Бейжіңде жалауы желбіреген Қысқы Олимпия ойындары бел ортаға жетті. Өткен жұма мен сенбі күндері Қытайдың астанасында орналасқан зәулім спорт сарайлары мен кешендерінде тартысты бәсекелер өтіп, бірнеше медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Бақ сынаушылар қатарында Қазақстанның да өрендері болды. Өкінішке қарай, жерлестеріміз әзірге бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алар емес.
Жұмада жерлестеріміз спорттың төрт түрі бойынша сайысқа түсті. Солардың арасынан шорт-трек шеберлері ғана тәуір нәтиже көрсетті. Ерлердің 500 метрлік бәсекесінде бақ сынаған Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов және Абзал Әжіғалиев сынды сайыпқырандар іріктеу сынынан іркілмей өтіп, ширек финалға жолдама алды. Осы орайда өз тобында Денис пен Абзал бірінші орын алса, Әділ мәре сызығын екінші болып қиып өткенін айта кеткен жөн.
Шаңғышылар классикалық әдіспен 15 шақырымға жүгірді. Бұл қашықтықта 30 жастағы финляндиялық спортшы Ийво Хенрик Нисканенге тең келер ешкім табылмады. Осылайша, Суоми елінің өкілі қатарынан үш бірдей Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалады. Бұған дейін Нисканен 2014 жылы Сочи және 2018 жылы Пхенчхандағы ойындарда атой салған. Күміс медальды ресейлік Александр Большунов иеленсе, норвегиялық Йоханнес Хесфлот Клебо қолаға қол созды. Осы жарыста сынға түскен Қазақстанның қос шаңғышысының өнері көңілден шықпады. Виталий Пухкало 25-орынды еншілесе, Евгений Величко 40-орында қалып қойды.
Биатлоншылардың спринтінде негізгі бәсекелестік Скандинавия түбегінің қос сұлуы – 31 жастағы норвегиялық Марте Олсбю-Ройселанн мен 22 жасар швециялық Эльвира Эберг арасында өрбіді. Екеуі біразға дейін тартысты. Нәтижесінде, тәжірибелі Олсбю-Ройселанн көздеген мақсатына қол жеткізіп, алтыннан алқа тақты. Эдберг екінші орынды қанағат тұтса, италиялық Доротея Вирер үшінші сатыға табан тіреді. Отандастарымыз арасынан тек Галина Вишневская-Шепоренко жарыс жолына шықты. Ол 52-орынға тұрақтады.
Шаңғымен трамплиннен секірушілеріміз де сенім үдесінен шыға алмады. Ережеге сай жарыстың финалдық бөлігіне тек үздік 50 спортшы ғана жолдама алады. Өкінішке қарай, жерлестеріміз белгіленген межеден көріне алмады. Бұл бәсекеде Данил Васильев 51-сатыға жайғасса, Сергей Ткаченко 54-орында тұрақтады.
Сенбіде алты жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрама командасының мүшелері үш спорт түрінен сынға түсті. Шаңғышылардың 4х5 шақырымдық эстафетасында құрамында Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга және Валерия Тюленева бар отандастарымыз жарысты 15-орынмен қорытындылады. Бұл бәсекеде Ресейдің екпініне ешкім шыдай алмады. Екінші және үшінші орындарды Германия мен Швеция иемденді.
Конькишілер бәсекесін жергілікті жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Себебі сол жарыста күллі Қытайдың мақтанышы Гао Тинью бақ сынады. Бұл спортшыға бекер сенім артылмаған екен. 500 метрлік қашықтықты 34,32 секундта жүгіріп өткен ол бас жүлдені олжалаумен қатар, олимпиадалық рекордты жаңартты. Кореялық Ча Мин Кю күміс медальды мойнында жарқыратса, жапониялық Морисиге Ватару қола жүлдені еншіледі. Осы жайттың өзі қысқа қашықтықта Азия құрлығы өкілдерінің алдына ешкім түсе алмайтынын аңғартты. Біздің Иван Аржанников 35.82 секундтық көрсеткішпен 28-орынға табан тіреді.
Биатлоншылардың 10 шақырымдық спринтінде Қазақстанның намысын Владислав Киреев пен Александр Мухин қорғады. Бірақ екеуінен де қайыр болмады. Мухин 49-орын алса, Киреев 77-сатыға жайғасты. Спорттың бұл түрінде ағайынды Белердің бағы жанды. 28 жастағы Йоханнес осы Олимпиадада екінші мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, оның туған ағасы Тарьей қола медальды иеленді. 33 жастағы норвегиялық спортшы ғаламдық доданың алғашқы алтынына осыдан 12 жыл бұрын Ванкуверде қол жеткізген болатын. Одан бөлек, Тарьей Бенің қоржынында әлем чемпионатының 11 алтыны, 2 күмісі және 8 қоласы бар. Енді ағасының жеңісті жолын жалғастыруға Йоханнес ерекше құлшыныспен кірісті. Францияның беткеұстары Кентен Фийон Майе қола жүлдені қанжығасына байлады.
Сөз орайы келгенде, Семен Елистратов жайында бір-екі ауыз сөз айта кетсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. 31 жастағы Ресейдің шорт-трек шебері 1500 метрлік қашықтықта қола медальды иеленді. Ол соңғы кездері өзінің жеке жаттықтырушысы, бұл күндері Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесші-бапкері қызметін атқарып отырған Андрей Максимовпен бірге біздің елде жаттығып жүр. Бейжіңдегі бәсекеден кейін ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Мен қонақжай қазақ халқына басымды иіп тұрып, алғыс айтқым келеді. Олимпия ойындары қарсаңында олар біздің еш алаңсыз жаттығуымыз үшін қолайлы жағдайдың барлығын жасады. Ұлттық Олимпиада комитетіне де ризашылығым шексіз. Сол себепті де менің Бейжіңдегі медалім барлығымызға ортақ. Шорт-трек спорты Қазақстанда да қарыштап дамып келеді. Соған мен қатты қуанып отырмын. Әсіресе Әділ Ғалиахметовке ризамын. Бұл – оның алғашқы Олимпиадасы. Мен оған «Әділ, ерінбей еңбектен, сонда сен де жеңіс тұғырына көтерілесің. Сен жассың, келешекте әлі талай белестерді бағындырасың. Барлығы да еңбек пен табандылық арқылы келеді», деп сан қайталаудан жалыққан емеспін. Басқа да жігіттердің аяқалысы қуантады. Дәл осы команда келешекте толағай табыстарға қол жеткізетініне сенімдімін», деп Семен ақтарыла сөйледі.
Жексенбіге дейінгі жағдайға келсек, Германия мен Норвегия құрамалары жалпыкомандалық есепте көш басында қатар келеді. Немістер 8 алтын, 5 күміс және 1 қоланы олжаласа, скандинавиялықтар 8 алтын, 3 күміс және 6 қоланы еншіледі. Осы қос мемлекет өкілдерінің қайсы сурылып шығатыны алдағы күндері белгілі болады. Үшінші орындағы АҚШ спортшыларының 13 (5 алтын+5 күміс+1 қола) жүлдесі бар. Төртінші және бесінші сатыларға Нидерланд (5+4+2) пен Швецияның (5+2+3) өрендері жайғасты. Сондай-ақ «ТОП-10» команданың қатарында Аустрия (4+6+4), Қытай (4+3+1), Ресей (3+4+6), Италия (2+5+4) және Жапония (2+3+5) құрамалары бар.