Аптаның алғашқы күні Бейжің Олимпиадасында алты жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық жанкүйерлердің назары фристайлшыларға ауды. Өйткені әйелдер акробатикасынан өткен жарыста қазақстандықтар – Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмұрзаева өнер көрсетті.
Алғашқы сынақта екеуі де сүрінді. Жанбота 12-сатыға жайғасса, Ақмаржан 19-орында қалып қойды. Екінші іріктеу сайысында Алдабергенова білгенінен жаңылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Ал Қалмұрзаева өз тобында үздік шығып, бірінші финалға жолдама алды. Бірақ шешуші тұста жерлесіміз өзін жақсы қырынан көрсете алмады. Екінші рет ортаға шыққанда жарысты жалғастыруға дайын болмаса, үшіншісінде тым аз ұпай жинап, қорытынды есепте 11-орынды қанағат тұтты. Бұл жарыста негізгі бәсекелестік қытайлық Сюй Мэнтао мен белоруссиялық Анна Гуськова арасында өрбіді. Екеуі де өте мықты спортшылар. Мэнтао – Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, Гуськова – Пхенчхандағы ойындардың жеңімпазы. Өте шиеленісті өткен тартыста жергілікті фристайлшының асығы алшысынан түсті. Беларусь өкілі күміспен күптелсе, қола медаль америкалық Меган Никке бұйырды. Біздің Ақмаржан Қалмұрзаева дәл осы АҚШ өкілінен екінші іріктеу сынында озған болатын.
Шаңғымен трамплиннен секірудің (HS140) командалық сайысында құрамында Штефан Крафт, Даниэль Хубер, Ян Херль және Мануэль Феттнер сынды саңлақтары бар Аустрия алдына жан салмады. Екінші және үшінші орындарда – Словения (Ловро Кос, Цене Превц, Тими Зайц және Петер Превц) мен Германия (Константин Шмид, Штефан Ляйе, Маркус Айзенбихлер және Карл Гайгер).
Мәнерлеп сырғанаудағы бишілер бәсекесінде франциялық жұп – Габриэла Пападакис пен Гийом Сизеронның бағы жанса, одан кейінгі орындарды Виктория Синицина мен Никита Кацалапов (Ресей) және Мэдисон Хаббелл мен Закари Донохью (АҚШ) еншіледі. Ал басқа спорт түрлері бойынша тек қана іріктеу сайыстары өтіп, сол сынақтан сүрінбегендер финалда күш сынасу құрметіне ие болды.
Шайбалы хоккейден өтіп жатқан жарыс та көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Қазіргі кезде ерлер арасындағы бәсекеде барлығы 12 құрама үш топқа бөлініп бақ сынауда. Солардың арасынан бірінші орын алғандары тікелей ширек финалға жолдама алды. Олар – АҚШ, Финляндия, Швеция және Ресей құрамалары. Кеше түнде Дания мен Латвия, Чехия мен Швейцария, Словакия мен Германия және Канада мен Қытай хоккейшілері өзара күш сынасты. Ширек финалдық сайыстар бүгін өтеді. 18 ақпанда жартылай финалды тамашалаймыз. Ал 19 және 20 ақпан күндері Олимпия ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады.
Әйелдер арасындағы хоккейшілер жарысының жартылай финалдық сайыстары аяқталды. Бұл межеде Канада Швейцарияны 10:3 есебімен ұтса, АҚШ Финляндиядан айласын асырды – 4:1. Енді ертең көршілес екі мемлекеттің өкілдері бас жүлдені өзара сарапқа салады. Жеңіліс тапқан командалар қола медаль үшін таласады.
Жалпы есепте әлі де Норвегия алда келеді. Олар 9 алтын, 5 күміс және 5 қоланы олжалады. Басты қарсыластарынан Германияның бір бас жүлдесі кем. Одан бөлек, немістерде 5 күміс пен 2 қола медаль бар. АҚШ (7+6+3) үшінші орынға жайғасса, Нидерланд (6+4+2) пен Аустрия (5+6+4) төртінші және бесінші сатыларға табан тіреді. Сондай-ақ Швеция (5+3+3), Қытай (5+3+2), Ресей (4+6+8), Франция (3+6+2) және Швейцария (3+0+5) озық он команданың қатарында. Осы жарыста барлығы 21 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 26 елдің туы биікте желбіреді. Өкінішке қарай, олардың қатарында Қазақстанның спортшылары жоқ.