Қазір жеке кәсібінен нәсіп тапқан кәсіпкерлер әр салада да бар. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Бірақ кәсіп иелерінің алдынан кесе-көлденең шығатын көкейкесті мәселе аз емес. Олар кәсібін өркендету үшін бетпе-бет келетін қиындықтарды түрлі басқосуларда ортаға салғанымен, түпкілікті шешімін таппай отыр.
Мәселен, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының атқарушы директоры Рафхат Бозбалиевтың айтуынша, Қазақстанда «Виртуалды қойма» модулінде электронды түрде рәсімделетін тауарларға ілеспе жүк құжаттарын енгізудің қанатқақты жобасы қолға алынып отыр. Бұл шара Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлар айналымының толассыз бақылануын қамтамасыз етуге тиіс. Алайда мұндай жаңашылдық көпқабатты үйлер жанындағы дүкендер мен шағынмаркеттер иелері тарапынан алаңдаушылық тудырды. Неге?
Өйткені кәсіпкерлердің пікіріне сүйенсек, бұл ең алдымен, шағын бизнес иелерін көптеген қиындыққа ұшыратады. Сондай-ақ азық-түлік бағасының қымбаттап, үй жанындағы дүкендердің жабылып қалуы мүмкін. Шағын дүкеннің иесі Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, азық-түлік сататын нүктелерде есеп жүргізетін қолы бос адам жоқ.
– Шағын дүкендерде сатушыларға сауданы тәулігіне 16 сағат бойы жүргізуіне тура келеді. Ал есеп жүргізу үшін басқа адамды жалдауға мүмкіндік жоқ. «Виртуалды қойманы», электронды шот-фактураларды енгізсек, біз бұған үлгермейміз. Клиенттерге қызмет көрсетуге әрең үлгеретіндіктен, оларды 15 минуттан артық кешіктіре алмаймыз. Тіпті біздің көпшілігімізде бұл салада арнайы білім де жоқ. Ал біздің шағын бизнесте 300 мың теңгеге есепші жалдау тіптен мүмкін емес, – дейді Ләззат Досмағамбетова.
Сондай-ақ заңсыз алкоголь өнімдерін анықтау үшін Wipon Pro қосымшасы әзірленген. Оны сауда нүктелерінің иелері міндетті түрде орнатуы керек. Дүкен иелері бұл қосымшаны енгізу көп қаржы мен уақытты ысырап етеді деп есептейді. Өйткені бұл қосымша үшін жылына 8 мың теңге төлеуге тиіс. Бұл кейбір брендтерді анықтай алмайтындықтан, сандарды қолмен енгізу керек.
Ал шағынмаркеттің иесі Азамат Маккенің айтуына қарағанда, тауарларды сатудан түскен табыстың 15%-ы коммуналдық қызметтер, банктік пайыздар, салықтар мен қызметкерлердің жалақы шығындарын толық өтемейді. Табыс таппай жұмыс істеу – банкроттыққа бастар жол.
– Біз өзіміз орнатқан контейнерден қоқысты шығару үшін айына 60 мың теңге төлейміз. Оған жарық, газ, су, үй-жайды жалға алу ақысын, салық пен қызметкерлердің жалақысын төлеуді қосыңыз. Банк картасымен немесе QR-кодпен төлем жасау үшін банк бізден 3%-ға дейін қаржы ұстап қалады. Картадан алынатын ақша үшін тағы 1% қаржы ұсталады. Нәтижесінде, айына 400 мың теңгені банктерге береміз. Енді «Виртуалды қойма» модулінде электронды түрде рәсімделген тауарларға ілеспе жүк құжаттарын енгізсе, бұл шағын бизнесті қиындыққа ұшыратады. Бұл өз кезегінде, азық-түлік бағасының өсуіне әсер етеді, – деп есептейді Азамат Макке.
Кәсіп иелері кәсіпкерлік нысандар үшін жер бөлуде туындаған проблема барын алға тартады. Алайда жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлермен ашық диалог орнатуға ынталы емес. Мәселен, «Могикан» шағын зауытының басшысы Айсұлу Оразбаеваның пікіріне сүйенсек, жергілікті әкімдіктер тарапынан отандық кәсіпке қолдау қажет-ақ.
– Шағын және орта бизнестің өкілдері өндірісті дамыту арқылы ғана еліміздің көркеюіне үлес қосатынын білеміз. Себебі жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлер саны көбейеді. Алайда өндіріс орнын ашқан кәсіпкерлерде тауар сату проблемасы туындап отыр. Мәселен, мен жуғыш заттарды шығаратын шағын зауыт аштым. Бұл – Атырау облысындағы алғашқы өндіріс. Бірақ біздің тауарымыз тек базарда ғана өтімді болып тұр. Өнімдерімізді жергілікті мекемелер, ауруханалар алса, өндірістің қанат жаюына жол ашылар еді, – деген пікірін білдірді Айсұлу Оразбаева.
