Тарбағатай тауының шығысында орналасқан ауданы 8 475,2 га, биіктігі 1 300 метрді құрайтын Қарабас тауының қысы ерекше. Өзге таулардың шыңдары 6 ай бойы қар құрсауында жатып, көктем шығысымен қары еріп, сай-саланы су басып өзендері тасып жатса, Қарабас тауының ерекшелігі қыстың қай айында болсын шыңында қар жатпайды. Есесіне бұл тауда қысы-жазы жел соғып тұрады.
Жаз айларында желдің арқасында салқын ауа райы орын алса, қыста жауған қарды ұйытқи соққан жел сай-сайға тығып, одан қалса ұшырып әкетеді де, тау қарсыз қалады. Кей жылдары ғана қыс айларында таудың етегіндегі қардың қалыңдығы 20-30 см құрайды. Оның өзі ауа температурасы 0°С болған кезде еріп кетеді.
Қарабас тауындағы ауа райының қолайлылығы сонда, мекендейтін жануарлардың тіршілік етуіне таптырмас құтты мекен. Оған дәлел, Тарбағатай тауында мекендейтін жануарлар күз мезгілінде Қарабас тауына қоныс аударады. Соның ішінде арқарлардың тіршілік етуіне қолайлы, сондықтан арқарлар көктемде осы Қарабас тауында төлдеп, көктем шығысымен Тарбағатай тауына қайта қоныс аударады. Сондай-ақ Қарабас тауынан сүтқоректі жануарлардан елік, суыр, қабан шошқа мен қоян, сілеусін, түлкі мен жыртқыш аңдардан қасқырды кездестіруге болады. Құстардан, жаз айларында ителгі, жыланжегіш қыран, қара дегелек, дуадақ, жапалақ, қарабауыр бұлдырық, шіл, бүркіт пен кекілікті жолықтыруға болады.
Қарабас тауынан бастау алып жатқан ешбір өзен жоқ, тек жер астынан шығып жатқан бұлақ көздері бар. Бұл бұлақтар жаздың ыстық ауа райында құрғап қалады да су тапшылығына алып келеді. Сондықтан жаз айларында судың тапшылығы орын алған жағдайда жануарлардың көші-қоны орын алады. Жаз кезінде Қарабас тауында арқарлардың сол жерде жылда мекендейтін бірен-сараны ғана қалады.
Ұлттық парк ашылғалы бері Қарабас тауында жүргізілген бақылаулар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ғылыми қызметкер ретінде бұл таудың, «Қарабас тауы» болып аталуы аты айтып тұрғандай жыл он екі ай бойы шыңында қар жатпайтындығынан болар деген ой түйдім.
Әйгерім ШӘРІПҚАНОВА,
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Ғылым, ақпарат және
мониторинг бөлімінің
ғылыми қызметкері
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы