• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Ақпан, 2022

Индустрияның дамуы инвесторға тәуелді ме?

525 рет
көрсетілді

Экономикаға құйылған инвести­ция­ның елді дамыту­ға ықпалы зор екені анық. Әсіресе ішкі өнді­рісі ақсап тұрған өңірлер үшін сыртқы қаржы көздерінің нақ­ты бағыт­қа жұмсалуы екібас­тан тиім­­ді бола түседі. Тіп­ті ай­мақ­­тағы өнеркәсіп орын­дарына қан жүгірткен жоба­лардың қата­­рында дүние жүзіне танымал бренд­тердің жиі кездесуі істі ілгері­летіп қана қоймай, инфра­құры­лымның дамуы мен жұмыс орындарының көптеп ашылуы­на кепілдік беретіні тағы шындық. Осындай баста­ма­лардың бірқа­тары Алматы облысында жүзеге асып жатыр.

Дерекке жүгінсек, 2021 жылы Жеті­судағы түрлі жобаларға 728 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы, облыстың инвести­ция­лық портфелінде 612 жоба нақтыланып, оған 5,5 трлн теңге болатын қаржы бағытталған. Бас­тамалардың кезең-кезеңімен іске асырылуы өңірде 40 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Былтыр 1,9 мың жұмыс орнын ашуға қол жеткізген 45 жобаға жан біткен. Бұған 45,9 млрд теңге инвестиция құйылды. Ал биыл облыс экономикасына 761 млрд теңге көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделген. Осы жерде Жетісу аймағында әлемге әйгілі трансұлттық компаниялардың қаржысына іске қосылып жатқан өндіріс ошақтары жайлы айту парыз. Статистикаға қарасақ, жалпы, еліміз бойынша трансұлттық компаниялардың қатысуымен 16 жоба жүзеге асып жатқан болса, оның 9-ы Алматы облысында. Оның бірегейлері бүгінде әлем нарығына өз өнімдерін шығарып жатыр. Мысалға, Қапшағай қаласының маңында орналасқан «Маревен Фуд» зауыты шетел инвестициясына салынған болатын. Өндіріске 15,4 млрд теңге шетел инвестициясы тартылды. Бұған дейін 32 жоба тікелей шетелдік компаниялардың қатысуымен жұмысын бастаған болатын. Олардың қатарында әлемге әйгілі «Кока-Кола», «Фуд Мастер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Тикурилла» сияқты жиырмадан астам бренд компаниялар бар.

Енді осы компаниялардың тізімін «Технониколь» трансұлт­тық корпорациясының жобалары толықтыратын болды. Компа­ния Алматы облысы Талғар ауданы­ның аумағында жылу оқшаулау материалдарын шығаратын екі зауыт құрылысын сәуір айын­да бастауға ниетті екен. Былтыр облыс әкімдігімен жасалған ын­тымақтастық туралы меморан­думда кәсіпорындар аумағын электр, су, газ, кәріз желілерімен, кіру жолымен қамту, темір жолды іске қосу жұмыстары қарас­тырылған екен. Жақында облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Тех­но­николь» компаниясының өкіл­дерімен кездесіп, шаруа жайын тағыда пысықтады. Кездесу ба­ры­сында зауыттар орналасатын «Қайрат» индустриалды ай­ма­ғына темір жол, су, кәріз, электр жүйелері тартылғаны, тек іске қосып тексеру жұмыстары қал­ға­ны белгілі болды. Көктемде топы­рақ және қиыршықтас төгу ар­қылы жол төселеді. Сол сияқты газ құбырын тарту мәселесі ше­ші­леді. Жобаға сәйкес дуалды оқытуға мүмкіндік беретін оқы­ту орталығын ашуға қажетті колледж Талғар ауданының аума­ғынан ұсынылады.

– «Технониколь» – танымал компания және облыс үшін ма­ңыз­ды инвестор. Екі зауыттың ашылуы нәтижесінде, өңірде жаңа технологиялы құрылыс материалдарының өндірісі іске қо­сылып, жаңа жұмыс орындары ашы­лады. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының өсіміне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – дейді Қ.Бозымбаев.

Айтпақшы, «Технониколь» трансұлттық корпорациясы на­рықта 30 жылға жуық уақыт­тан бері жұмыс істеп келеді екен. Корпорация құрамындағы 58 зауытта 3 мыңдай өнім түрі шы­ғарылып, тауарлары 95 елге экс­портталады. Ал Талғар ауданын­да орналасатын екі зауытқа жал­пы құны 44 млрд теңге инвес­тиция тартылады деп күтілуде. Кә­сіп­­орындар жылу оқшаулау мате­риал­дарын өндіреді. Зауыт іске қо­сыл­ғаннан кейін 200 адам­ға тұ­рақты жұмыс орнын ұсынбақ.

Жалпы, еліміздің индустрия­лық-инновациялық даму жолында инвесторлардың алатын орны ерекше екені аксиома. Алайда бұл саланың нақты нәтижеге қол жеткізуі мен экономикалық табысының артуына инвесторлар ғана мүдделі болмауы керек. Яғни еліміздің индустриялық дамуын инвестицияға тәуелді етіп қоюдың соңы шексіз моно­по­лияға ұласатынын уақыт көр­сетіп отыр. Демек әкімдер ішкі өндірісті ілгерілету үшін бюджет қаржысын да тиімді пайда­лануы керек. Қазір елімізде ин­дустриялық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарла­­ма­сы жүзеге асып жатыр. Мәселе, осы бағдарлама аясында нақты қан­­дай іс жасалғанында болып тұр. Тақырып ретіне қарай біз аталған бағыттағы жұмыс­тар­ды тілге тиек етуді де мақ­сат тұт­тық. Бірқатар шаруа жасал­ған екен. Мысалы, өткен жылы Жеті­су­да индустриялық-иннова­циялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 18,7 млрд теңгеге 5 нысан іске қосыл­ды. Аймақ әлеуетін арттыру­да ма­ңыз­ды рөл атқаратын нысан­дар­дың қатарында жылына 100 млн литрге дейін алкогольсіз сусын­дар шығаратын Pure Pack зауы­ты, жылына 200 мың дана газ пли­таларын құрастыратын «Тұр­мыс­тық техника» зауыты, жы­лы­на 3 мың тонна кондитерлік өнім жа­сай­тын «Якар» фабрикасы және Шелек дәлізіндегі «Нұр­лы» жел электр стансасы құрлы­сы­ның екін­ші кезегі мен Шажа өзе­нін­де қуаты 25,8 МВт болатын су электр стансаның құрылысы бар екен.

– Бұл жерде «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарла­ма­сы­ның да өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі туралы айтпасқа болмас. Аталған бағдарлама аясында 2021 жылы 135,2 млрд теңгеге 220 жоба мақұлданды. Бұл да өткен жылдағы жетістік­тердің бірі. Ал биыл облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемін 3 пайыз өсіммен 1 трлн 563,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Экономикадағы тұрақты өсу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және қабылданған әлеу­меттік қолдау шаралары ха­лық­тың табыс деңгейін сақтауға, жұ­мыс­сыздықтың өсуіне жол бер­меуге мүмкіндік береді. Был­тыр аймақта барлығы 54,8 мың жұмыс орны ашылса, оның 30 мыңы тұрақты еңбек күшіне айналды, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасының басшысы Жомарт Әмірханов.

 

Алматы облысы