Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше отандық телеарнаға берген сұхбатында қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарасын білдірді.
Басты назар «Қасіретті қаңтар» оқиғасына аударылды. Сондай-ақ елімізде саяси реформалар қашан және қандай бағытта болатыны жайлы айтылды. Қазақстан қоғамының қажеттіліктерінің бірі осы cаяси реформаларды іске асыру екені жасырын емес. Өйткені кез келген қоғамның көңіл күйінің қандай болатыны саяси институттар қызметіне тікелей байланысты.
Еліміздегі саяси органдардың жұмысына бірауыздан «нашар» деген баға беруге болмас. Себебі мемлекеттік аппарат жұмыс істеп жатыр, соңғы жылдары бірқатар саяси реформа жүзеге асты. Атап айтар болсақ, ауыл әкімдерінің сайлауы, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, саяси бюллетендерге «бәріне қарсымын» деген жазуды енгізу, әйелдер мен жастарға міндетті түрде 30 пайыздық квотаны сайлау тізімдерінде беру қамтылған «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді.
Алайда мемлекеттік институттардың атқарып жатқан жұмысын ашық айтып, халыққа түсіндіру ісі ақсап тұр, яғни коммуникация жетіспейді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының пайда болуы да осы себептен.
Халықты алаңдатқан мәселелер қандай сапада, қалай шешіліп жатыр? Қоғам осы сұрақтарға толық жауап алуы керек. Мемлекеттік аппараттың ашық болуы да осыған келіп саяды. Қоғам мен билік қатар жүруі керек. Кейде мемлекеттік органдар өз қызметін, қабылдаған шешімдерін, кейбір әрекеттерін түсіндіруге тырыспайды. Осыдан наразылық туындайды.
Осы орайда Президент сұхбат барысында еліміз үшін жаңа реформаларды көп күттірмей Наурыз айының ортасына қарай жариялайтынын жеткізді. «Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр», деді Мемлекет басшысы.
Бұл сөзі арқылы Президент бүгінде қоғамның үлкен өзгерістерді асыға күтіп отырғанын жақсы түсінетінін анық аңғартты. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы тарапынан жасалатын жүйелі қадамдар халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын.
Индира РЫСТИНА,
саясаттанушы