қаражаты есебінен салынатын объектілерге қатысты болады. Ведомство сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында құрылыс саласын цифрландыру және автоматтандыру жұмысын жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта «Е-Құрылыс» ақпа­рат­тық жүйесі әзірленді. Ол қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін онлайн-режімде бақылауға мүмкіндік береді. Жү­йе­ге мемлекеттік сәулет-құрылыс ба­қы­лау органдары қосылып, техникалық қада­ғалаушылар мен инженерлік-тех­ни­ка­лық қызметкерлердің барлық тізі­лімі жүктелген. Сондай-ақ, тех­ни­ка­лық қадағалаушылардың барлық есебі бе­рі­леді.

«Е-Құрылыс» жүйесі техникалық қадағалау сарапшыларын объектілер бойынша бақылап, олардың түрлі өңірде қызмет көрсетуіне жол бермейді. Сондай-ақ жобадан ауытқып кетсе немесе жұмыс толық көлемде орындалмаса, оларды қабылдамайды.

Құрылыс жобаларының сметалық құнын жасанды жолмен көтеру тәуекел­де­рін азайту үшін онлайн-режімдегі «Онлайн калькулятор» жүйесі әзірленді. Бұл өңірге және объектінің техникалық өлшемдеріне байланысты жобаның шекті мәнін автоматты түрде есептеп, белгілеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ мемлекеттік бюджет қара­жа­ты есебінен қаржыландырылатын әлеу­мет­тік объектілер және тұрғын үй­лер үшін шекті құнын белгілеу жос­пар­ла­нып отыр. Яғни құрылыс шығыны шек­теулі болады.

Бұдан басқа, қазір министрлік аккредиттеу бойынша мемлекеттік қыз­меттердегі сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін жойды. Олар толығымен авто­мат­тандырылған және 20 минут ішінде нәтижесін компьютер береді.

Сонымен қатар құрылыс жұмыс­та­рына лицензия беру кезінде енді тікелей бай­ланыс болмайды. Техникалық қада­ға­лау, тексеру және жобаларды сараптау бо­­­йынша маман­дарды аттес­тат­­таудың бірыңғай жүйе­сінде тестілеу функциясы енгізілді. Онда сынақтан өтетін адамды ауыстыруға жол беріл­мей­ді және тестілеу нәтижелеріне бөгде ешкім әсер ете алмайды. Үрдісті биыл то­лы­­ғымен автоматтандыру жос­пар­лан­ған.

Қосымша рұқсат беру құжаттары бо­­йынша мемлекеттік функцияларды мін­дет­ті түрде сақтандыра отырып, өзін өзі реттеуге беру әзірленіп жатыр. Яғни өз қызметін өздері реттейтін ұйымдар маман­дар­ды аттестациялап, лицензиялар береді және олардың қызметі үшін жауапты болады.

ИИДМ құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою жұмыстарын басым бағытта жалғастыра береді.