Кеңгір су қоймасы – Қарағанды облысындағы ең ірі су шаруашылығы құрылымдарының бірі. Бұл – Жезқазған қаласы тіршілігінің негізгі нәрі. Қала тұрғындары тұтынатын ауыз судың 60%-дан астамы осы ашық су қоймасынан, қалған бөлігі Үйтас-Айдос жерасты су көзінен алынады. Ал Жезді су қоймасы аумағының сыйымдылығы – 76 млн текше метр. Бүгінде бұл екі қойма да күтім көрмей, жетімнің күйін кешкен.
Ауыз су мәселесі алаңдатады
Кеңгір су қоймасының құрылысы 1940 жылы басталып, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тоқтап қалады. Соғыстан соң ел есін жиған кезде 1946 жылы құрылыс жұмыстары қайтадан басталып, 37,3 шаршы шақырым аймақты алып жатқан су қоймасы мен алып гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталды. Жезқазған кен-металлургия комбинатының жедел дамуына байланысты 1965-1967 жылдары бөген ауқымы кеңейтіліп, 319 млн текше метр су жинақтайтын көлемге жеткізілді. Су қоймасының ұзындығы 30 шақырымдай, енінің ең жалпақ жері 1,7 шақырым, орташа тереңдігі – 8 метр. Содан бері Кеңгір су қоймасы Жезқазған қаласы тіршілігінің негізгі нәрі болып келеді. Бүгінде қала тұрғындары тұтынатын ауыз судың 60%-дан астамы осы ашық су қоймасынан, қалған бөлігі Үйтас-Айдос жерасты су көзінен алынады. Ауыз су қалаға гидротехникалық цех арқылы залалсыздандырып, тазаланып берілсе де жағалаулары талапқа сай қорғалмаған ашық қойма суының сапасына жұртшылық күмәнмен қарайды.
Толықтай жерасты суымен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ жылдан бері айтылғанмен, шешілмей келеді. Жезқазғанға 10 млн текше метрдей су береді деген Есқұла жобасы да толық жеріне жеткізілген жоқ. Ал қаланы ауыз сумен жарым-жартылай жабдықтап отырған 60 шақырым жердегі Үйтас-Айдос жерасты су көзінің құбыры жыл өткен сайын тозығы жетіп, жарамсыз болуға айналған. Бұл су көзі құрылғысы 1967 жылы пайдалануға берілген. Жоба бойынша жылына 30-35 млн текше метр су беруі керек болса, бұл көрсеткіш кейінгі жылдарда 3 есеге дейін төмендеп кеткен. Су көзіндегі бес ұңғыманың екеуі ғана жұмыс істейді. Үйтас-Айдостың жерасты су көзінің жобалық мүмкіндіктері толық қуатында пайдаланылуы үшін қосымша ұңғымалары іске қосылып, 60 шақырымдық құбыры толықтай жаңартуды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 20 қазанда Жезқазғанға келген сапарында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшыларымен өңірдің кен өндірудегі болашақ жоспарын тыңдай келіп, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. «Адамдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуді Үкімет әкімдікпен және корпорациямен бірлесіп қысқа мерзім ішінде әрі кеткенде бір жарым жыл ішінде шешуі керек», деп тапсырма беріп, бұл мәселені бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Кеңгір су қоймасын ұқыптылықпен, талапқа сай пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күннің ең басты мәселесі.
Су қоймасының иесі кім?
2011 жылғы 1 наурызда өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Су кодексінің 25-бабында: «Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік меншікте болады және жалға, сенімгерлік басқаруға берілмейді және иеліктен шығаруға жатпайды», деп анық көрсетілген. Осы мақсатта Үкіметтің 1996 жылдың 16 маусымында қабылдаған қаулысымен Мемлекеттік мүлік комитетіне Кеңгір су қоймасын және гидротехникалық құрылымдар кешенін «Жезқазғантүстімет» АҚ құрамынан шығарып, республикалық Су ресурстары жөніндегі комитеттің құзырына, одан соң Жезқазған облыстық су ресурстары жөніндегі комитетіне беруді міндеттеген болатын. Үкімет қаулысын орындау үшін мемлекет мүлкін басқару жөніндегі Жезқазған аумақтық комитеті стратегиялық маңызы бар нысанды «Жезқазғантүстімет» АҚ-ның жарғылық қорынан шығаруды акционерлер жиналысында қарап, сол жылдың 9 тамызына дейін Жезқазған облыстық су шаруашылығының иелігіне беруі керек-тін. Алайда «Жезқазғантүстімет» АҚ-ның сол кездегі басқарушысы мемлекет мүлкін басқару жөніндегі республикалық комитеттің алдына су қоймасымен бірге қаланың бүкіл шаруашылық-ауыз су және қалдық суды тазарту қондырғысын, Үйтас-Айдос су жинағышын, қалалық су құбырлары мен кәріз желілері сияқты барлық дүниелерді қосып алыңдар деген мәселе қойды. Үкімет қаулысында тек Кеңгір су қоймасы мен гидротехникалық құрылымдар кешенін мемлекет иелігіне алу қажеттігі атап көрсетілгенмен, қала құраушы кәсіпорын тарапынан бұлтаққа салу салдарынан бұл міндет орындалмай қалды. Бұдан кейінгі кезеңде Қаржы министрлігі мен оның мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеті бұл проблемаға қайта айналып соққан жоқ. Осылайша, стратегиялық маңызы зор нысан Су кодексінің және Мемлекеттік мүлік туралы заң талабына сай жекеменшік қолынан мемлекет иелігіне қайтарылмады.
