Біз өткен 2021 жылдың соңында, яғни желтоқсан күндерінің 14-17-ші жұлдызында жылдағыдай қалыптасқан дәстүрмен ұлтымыздың ең басты, ең қасиетті мерекесі – тәуелсіздік күндерін зор мақтанышпен бүкіл елдің бірлік, ынтымақ, болашаққа деген құлшыныс, нық сеніммен лайықты атап өттік.
Ел-жұртымыз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа арнау сөздерін жылы қабылдады.
Осындай жақсы сезіммен 2022 жылдың да табалдырығын аттап едік...
...Өкінішке қарай, қаңтардың бірінші аптасы қанды оқиғаларға ұласып, бейбіт халықтың үрейін туғызды...
Азаматтардың бейбіт шеру, митингілер өткізу құқықтары бізде заңмен реттелген. Және әртүрлі талап, тілектермен митингілер өткізу жаңалық емес. Мәселе, сол бейбіт шеруді пайдаланған содырлық күштердің ғимараттарды, материалдық игіліктерді талқандап, жаппай өртке шалдырып, адамдарға оқ атып, қырып-жоюды ұйымдастыруында.
Әрине, қазір өткен алапат оқиғаларға жүргізіліп жатқан тергеу, тексеру жұмыстары аяқталмай, ешкім де ешнәрсе айта алмайды. Бірақ бұл оқиға бәрімізге, бүкіл қоғамға, әсіресе «мен қазақпын» деген әр адамға әрі сынақ, әрі сабақ болса керек.
Бәріне де уақыт төреші.
30 жыл тарих үшін қысқа ғана уақыт болса да мемлекеттігіміз үшін, оның дүниежүзілік қоғамдастықтағы орны үшін, болашақ үшін маңызы өте зор екенін де әр азамат білетіні белгілі.
30 жылда ұлттық тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық тілімізді жаңғырту жолында аз дүние жасалған жоқ. Осы кезеңде өмірге жаңа буын, жас ұрпақ келді. Олардың алды дүние жүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарынан білім алып, жас мемлекетіміздің әр саласында еңбек ету мүмкіндігіне ие болып жүр.
30 жыл бұрын тәуелсіздігімізді баянды етеміз деп мемлекет ісіне белсене араласқан қырық жастағылар бүгін ел ағасы жасына келді. Олардың негізгі дені ұлтжанды отаншылдар. Біз, бүгінгі аға ұрпақ еліміздің экономикалық дағдарысын, күйзелісін, бұрынғы саяси-экономикалық жүйенің құлауын, Одақтың таралуын көзімізбен көріп, басымыздан өткіздік.
Ата-бабаларымыздың талай ұрпағы армандаған тәуелсіз мемлекет болу бақыты біздің уақытымызға бұйырды.
Біз үшін ұлт болып бірігіп, тәуелсіз ел болып, өз тілімізде сөйлеу барлық тұрмыс қиындығынан жоғары тұрды.
Республикада, өңірлерде, облыстарда, қалаларда, аудандарда, ауылдарда «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, беделді халықтық қозғалысқа айналды.
Әбдуәли Қайдаров, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбай, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Айтбаев, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов сияқты танымал қазақ зиялылары бастаған қозғалысқа өңірлерде мыңдаған, миллиондаған азамат қолдау көрсетіп, ана тіліміздің рухы да, мәртебесі де көтеріліп, қоғамда жетекші орынға шықты,
Қолданыстағы Ата Заңымыз – Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданды.
Ендігі жерде осы, тағы басқа ресми құзырлы орындардың шешімдері, қаулы-қарарлары жүзеге қалай асырылады, заң қалай орындалады?
Осындай бүкілхалықтық қозғалысқа, әрине, ел болып жұмылдық. Көптеген тіл қайраткерінің еңбегі көрінді. Солардың ең алдыңғы өнегелі қатарында Оразкүл Асанғазықызының айқын сөзі мен батыл істері көпшілік қолдауына ие болды.
Оның депутаттық қызметі де тілмен тікелей байланысты болды. 2012 жылдың қаңтар айында сайланып, жұмысқа кіріскен Парламент Мәжілісінің V шақырылымының Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев бастаған бір топ депутат халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетіне біріктік. Оразкүл де біздің комитеттің мүшесі болып бекітілді. Келген бетте бір-екі ай сайлау кезінде жиналып қалған заң жобаларын комитет төрағасы жаңа сайланған депутаттарға бөліп, тапсырып, жұмыс топтары құрылып, жұмысқа кірісіп кеттік.
