Елімізге танымал кинорежисер, «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев бас қалада өткен алқалы отырыста өзі басқаратын компанияның жағдайы мәз емес екендігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Біз жұмыс істеп жатырмыз, барынша тырысып бағамыз. Бірақ студия тапқан барлық қаражат өкінішке қарай, қызметкерлердің жалақысы мен әкімшілік-шаруашылық қажеттіліктерге жұмсалады. Шындығын айтқанда, өз фильмдерімізді шығаруға да қаражат жеткіліксіз. Сондықтан, бізге өз фильмдерімізді шығару үшін әлі де қолдау қажет», деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев.
Бас қалада өткен жиналыста мәдениет саласындағы құлдырап тұрған мәселелер қозғалды. Мәселен, кітап баспасы, мұрағатшылардың жалақысы, мәдени нысандарды қайта жөндеуден өткізу жайында әңгіме қозғалды. Жауапты министрліктің хабарлауынша, ел ішінде 7 мыңнан астам мәдени орталық бар. Алайда оның көбі ескі нысандар. Кітапханалар мен архив ісі де қолдауға зәру. Сала мамандары да бірқатар кемшіліктерді айтты. Олар ауылдағы кадр тапшылығы, қазақ тілінде жазылған кітаптарды сату мен баспа ісін дамытудың қажет екенін жеткізді.
Айтылған мәселелерді тыңдаған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев олқылықтардың біртіндеп шешілетінін айтты.
Аяна Тоғанбек
ЕҰУ студенті