«Жезқазғантүстімет» АҚ базасындағы құрылымдық өзгерістерге байланысты бүгінде Кеңгір су қоймасы гидротехникалық құрылымдарымен бірге «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС иелігінде. Стратегиялық нысанның гидротехникалық құрылғыларының имараттарын қызмет көрсету жөніндегі келісімшарт бойынша Жезқазған қаласының «Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ пайдалануда. Ал құрамында Су ресурстары комитеті болған кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі де, кейіннен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су кодексінің заңдылық талаптарына сәйкес Кеңгір су қоймасының мәртебесін қалпына келтіру мәселесін көтерген емес. Соған орай бұл кешенді ұстаудағы заңдылық және нормативтік актілерге бақылау да жасалмаған. Мұны айтасыз, тіпті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы филиалының дерек базасында Кеңгір су қоймасы «жылжымайтын регистр» ретінде мүлдем тіркелмеген.
Бүгінде су қоймасында 245 млн текше метрдей су бар немесе көлемі жобалық қуатынан 24%-ға төмен. Кейінгі жылдардағы құрғақшылыққа байланысты қойма арнасы суға толмай, кемеріне жетпей келеді. Сонымен қоса төменгі бьевтегі шлюз арқылы ондаған жылдар бойы су ағызылып жіберілген жоқ. Қойманы пайдаланушылар тарапынан су түбіндегі лай шөгінділері мен өсімдіктердің шіріген қалдықтары тазартылмайды. Су қорғау аймағы мен жағалауы қоқысқа толы. Тазарту, абаттандыру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді.
Осыған орай өткен жылдың соңында Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің мониторингтік тобы «Су кодексі мен нормативтік актілерінің талаптарына сәйкес қала аумағындағы су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау жөніндегі жұмыстардың жағдайы туралы» мәселені арнайы талқылап, Кеңгір су қоймасына қатысты түйінді проблемаларды Үкіметке жеткізуге шешім жасаған еді. Бұл мәселеге байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі С.Қожаниязовтан 2021 жылдың 29 желтоқсанында келген жауабында төмендегідей шартты орындаған жағдайда Кеңгір су қоймасын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке алуға министрліктің қарсылық білдірмейтіні көрсетілген. «Ол үшін су қоймасының техникалық және иелік құқығын белгілейтін құжаттар жасалуы керек; Кеңгір су қоймасын пайдалануға, күтіп ұстауға және қайта жаңғыртуға қажетті қаржы көзін айқындау керек; Қазіргі таңда министрлік «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-да 2021 жылдың 19 қазанынан 2024 жылдың 1 қазанына дейін жылына 20 935 мың текше метр су пайдалану лимиті бойынша су қоймасын арнайы пайдалануға рұқсат рәсімдеді», деп алдаусыратады. Алайда су қоймасы нақты кімнің меншігінде болатынын нақтыламайды. Министрліктің бұл хатында суды пайдаланушы тарапынан қойманы күтіп ұстап, жақсартуда не істелетіндігі туралы да ештеңе айтылмаған. Жалпы, көзін тапса судан түсер пайда көп. Су шаруашылығының сарапшы мамандары ұсынған құжаттарда егер Кеңгір су қоймасының базасында шаруашылық-есептік жеке кәсіпорын құрылған жағдайда экономикалық-қаржы жағдайы бойынша оның өзін өзі ақтайтынын дәлелдеп беріп отыр. Ал әзірше суды тұтынып, пайдаланудан түсетін қаржының қызығын «Қазақмыс» корпорациясының еншілес кәсіпорны «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС көріп жатыр.