Алғашқы комитет отырыстарының бірінде әріптестеріміз өзіне тапсырылған заң жобалары туралы баяндамаларын жасап, талқылаулар жүріп жатты.
Кезек Оразкүл Асанғазықызына келді. Заң жобасы Қазақстан мен Армения мемлекеттері арасындағы достық, әріптестік қарым-қатынас туралы келісімді ратификациялауға байланысты екен. Оразкүл Асанғазықызы әуел баста заң жобасын баяндауға келген Сыртқы істер министрі орынбасарының баяндаманы мемлекеттік тілде жасамағанына мән беріп, Келісім мәтінінің көп жерде сауатсыз жазылғанына жан-жақты тоқталды:
– Мен өз көзіме өзім сенбедім. Мемлекет басшылары қол қойған өте жоғары дәрежедегі құжаттың қазақ тіліндегі мәтінінде 56 қате жүр, – деді әріптесіміз бәрімізді де ошарылдырып...
Сол жолы ұзақ талқылау, пікірталастан кейін Мәулен Әшімбаевтың ұсынысымен алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін Парламенттің қос палатасының ортақ келісімімен комитеттер арасында аударма бөлімдерімен бірлесіп, Парламентке келген заң жобаларының екі тілдегі мәтіндерін салыстыра отырып, бір жүйеге келтіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, нақты шара белгіленді. Бұл жұмыс болашақ заң жобаларының сапасына оң әсер етті.
Оразкүл осыдан кейін де Парламентте қазақ тілі мәртебесінің қуаттанып, өрісінің кеңеюіне, күнделікті тұрмыста тұрақтануына көп еңбек сіңірді.
Ұлтымыздың бай тарихында «елім», «жерім, «тілім» деп өскен, өткен арда ұлдарымыз бен қыздарымыз да, сөз бастаған дүлдүл шешен көсемдеріміз де, қол бастаған батырларымыз да баршылық.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жаңа дәуірінде оның алдындағы ұзаққа созылған отаршылдық, одан Одақ құрамында Мәскеу билігіне бағыныштылық, өктемдігіне тәуелді болған жағдайымыздан бостандық алып, еңсеміз көтерілген тұста ұлттық рухымыз қайта жаңғырып, өз тегімізді, тәркіленген тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды, жазықсыз қудаланған ұлт тұлғаларын қайта тани бастадық.
Әрине, мұның бәрі де ресми мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланып, дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан танылып, мойындалған тұстан, яғни «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, мемлекеттік институттар құрылып, өз дәрежесінде жұмыс істеле бастағаннан кейін мүмкін болған орасан жетістіктер екенін де әрбір қазақ естен шығармағанымыз абзал.
Ендігі жерде сол тағдыр мен тарих туғызған мүмкіндіктің өзін ұлт мүддесіне жұмылдыра алатын адамдар қажет болды. Сын, ұсыныс, пікір айтушылар жеткілікті. Мәселен, ана тіліміздің тағдыры, оның тынысы, қоғамдағы орны, қолданылу аясы, оқытылуы туралы сөз айтпаған қазақ кемде-кем. Ал «Әр қазақ не істеді? Не істеп жүрміз?» дегенде әр азамат қарапайым ғана өзінің табиғатынан, жаратылысынан, отбасынан бастаса, қазаққа «қазақша сөйле» деп таусылмас едік.
Қазаққа «қазақша сөйле!» деп жаны ауырып, дауысы жеткенше қажымай айтып жүрген қоғам қайраткерінің бірі де бірегейі – біздің әріптесіміз, замандасымыз, бауырымыз Оразкүл Асанғазықызы Асанғазы.
Оразкүлдің білімі физика, математика болса да, еңбек жолы, мемлекеттік қызметі әуел бастан тілмен, тілдік қор, тіл мәдениетімен байланысты болғаны да кездейсоқтық емес. Орта мектепті бітіргеннен кейін қыздар педагогика институтын тәмамдап, мектепте мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқаруының өзі жас мұғалімді адамдармен жұмыс істеуге үйретті. Аудан, облыс көлеміндегі партиялық басшылық қызметтері тікелей руханиятпен байланысты болды.
