Өткен аптаның соңында Ұлттық баскетбол қауымдастығының (ҰБҚ) кезекті турында «Голден Стэйт Уорриорз» бен «Лос-Анджелес Лейкерс» клубтары кездесіп, бұл бәсеке 117:115 есебімен алғашқыларының пайдасына шешілді.
Аталған кездесуде Леброн Джеймс 26 ұпай алды. Өз командасының жеңіске жетуі үшін бұл жеткіліксіз болғанымен, оның есімі тарихта қалды. Өйткені осыған дейін ҰБҚ тарихында ең көп ұпай олжалаған Кәрім Абдул-Джаббар еді. Иә, 1969-1989 жылдар аралығында «Милуоки Бакс» пен «Лос-Анджелес Лейкерстің» сапында жасындай жарқылдаған даңқты баскетболшының есімін жанкүйерлердің ұмыта қоймағаны анық. Спорттың бұл түрінде толағай табыстарға жеткен ол ҰБҚ-да өнер көрсеткен 20 жыл уақыт аралығында 44 149 ұпай жинады. Міне, өткен аптада сол рекорд бұзылды. Джаббардың рекордын Джеймс жаңартты. 37 жастағы «Лос-Анджелес Лейкерстің» шабуылшысы 44 157 ұпайға иелік етіп, орасан зор көрсеткішімен Жер-жаһан жанкүйерлерін тамсандырды.
Леброн Джеймс 1984 жылдың 30 желтоқсанында АҚШ-тың Огайо штатына қарасты Акрон қаласында дүниеге келді. Оның бойы – 207 сантиметр, салмағы – 113 кило. Кезінде Леброн «Кливленд Кавальерс» (2003-2010, 2014-2018) пен «Майами Хит» (2010-2014) клубтарында ойнады. Бұл күндері «Лос-Анджелес Лейкерстің» намысын қорғауда. Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанып, ҰБҚ біріншілігін төрт рет ұтты. Сан мәрте ең құнды және ең көп ұпай жинаған ойыншыларға тиесілі арнайы сыйлықтарды иеленді. Джеймстің басқа да толып жатқан атақтары бар.
Сондай-ақ ҰБҚ-да ең көп ұпай олжалаған «ТОП-10» ойыншының тізімінде Карл Мэлоун, Коби Брайант, Майкл Джордан, Дирк Новицки, Уилт Чемберлен, Шакил О’Нил, Кармело Энтони және Мозес Мэллоун сынды аттары аңызға айналған азаматтар бар. Бірақ осы 10 баскетболшының сегізі спорттан әлдеқашан қол үзген. Олардың барлығының да есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазулы. Ал 41 жастағы Коби Брайант 2020 жылы әуе апатынан қаза тапты. Сол себепті де алдағы 10-15 жыл аралығында Леброн Джеймстің рекордын ешкім бұза алмайды деп нық сеніммен айтуға болады.