• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 14 Ақпан, 2022

Театр аясындағы қолөнер

462 рет
көрсетілді

Биылғы Балалар жылына орай «Астана Опера» театрында оқушыларға театрлық қолөнерді үйрететін шығармашылық үйірмелер ашылмақ. Білім бағдарламасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Аталған театрда бұған дейін де балалармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлініп, шығармашыл жас­тарды тәрбиелеуге және дамытуға көптеген жоба өткізіліп келеді. Балалар қолөнер студиясы – оқу­шылармен жүргізілген кешенді жұмыстың жалғасы іспеттес. Театр базасында 6-дан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған бірнеше үйірме ашылады: «Киім үлгілеу, пішу және тігу», «Құрақ құрау», «Ағашқа өрнек салу», «Кескіндеме және сурет». Айта кетейік, оқуға өтінімдерді ата-аналар artsport.edu.kz бірыңғай порталы арқылы бере алады. Үйірмелерді театрдың кәсіби тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауын­да атап өткендей, білім сапасын арттыруда ерте кәсіптік бағдар берудің маңызы зор. Өскелең ұрпақ болашақ мамандықты таңдауға саналы түрде қарауы тиіс. Адамның бойына біткен дарыны балалық шақта байқалады. Үлкендердің міндеті – балалардың әлеуетін ашу үшін мүмкіндіктер ұсына отыра өзін табуға көмек­тесу. Өнер әлеміне бастаушы ретінде театрға жүктелген жауап­кер­шілікті түсіне келе, «Астана Опера» өскелең ұрпақты қолдау мақсатында көп жұмыс атқаруда. Сегіз жыл бойы бізде хор және балет бөлімдерінен тұратын Ба­лалар опера студиясы жұмыс істейді. Жас әртістер табиғи дарындарын дамыта отырып, музыка мен биді меңгеруде театрлық қойылымдарға ересек әртістермен қатар қатысуда. Мамандықпен бұлай етене жақын танысу оларға барынша саналы түрде таңдау жасауға мүмкіндік береді, – дейді «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедияров.

Сондай-ақ ол театр ұжымы Мәдениет және спорт министрлігі және елорда әкімдігімен бірлесіп жүзеге асыратын тағы бір ауқымды жоба – «Театр сабағы» екенін де атап өтті. Оның қатысушылары – жоғары сынып оқушылары тек көрер­мен болып қана қоймай, қойы­лымның мағынасын алдын ала түсінуге көмектесетін танымдық дәрістердің тыңдаушыларына ай­налады. Жұмбақ атмосфераға тереңірек үңілу үшін оқушыларға шымылдықтың арғы жағына сая­хат ұйымдастырылады, онда олар гримдеу, костюмерлік цехтарды, музыкалық кітапхананы, дайындық залдарын аралап көреді.

Жаңа білім бағдарламасын оқыту барысында театрлық қол­өнердің сан алуан түрлерімен таныстыру жоспарланып отыр. Балалар таңдалған спектакльге реквизит, бутафорлық заттар мен костюмдерді дайындайды. Оқушылардың шығармашылық амбициясын қайрау және ынталандыру үшін ашық сабақтар мен байқаулар ұйымдастырылмақ. Оқу жылының аяғында балалардың жұмыстары көрмеде таныстырылып, әр оқушы сертификатқа ие болады.

Айта кетейік, «Кескіндеме және сурет» курсына 6-дан 14 жас­қа дейінгі балалар қабыл­данып, жас ерекшеліктеріне сай екі топқа бөлінеді. Балаларға композиция негіздерін, бейнелеу өнерінің түрлі жанры мен тәсілін, қолда бар материалдарды пайдалануды үйретеді. Ал «Ағашқа өрнек салу» курсы ағашты өңдеу тәсілдерімен және ерекшеліктерімен таныстыру, ою-өрнек түрлерін үйрету, бу­тафорлық бұйымдар жасау секілді бағыттарды көздейді.

Киім үлгілеуді, пішу мен тігуді үйрену де қызықты болғалы тұр. Курс 10-нан 14 жасқа дейінгі жас­­өспірімдерге арналған, мұнда оларға матамен жұмыс істеудің негізгі тәсілдері мен дағдыларын, киімнің түрлі бөліктерінің, оның ішінде бас киімнің тігісін келтіруді оқытады. Әлбетте, барлығы театр­лық костюммен байланыстырылып жасалады.

– Студия театрға деген қызығу­шылықты ояту, балалардың дарынын дамытуға септесу және қол еңбегіне баулуды ғана мақсат ет­пейді, сонымен қатар оқушылар арасында театрлық қолөнерді насихаттауды көздейді. Бәлкім, студия тәрбиеленушілерінің арасынан біреу өзін өнермен байланыс­ты кәсіпте тауып қалар. Студия қызметіндегі маңызды жетістік, міне, осы болмақ, – дейді театр басшысы.