Монополист компаниялар тарапынан кәсіпкерлердің өтінішіне немқұрайлы қарайтындар бар. Кәсіпкерлікті 12 жыл бұрын бастап, тәжірибе жинақтаған Майра Мұханбетова құрылысы аяқталған спортзалға жылу жүйесін қостыра алмай жүр.
– Мен 2018 жылдан бері жастардың спорт командасына демеуші болып келемін. Атырау қаласында футзалдың аздығын көріп, жастарға арналған спортзал ашуды қолға алған едім. Осы мақсатымды іске асыру үшін 2020 жылы субсидия алып, спорт кешенінің құрылысын аяқтадық. Енді жылу жүргізу үшін газ желісіне қосылу керек. Сол себептен былтырғы наурызда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өңірлік филиалына өтініш бердім. Алайда арада бір жыл өтсе де, бұл мекеме бізге газ жүргізуге рұқсатын берген жоқ. Жанымызда салынған тұрғын үйлерде газ бар. Сол газ желісі бізге жетпей тұр. Біздің осы мәселеміз шешілмей-ақ келеді, – дейді Майра Мұханбетова.
Атырауда кенжелеу дамыған саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың мәліметінше, аталған салада 3 200-ге жуық заңды және жеке тұлға тіркелген. Оның жартысына жуығы ауыл шаруашылығында кәсіп ашқан.
– Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін жергілікті және республикалық бюджеттен 2 млрд 539 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 1 млрд 50 млн теңге мал шаруашылығын өркендетуге жұмсалады. Ал 320 млн теңге егін шаруашылығын дамытуға бағытталады. Сондай-ақ 720 млн теңгені инвестициялық шығыстардың бір бөлігін өтеуге жұмсау көзделген, – дейді Амангелді Саламат.
Басқарма басшысы субсидиялау мәселесінде бірқатар проблема барын жасырмайды. Осы мәселені шешу үшін субсидиялаудың негізгі ережелері мен қағидаларына өзгерістер енгізу жайы қарастырылып жатыр. Наурыз айының соңына дейін жаңа өзгерістер енгізілмек екен.
Бұл, әрине салаға бет бұрушыларды алаңдатып отыр. Өйткені осы саладағы субсидияның кейбір бағыты алынып тасталмақ. Алайда «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалы агроөнеркәсіп кешені жобаларын сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Ғалилула Тұрағалиев төрт түлікті асылдандыру мақсатындағы селекциялық жұмысты жандандыру мен жем-шөп құнын арзандату бағытын субсидиялауды қалдырған жөн деп санайды.
– Мал шаруашылығын субсидиялау мақсатында ұсынылып отырған жаңа механизм бар. Ондағы субсидияларды алу шарттарына бордақылау алаңдарында тірі малды сатуға қатысты бірінші тармаққа сауда, қоғамдық тамақтану және басқа да нысандарды қосу қажет. Салада мамандандырылған кәсіпорындар бар. Ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін жерасты суларын ауыл шаруашылығы қажетіне пайдаланады. Осы мақсатта құдықтар, ұңғымалар қазу, желілер тарту мәселесі туындайды. Сондықтан бұл жұмыстарға жұмсалатын шығынды субсидиялаған жөн, – дейді Ғалилула Тұрағалиев.
Ал «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың пікірінше, шаруа қожалықтары төрт түлікті асылдандыру үшін асыл тұқымды төл сатып алады. Осыған байланысты қожалық иелері инвестициялық субсидия бағытында мал шаруашылығында субсидиялау механизмі жобасына асыл тұқымды аналық бастың төлін қосуды жөн көреді.
– Қысқы кезеңге жем-шөп дайындау шығындарының бір бөлігін субсидиялау жүзеге асырылса жөн болар еді. Субсидиялау қағидалары мен нормативтері жергілікті атқарушы органдар арқылы қалыптастасқаны дұрыс. Мамандандырылған кәсіпорындар арқылы жерасты суларын ауыл шаруашылығы қажетіне пайдаланудың шығынын субсидиялау бөлігінде «Қазсушардың» қызмет көрсету міндетін алып тастау қажет, – деген ойымен бөлісті Мұрат Сарманов.
«Бақай-Құс» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітов «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары» критериінен жұмыртқаларды сұрыптауға арналған автоматты машина болуы қажет дегенді алып тастауды ұсынып отыр. Өйткені бұл – өте қымбат жабдық. Оны сатып алуға әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Ал «Құбашев Е.» шаруа қожалығының жетекшісі Есболат Құбашевтың айтуынша, субсидиялау бағыттары қысқарар болса, ауыл шаруашылығы саласындағы құрылымдар қиындыққа кезігеді. Сол себептен асыл тұқымды селекциялау жұмысын, тұқымдық түрлендіру, жасанды ұрықтандыру мен жем-шөп құнын арзандатуды субсидиялау бағытын қалдыру керек.
Атырау облысы