Оразкүл Асанғазықызының нағыз қайраткерлік келбеті мемлекеттік тәуелсіздік жылдары ашылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз еліміздің жаңа астанасын Арқаға көшіргенде, оңтүстік өңірден келген алғашқы іскер топтың бел ортасында осы біздің Оразкүл қарындасымыз келді. Жай келген жоқ, ежелден әсіресе еліміздің солтүстік өңірлерінде ана тіліміздің жағдайынан хабардар маман ұйымдастырушы ретінде ұлтымыздың тарихында қайта жаңғыру үрдісіне «бір кірпіш болып қалануға жарармын» деп білек сыбанып, бел буып, өз құлшынысымен келді. Шын мәнісінде, сол жылдарда, тіпті кей құзырлы ресми мемлекеттік орындарда, әкімдік аппараттарында қазақ, орыс тілдерінде тең сөйлеп, сауатты жаза алатын мамандардың жеткіліксіз болғаны да жасырын емес. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Оразкүлдей іскер, білімді, елге жанашыр әрі батыл адамдар, мемлекеттік қызметкерлер жаңа астана шаңырақ көтеріп, жаңа дәстүр қалыптасып жатқан тұста керек-ақ болды. Ол кездегі Ақмола (Целиноград) қаласында 260 мың халық тұратын, оның небәрі жеті-ақ пайызы қазақтар. Жаңадан ұйымдастырылып, орналасып жатқан мемлекетіміздің ең басты қаласы талап дәрежесіне жетуі үшін қаншама ірілі-уақты жұмыс атқарылуы қажет болғанын Нұрсұлтан Назарбаевтың естелігінен бастап көптеген кітап, мақала, шежіреде жеткілікті жазылды, әлі де жазылары анық. Қысқа қайырып, бір ғана салыстырмалы цифрларға назар аударсақ, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің барлық өңірінен келген азаматтар бір миллион екі жүз мың болса, оның сексен пайызға жуығы қазақтар. Олардың дені жастар. Біле білгенге бұл – тәуелсіз мемлекеттігіміздің ең үлкен көрсеткіші әрі соңғы жүз жылда арман болған жете алмаған жетістігі.
Біздің Оразкүл Астана қаласының Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, қалалық тіл басқармасының төрағасы, Мәжіліс депутаты қызметтерінде қоғамымызда қазақ тілінің өз құқында орнығып, тұрмыс-тіршілігіміздің салты мен салтанатына айналуына барынша еңбек сіңіргенін біз – осы жаңа қала тұрғындары көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп, куә болдық.
Жаңа Нұр-Сұлтан қаласының көшелеріне, көрнекті қоғамдық орындарға қазақ тіліндегі атаулар, ұлтымыздың көрнекті тарихи тұлғаларының есімдері берілуі, сондай-ақ Кеңес дәуірінде қазаққа еш қатысы жоқ бейтаныс адамдар мен жер, су аттарын, ономастикалық комиссия отырыстарында жан-жақты зерттеліп, тәуелсіз еліміздің тарихымен байланыстырыла қайта қаралуында Оразкүл Асанғазықызының бастамашыл еңбегі зор екенін осы қала жұртшылығы біледі әрі сүйіспеншілікпен айтады.
Мәжіліс депутаты болып жүргенде де, мемлекетіміздің заң шығарушы құзырлы орнында – Парламент мәжілістерінде, комитет отырыстарында, жұмысшы топтарында қазақ тілінің құқықтық аясын кеңейтуге бар күшін салып, аянбай, тартынбай, айтарын айтып еңбек етті. Кейбір өз ана тілін білмейтін немесе білсе де сөйлей алмайтын лауазымды қазақ қызметкерлер Оразкүлдің талап, «шабуылдарын» іштей жақтырмаса да амал жоқ мойындап, келер жолы дайындалып, «баяндамамды, сөзімді қазақша жасаймын», деп уәделерін де беретін, сөйте-сөйте үйренетін.
Оразкүл ресми мемлекеттік қызметтен құрметті демалысқа шыққаннан кейін де дамыл тапқанын көргеніміз жоқ. Ол өзіне жақын білім саласының шаруаларына белсене қатысады. Үнемі студент, оқушы жастармен кездесулерде немесе ұлт сөзі айтылатын телебағдарламаларда ұлт құндылықтарын, ұлттық сана, дәстүр жетістіктерінің, отбасы бірлігінің қажымас қайраткері, насихатшысы әрі өнегесі болып, ойын ортаға салып жүреді.
Оның бүкіл қоғамдық қайраткерлік еңбегінің бас тірегі де, демеушісі де – асыл тұқымды мал өсіруші кәсіпкер жары, отағасы Жора Тойлыбайұлы Алмантай, азамат болған ұлдары мен қыздары, өсіп келе жатқан немере, шөберелері бас қосқан берекелі қазақ отбасының үлгісі деп айтарлық негізіміз жеткілікті.
Оразкүл – бақытты ана, үлгісі, өнегесі өрісті азамат, тек қана Нұр-Сұлтан қаласы емес, жаңа замандағы Қазақстанның кеңістігіне танымал қоғам қайраткері.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері