Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мұрат Қабденов қызметке кіріскен алғашқы жұмыс күндерін азаматтарды жеке қабылдауға арнады. Мұнан кейін ішкі істер органдарында білімді, өз ісіне адал және жауапты қызметкерлердің қатары көбейгенін қалайтынын аңғартып, талапқа сай жас мамандарды жұмысқа тарту мен қабылдау үшін «Ашық есік» күні өткізілді. Өңірдің ғана емес, Шымкент қаласы мен Жамбыл облыстарының жастары да келіп, рухани астанада қылмыстың азаюына өз үлестерін қосу ниеттері барын білдірген.
Қызметін осындай игі қадамдармен бастаған генерал-майор Мұрат Қабденов тұрғындардың мәселесі бәрінен де маңызды деп есептейді. Күндіз басталған кездесуі түнгі уақытқа дейін жалғасқан. «Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. Бұл жерде сопылық ілімнің негізін қалаушы, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жерленген. Түркістанда жүздеген ханымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әмбиелеріміздің мазарлары бар. Бабалар сөзімен айтқанда Түркістан – түмен бап жатқан киелі өңір. Бір жағынан Түркістан облысы – менің туып-өскен, балалық шағым өткен құт мекен. Сондықтан қасиетті өңірге деген құрметім ерекше. Құт мекенде уақытпен жарыса зәулім ғимараттардың құрылысы қарқынды жүріп, қаланы тамашалауға келіп жатқан туристер санының артуын, демографияға оң әсер етіп, халық санының да өсе бастағанын байқауға болады. Ал бұл өз кезегінде облыс полицейлерінің тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуіне әкеледі. Демек бұл ретте киелі облыстың тәртіп сақшыларының қатары артып, білім-біліктіліктері де жетілдірілуі керек», дейді генерал-майор. Осы орайда 2019 жылы құрылған туристік полиция тобының қатарындағы сақшылар өз білімдерін жоғары оқу орындарында жетілдіруде. Олар шетелден келген азаматтарға қызмет көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болғандықтан бірнеше тілде еркін сөйлейтін, полиглот маман болуы заман талабы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында құқық қорғау саласының қызметкерлеріне және олардың білім-біліктері мен қызметіне ерекше көңіл бөлуде. Өңірде тәртіп сақшыларының мінсіз қызмет атқаруына мүмкіндік жасалуда. Мысалы, учаскелік полицейлердің тәулік бойына көшеде және қоғамдық орындарда қызмет атқаруы, дабыл болғанда дер кезінде оқиға орнынан табылуы үшін талапқа сай стационарлық бекеттер салынуда. Олардың саны биыл да артады. Полиция департаментінің бастығы келтірген мәліметтерге қарағанда, өңірде ұрлық қылмысы 26,4%-ға, мал ұрлығы 17,1%-ға, бұзақылық 26,7%-ға азайған. «Жалпы, алдағы уақытта да қылмыстарды азайту мен болдырмаудың жедел шараларын қарастыру, тез арада шешім қабылдау мақсатында жұмыстар тікелей бақылауымда болады. Мемлекет басшысы адамдардың құқықтары мен бостандықтары заңға сәйкес қорғалуын, қауіпсіздік тиісті деңгейде қамтамасыз етілуін, учаскелік полицейлердің мәртебесін арттыруды жүктеді. Бұдан бөлек «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашық, қолжетімді болу, халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде жауап беру, арыз шағымдардың заңды қаралуы үшін үш буынды модельді енгізіп, «сервистік полиция», «жұртқа жақын полиция» қағидаты сынды ел игілігі жолындағы тапсырмалар берілді. Осыған сәйкес министрліктің тікелей нұсқауымен еліміздің барлық аймағында аталған жобалар іске асырылуда. Сервистік полиция – халыққа мінсіз қызмет деп түсінемін. Яғни біз заманға сай бола тұра, азаматтардың арыз шағымдарына дер кезінде назар аударып, уәждерін ести білуіміз керек. Халықты үрейлендіруші емес, қайта жақын, жанашыр, қиындыққа тап болған сәтте қамқор, ерлікпен пара-пар істерді жасайтын, тәуекелшіл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және одан жиіркенетін, өзінің білімі мен біліктілігін жетілдіруші полицей болуымыз қажет», дейді М.Қабденов.
Сондай-ақ генерал-майордың пікірінше, егер халық өз балаларын, қауіпті қызметті тәулік талғамай атқарып жатқан полиция қызметкерлерін қолдамаса, жанашырлық білдіріп, ағалық ақылдарын айтып, бағыт-бағдар көрсетпесе атқарып жатқан істің барлығы бекер болмақ. Ал халық пен биліктің ой-пікірі бір жерден болса, алынбайтын қамал жоқ деп есептейді. «Осы сәтте қаңтар оқиғасы еріксіз көз алдыма келеді. Себебі сол оқиғада қауіпсіздікті қамтамасыз етемін, бұзақылықты тоқтатамын деген полицейлер, әскерилер мен қарапайым халық зардап шекті. Бірінің ұлы, жалғызы, үкілеген үміті, ал енді бірінің асыраушысы, отбасының тірегі, отағасы, бірінің жақыны, туысы мен сенімді адамы мерт болды. Әрине бұрыннан біздің ұйыған татулығымызды көре алмаған арам пиғылдылар, оңтайлы сәтті күткен арандатушылар іліп әкетіп, жауыздық жасады. Қырды. Елдің ұландарымен қырқысуды, халыққа одан сайын қарсы қоюды көздеді. Президентіміздің сарабдал саясаты мен білімінің арқасында татулығымыз қайта тұрақталды. Қирағандар қайта қалпына келуде. Сондықтан осы күнімізге де шүкір етейік! Қандай іс болса да, біртіндеп бой тіктейді. Гүл бірден бүршік жармайтыны сияқты әрекет те бір мезетте нәтижеге алып келмейді. Ендеше біздің елімізді әлі алдағы уақыттарда да үлкен игі істер, ел басқарған білімді ерлердің арқасында оң өзгерістер күтіп тұрғанына сенімдімін», дейді генерал-майор.
Түркістан өңірінде де қаңтар оқиғасы кезінде кішігірім шерулер болды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені халық бір-бірін қолдады. Қымбатшылық бойынша өз пікірлерін білдірді. Бірақ үлгі боларлығы олар заңсыздыққа бармады. Мемлекет мүліктерін бүлдірмеді. Адам шығыны жоқ. Өңір жұрты өздерінің сабырлы екендіктерін көрсете білді. Биыл өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау мақсатында «Балалар жылы» деп жарияланғаны мәлім. Осы орайда тәртіп сақшылары жыл басын жақсы бастамамен, яғни «Абайлаңыз, балалар!» атты іс-шарамен бастады. Қазіргі уақытта аталған шара облыстың барлық аудандарында іске асуда. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол бойына жақын орналасқан мектептердің алдына инспекторлар бекітілген. Сонымен қатар инспекторлар әрбір мектептің сыныптарына барып, оқушылармен арнайы сабақтар өткізуде. Заң аясындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдер арасында және олардың қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алуда, себеп-салдарын жеткізуде. Генерал «Балалар жылында» ғана емес, басқа уақыттарда да олардың қорғаны, қауіпсіздігін қамтамасыз етуші тәртіп сақшысы болу үшін бұл бағыттағы жұмыстар жүйелендіріліп, жалғасатынын айтады.
Түркістан облысы