Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов еліміздегі бірқатар этномәдени бірлестіктің өкілдерімен онлайн режімде кездесті.
«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшелерімен өткен кездесуде қатысушылар Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру идеясына қолдау білдірді. «Президент бастамасымен жарияланған Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы, бірінші кезекте, қоғамның тұтастығын білдіреді. Қабылданған іс-шаралар кешені елдің саяси және экономикалық өміріндегі жасампаз өзгерістерге қуатты серпін беретіні сөзсіз. Осыған орай бұл күндері Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қызметін қайта жандандыру бойынша арнайы іс-шараларды іске асыруда», деді М.Әзілханов.
Түрік бірлестігінің мүшелері өскелең ұрпақтың рухани және адамгершілік тәрбиесіне, жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға, ұлттық мәдениетті дамыту мен ілгерілетуге, жалпы тіршілік әрекетінің басқа да маңызды аспектілеріне назар аударды. «Қаңтар айының басында Қазақстан халқымен бірге осынау қиын кезеңді бастан өткердік. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елмен бір кісідей жұмылып, ынтымағымызды сақтай білдік. Әрине, әрқайсымыз үшін халықтың әлеуметтік тұрақтылығы мен қауіпсіздігі басты орында. Сондықтан қазір Ассамблеяның, оның құрылымдары мен әріптестерінің негізгі міндеті – тиімді іс-әрекет жасау. Байқаушы рөлін сомдамай, нақты игі іс-шараларды іске асыруға, Отанымызды одан әрі гүлдендіруге атсалысу», деді «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Касанов.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ортақ мәмілеге келіп, ұсынылған іс-шараларды бірлесе атқаруға дайын екендіктерін білдірді.
Марат Әзілхановтың күрд этномәдени бірлестігінің өкілдерімен өткізген кездесуге «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының төрағасы А.Алиев, «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының Алматы қалалық филиалының төрағасы М.Тагиров, «Жйина күрд» республикалық күрд газетінің бас редакторы Ж.Османов және басқалары қатысты. Кездесу барысында М.Әзілханов күрд этномәдени бірлестіктерінің Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудағы белсенді және біріктіруші рөлін атап өтті. Сонымен қатар ҚХА-ның күрд этномәдени бірлестіктерінің этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылық пен халықтың бірлігін нығайтуда белсенді жұмыс істеп, ҚХА-ның қолдауына ие болып отырғанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның қағидатты ұстанымы – этностық мәселелерді саяси мақсаттарда пайдалануға жол бермеу керек екенін атап өтті.
Күрд этносының өкілдері қаңтардағы оқиғалар еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет айқын көрсеткенін жеткізді. «Біз қазақ халқымен бірге түрлі тарихи кезеңдерді еңсердік. Бүгінде біз еліміздің мүдделерін қорғау мен нығайту жолындағы жұмысты одан әрі жалғастырмақпыз. Сондай-ақ өзіндік ерекшелігімізді жоғалтпау үшін мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен тілімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етеміз», деді А.Алиев.
Өз кезегінде күрд этномәдени бірлестігінің өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ілгерілету мен дамытуға байланысты өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, ҚХА қызметіне барлық этностардың белсенді жастарын тарта отырып, жобаларды дамыту, еліміздің кадрлық әлеуетінің шетелге кетуіне жол бермеу мақсатында Жаңа Қазақстанды құруда жастармен белсенді жұмыс жүргізу және мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мақсатында этностарды біріктіру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында ҚХА Төрағасының орынбасары Ассамблея еліміздің барлық этномәдени бірлестіктеріне және этностардың мәдениетін, дәстүрлерін, тілін дамытуға барынша қолдау көрсететінін атап өтті.
М.Әзілханов Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының белсенділерімен кездесуде ұйғыр этносының қазақстандық патриотизмді дамыту мен нығайтуға бағытталған жұмысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, бүгінгі күн Ассамблеяның жұмысына жаңа тәсілдерді енгізуді талап етеді.
Өз кезегінде ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілдері «Қасіретті қаңтар» кезінде ортақ шаңырағымыздың тыныштығын сақтап қалған Мемлекет басшысына шын жүректен ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ кездесу барысында ҚХА жұмысының тиімділігін одан әрі арттырудың негізгі аспектілері қаралды.