• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2022

Ақмола автожолдарында 100-ден астам адам эвакуацияланды

191 рет
көрсетілді

14-15 ақпан аралығында Ақмола облысының жылыту пункттеріне 116 адам эвакуацияланды, оның ішінде 14 бала және бір жасқа да толмаған нәресте бар, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысы аумағындағы республикалық және 17 облыстық маңызы бар автожолдардың 11 учаскесіндегі автожолдардағы қиын жағдайға байланысты барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жабылды.

Жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін полиция департаментінің, ТЖД және жол қызметтерінің күшімен үш автоколонна – 148 жеңіл және 13 жүк автомашинасы құрастырылып, сүйемелденді.

«Республикалық маңызы бар автожолдардың жабық учаскелеріндегі блокпосттардан ТЖД күшімен жылыту пункттеріне 116 адам орналастырылды, оның ішінде 14 бала бар. Мәселен, тек Жақсы ауданында 69 адам эвакуацияланды, оның ішінде 14 бала, Атбасар ауданында – 37 адам, Бурабай ауданында – 5 адам, оның ішінде 2 бала, Біржан Сал ауданында – 4 адам және Есіл ауданында – 1 адам. Жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақ ұйымдастырды», деді Ақмола облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Олег Малюк.

 

Облыстың автожолдарында шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Аршалы, Бұланды және Жақсы аудандарында үш трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді.

Құтқарушылардың айтуынша, қысқы кезеңдегі ТЖ-ға жедел әрекет ету үшін жеке құрамның 370 адамы және өтімділігі жоғары шассиі бар 76 автомобиль дайындалған, олар төтенше жағдайларға барынша бейімділікті ескере отырып бөлімшелер бойынша бөлінген.