Жезді су қоймасы қайта жаңғыртылуы керек
«Қазгидропроект» институтының жобасы бойынша Жезді су қоймасы Жезді өзенін бөгеу арқылы 1969 жылы салынған. Аумағының сыйымдылығы – 76 млн текше метр. Су қоймасының құрамындағы бөгет (плотина), тасқын суды жіберу, су ағызу құрылғылары – негізгі гидротехникалық нысандары. Кезінде бұл жоба қаладан 20 шақырым жердегі Талап ауылы аумағындағы 3 028 гектар алқапқа су беру арқылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын көкөніс және сүт-ет өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылғаны белгілі. Су қоймасынан су магистралдық канал арқылы беріліп, ұзақ жылдар бойы бұл міндет ойдағыдай орындалды да. Сонымен қатар саяжайлар мен еңбеккерлердің ұжымдық бақшасына су беру де оңтайлы шешілген-тін. Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық экономиканың келуімен халық осы игіліктен айырылып қалды.
Бөгет пайдалануға берілген кезден бастап Жезқазған облыстық су шаруашылығының балансында болды. Ал Жезқазған облысы таратылғаннан соң «Қазводхоз» РМК Қарағанды филиалының құзырына берілді. Алайда су қоймасының жағдайы бүгінде аянышты жағдайда қалып отыр. Тозығы жеткен шлюздер, бекітуші тетіктері мен металл құрылғылары тоттанып, өзгеріске ұшыраған. «Қарағандыводхоз» тарапынан гидротехникалық нысанға тиісті бақылау болмауы салдарынан 2019 жылдың көктемінде күтпеген апат орын алып, су сыртқа ағып кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қоймадағы су 3-3,5 есе азайып, 19 млн текше метр ғана су қалған. Өткен жылғы көктемгі су тасқынында 13 млн текше метрдей сумен толықты. Жезді қоймасындағы су көлемінің төмендеп қалуы оның сапасына да кері әсерін тигізуде. Оның үстіне «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік қалдықтарын сүзгіден өткізген техникалық суы мен Сәтбаев қаласы кәріз жүйелерінің жеткілікті тазаланбаған ағындыларының Жезді өзеніне келіп құйылуы су сапасын мүлдем нашарлатып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға жарамсыз жағдайға жеткізді. Осындай зиянды қалдықтармен ластанған қойма суы Сарысу өзеніне де құйылады. Сарысу бойында көптеген қыстақ пен жүзге жуық шаруа қожалығы орналасқанын ескерсек, ластанған судың қаншалықты көлемде залал тигізіп отырғанын жете сезінуге болады.
Бұл жағдайдың барлығы Су ресурстары жөніндегі комитетке, Нұра-Сарысу су-бассейні инспекциясына белгілі. Бірақ олардың тарапынан Жезді су қоймасының ластануының себептеріне тексеріс жасалмаған. Сондай-ақ қоймаға жауапты тұлғаларды бекітіп, негізгі бағыттарын айқындауға мән берілмеуде. Республикалық орталық органдар мен «Қазводхоздың» жұртшылық көтеріп жүрген осы мәселелерге жеткілікті көңіл бөлмеуі келеңсіз жағдайға әкеліп соғуда. Су қоймасы бүгінде жарамсыз болумен қатар иесіздікке ұшырап босқа қалатын қаупі бар. Мәселен, Үкіметтің Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары туралы 2011 жылғы 3 қарашадағы №1283 және 2019 жылғы 13 маусымындағы №400 қаулыларында Жезді су қоймасына Талап суармалы жүйесінің магистралдық каналымен бірге қайта жаңарту жүргізу көзделген болатын. Өкінішке қарай, өңір үшін өзекті бұл жоба тек қағаз жүзінде қалып қойды. Егер Жезді су қоймасы қайта жаңғыртылып, дұрыс негізде пайдаланылса, Талаптың 3 мың гектар алқабына картоп пен көкөніс егу арқылы қанаттас қос қаланың азық-түлік мәселесін оңынан шешуге болар еді.
Ендігі жерде өңір жұртшылығы Жезқазған қаласының қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды орын алатын Кеңгір және Жезді су қоймаларына қатысты бұл жағдайлардың алдағы уақытта Су кодексінің талаптарына сай болуына Үкімет тарапынан дұрыс көңіл бөлінсе деп үміттенеді.
Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ,
Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы,
Қарағанды облысының құрметті азаматы,
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі