• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Ақпан, 2022

Халықаралық көрмеге қатысты

344 рет
көрсетілді

Азық-түлік өнімдері, сусындар мен оларды өндіруге арналған шикізаттың 29-шы халықаралық «ПРОДЭКСПО-2022» көрмесіндегі Қазақстан Республи­касы Ұлттық стендінің жұмыс қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпкер­лер 101 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасасты.

Қазақстан ұлттық стендінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 20 өндіруші компания болды. Көрмеде бал өнімдері, кондитерлік және макарон өнімдері, ұннан жасалған және кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар, шырындар мен сыра, балмұздақ, өсімдік майлары ұсынылды. Сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімдерін өндіретін және өңдейтін компаниялар өз өнімдерін таныстырды. Көрме барысында қазақстандық компаниялардың ресейлік және басқа да отандық өнімді сатып алушылармен 200-ге жуық В2В келіссөздері, соның ішінде Ресей мен басқа да елдердің федералдық және аймақтық сауда желілерімен келіссөздері жүргізілді.

Қазақстандық өнімдерді сатып алушылар арасында еліміздің май өнімдері: сары май, маргарин және т.б. үлкен қызығу­шылық тудырды. Ресейлік және халық­аралық трейдерлер үшін екінші аса көп қызығушылық тудырған тауар қазақстандық балмұздақ болды. Сондай-ақ қазақстандық алкогольсіз сусындарға, шырындарға, сыраға, жаңа піскен, жаңа мұздатылған және қайта өңделген көкөністер мен жемістерге, жеміс-жидек езбесіне, ұнға, макарон өнім­деріне, сондай-ақ бал, сүт және кондитер­лік өнімдерге сатып алушылар баса назар аударды.

Қазақстандық компаниялардың «ПРОДЭКСПО» көрмесіне қатысуын экспорттаушыларды сервистік қолдау шеңберінде экспортты мемлекеттік қол­даудың бірыңғай операторы «QazTrade» компаниясы қамтамасыз етті. 2021 жылы экспорттаушыларды сервистік қолдау іс-шаралары аясында қазақстандық өн­діру­шілер қол қойған экспорттық келісім­шарттар сомасы шамамен 279,6 млн долларды құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық та­уар өндірушілердің экспорттаушыларды сервистік қолдауға бағытталған тікелей бюджеттік шығыстарының әрбір 1 теңгесіне табысы 329,6 теңгені құрады.