ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев көліктен кәдеге жарату алымы бойынша мөлшерлемелер қашан анықталатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазіргі уақытта кабель-өткізгіш өніміне кәдеге жарату алымын алуды 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп мөлшерлемелерді қайта қарау бойынша жұмысты ағымдағы айдың соңына дейін аяқтаймыз», деді министр.
Ведомство басшысы кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражатқа иелік ету функциялары «Жасыл Даму» АҚ-ға берілгенін еске салды.
«Жасыл Даму» - тауар қалдықтарын кешенді басқарудың бірыңғай жүйесін құруға және сол қалдықтарды қайталама шикізат ретінде айналымға тартуға, қоқыс өңдеу саласының инфрақұрылымдық дамуымен айналысатын ұйым.
Айта кетсек, 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасынан кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі айтарлықтай төмендейтінін хабарлады.