Кентау қаласының тұрғыны Гүлжаһан Керімбайқызы тастанды сәбилерді тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары отағасы Ысқақ Тұрғанбайұлы «АрНұр» атты отбасылық балалар үйін ашқан. Ақсақалдың қолға алған игілікті ісін зайыбы Гүлжаһан да қолдап, қуаттаған. Сол кезде отбасылық үлгідегі балалар үйі 13 тастанды сәбиді қабылдапты. Олардың 8-і бесіктегі құндақтаулы бүлдіршіндер болса, қалғандарының жасы әлі бірге толмаған періштелер екен. Кейіннен 2 бала туған аналарымен қайта қауышады. Ал 7 сәбиді бала иісін аңсаған өзге отбасылар бауырына басқан. Қалған 4-уі қазіргі кезде Жұмашевтар әулетінің мүшелері. Қыздардың алды жоғары оқу орындарының студенттері.
Ысқақ Жұмашев көп жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еңбек еткен. Шаңырақтың шамын жаққан Гүлжаһан Керімбайқызы да ақ халатты абзал жан. Жайдары жұп дүниеге әкелген 3 ұл, 2 қызды адамгершілігі мол, иманжүзді жандар етіп тәрбиеледі. Бүгінгі күні әрқайсысы еліне адал қызмет етуде. Қазіргі кезде қос қария 22 немеренің маңдайын иіскеп, қызығына тоймауда. Өмірдің ыстық-суығына бірге төзген Ысқақ ата Кентау қаласының құрметті азаматы болса, Гүлжаһан апа «Күміс алқаның» иегері.
Әрине, дүниеге келгеніне әлі күн де толмаған тастандыларды жетілдіріп, отбасының мүшесі етіп қабылдау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осыны ескерсек, Ысқақ ата мен Гүлжаһан апаның және олардың ұл-қыздарының бұл жолда көрсеткен істері үлкен ерлікпен пара-пар екендігі анық.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.
КЕНТАУ.