• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Ақпан, 2022

Бас жүлде – «Челсиде»

228 рет
көрсетілді

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) астанасы – Әбу-Даби қаласында футболдан клубтық әлем чемпионаты аяқталды. Әр құрлықтың ең үздік жеті команда қатысқан жарыста Лондонның «Челси» клубы теңдессіз деп танылды. Бас жүлде үшін тартыста ағылшындар Сан-Паулудың «Палмейрасынан» айласын асырды.

Финалдық матч 42 000 кө­рерменді сыйдыра алатын Мұ­хаммед бин Зайед стадионында өтті. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін қос команда ширақ қимылдай бастады. Нәтижесінде, 55-минутта Каллум Хадсон-Одойдың әуелетіп берген пасын Ромелу Лукаку қақпаға дөп түсіріп, ағылшындарды алға шығарды. Арада тоғыз минут өткеннен соң бразилиялықтар таразы басын теңестірді. Бұл голды Рафаэл Вейга соқты. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағаннан соң ойын овертаймға ұласты. 117-минутта Кай Хаверц 11 метрлік нүк­теден нысананы дәл көздеп, кездесудің соңғы нүктесін қой­ды. Осылайша, 2:1 есебімен жеңіске жеткен «Челси» аталған жарыстың же­ңімпазы атанды.

Мысырдың «Әл-Ахли» мен Сауд Арабиясының «Әл-Хиляль» клубтары арасындағы үшін­ші орын үшін бәсеке Аль-На­хайян стадионында өтті. Бұл матчта Каирдан келген фут­болшылардың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Олар қарсыластар қақпасын төрт мәрте дәл көздесе, саудиялықтар бірде-бір рет жауап қайыра алмады. Есеп – 4:0. Бұл голдардың авторлары – Яссер Ибрагим (8 және 17-минут), Кадер Ахмед Абдель (40-минут) және Әмір әл-Суллайя (64-минут). Сөйтіп, «Әл-Ахлиге» қола медаль бұйырды.

Естеріңізге сала кетейік, клуб­тық әлем чемпионаты 2000 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта Мадридтің «Реалы» ең көп олжаға кенелді. Корольдік клуб төрт рет (2014, 2016, 2017, 2018) топ жарды. Ис­панияның тағы бір командасы – «Барселона» үш мәрте (2009, 2011, 2015) бас жүлдені олжалады. Сан-Паулудың «Ко­ринтиансы» (2000, 2012) мен Мюнхеннің «Бавариясы» (2013, 2020) екі реттен дара шықты. Бразилияның «Интер­насьонал» (2006) мен «Сан-Паулу» (2005), Италияның «Милан» (2007) мен «Интер» (2010), Англияның «Ман­­честер Юнайтед» (2008), «Ли­верпуль» (2019) және «Чел­си» (2021) клубтары бір-бір мәрте дәл сол биіктен көрінді.